Мәдениет

Ауылға үш би келді

Ауылға үш би келді


Өскемендегі Балалар ауылына қазақтың үш ұлы биі –Төле, Қазыбек, Әйтеке қонаққа келді. Ұлыстың ұлы күнін атап өтіп жатқан ауылға табан тіреген билеріміз ақшанқан үйлерді аралап, елге береке-бірлік тіледі. Жас ұрпаққа ақыл-кеңес беріп, өсиеттерін айтты.

Қаз-қатар тігілген киіз үйлер, түтіні будақтаған самауырлар, қазан-ошақ маңында жүрген оюлы камзол киген келіншектер бәрі де айналаның сәнін келтіріп, бір тойдың басталғанын анық аңғартып тұр.

Ортада облыстық драма театры қазақ труппасы әртістерінің және балалардың қатысуымен «Армысың, әз Наурыз!» атты концерттік бағдарламаның шымылдығы түріліп, жиналған жұртқа ән-жырдан шашу шашып жатыр. Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы «Мұрагер» ұлттық аспаптар оркестрінің орындауындағы «Желдірме» күйі, мың бұралған бишілердің «Шабыт», «Келіншек» билері, «Наурыз» әні көңілдерді жадыратып, шаттыққа бөлей түсті.

Көктем қыз Ұлыстың ұлы күні келгенінен хабар жеткізсе, Қыдыр ата елімізге тыныштық пен жақсылығын тілеп, ақ батасын берді. Бұдан кейін тәрбиеленушілерге қазақтың атақты үш биі – Айтеке, Қазыбек пен Төле билер қонаққа келіп, жеткіншектерге жаман менен жақсылық туралы өсиеттерін айтты. Театрландырылған көріністі қазақ труппасының Қ.Ниязбеков, Г.Бақтыбаева, М.Арғынбаева, М.Құмарова, М.Арыстанбек, Н.Айдынқызы, Т.Дүзбаев, Қ.Мұқашев сынды әртістері сахналады.

– «Балалар ауылы» мекемесі облыстық драма театрымен тығыз рухани байланыста, – деді құттықтау сөзінде «Балалар ауылы» мекемесінің директоры Аман Асқарұлы. – Бүгінгі тамашалаған концерт осы екі ұжымның ешқандай дайындықсыз, бірден сахналаған бағдарламасы. Өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруге атсалысып жатқандары үшін театр ұжымына алғыс айтамыз. Оқушыларымыз жыл басынан бері он төрт спектакльді тегін тамашалады.

Бұдан кейін Аман Асқарұлы мекемеге қолдау көрсетіп жүрген басқармалар мен кәсіпорындар басшыларына, «Балалар ауылының» достарына, қамқоршылық кеңесінің өкілдеріне алғысын айтып, шағын сый-сияпат жасады.

Қазақ труппасының көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев әртістердің атынан жерлес композитор Оралхан Көшеровтің «Достарыма» әнін музыкалық сәлем ретінде жолдады.

Бұл күні білім мен спортта жоғары жетістіктерге жеткен оқушылар да назардан тыс қалмады. «Малахит», «Дарын» байқауларының жеңімпаздары мен дзюдодан жүлделі орын алған жас спортшылар грамоталармен марапатталды.

Концерттен кейін балалар гір көтеру, арқан тарту, қол күрестіру сияқты спорттық ойындарға қатысып, күштерін сынады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button