Білім

Ауылға Батылдай жас мамандар керек

Ауылға Батылдай жас мамандар керек


Соңғы жылдары ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөлініп, жаңа үлгідегі технологиялармен қамтыла бастағаны белгілі. Биыл Тарбағатай ауданындағы көптеген мектепте IT-сыныптар ашылды. «Менің мектебім» акциясы аясында шағын комплектілі мектептердің оқушылары да роботты техника сыныптарында білім алуға мүмкіндік алды.

Шыны керек, қазір роботты техниканың тілін балалар еркін меңгере бастады. Оның тағы бір себебі – мұғалімнің біліктілігіне де байланысты болса керек. Біз танысқан осындай жас маманның бірі – бірнеше жыл бұрын Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан тарихи Отанына оралған Батыл Еркінбек. Батыл Павлодар педагогикалық институтының физика-математика факуьтетін бітірген. Қазір ол Жәнтікей ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте еңбек етіп жүр. Биыл аталған мектепте роботты техника сыныбы ашылған-ды. Қазір ол сынып жақсы жұмыс істеп тұр. Жас маман жақында ғана Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде арнайы курстан өтіп, білімін жетілдіріп келген.

– Роботты техника сыныбы балалардың техникаға деген ынта-жігерін арттырды. Қазір 183 оқушы жаңа технологияны меңгеруге кірісті. Бұл мектептегі оқушылардың жартысынан астамы. Жалпы, роботты техника сабағы баланың ойлау қабілетін жетілдіріп, өздігінен жұмыс істеуіне көмектеседі, – дейді Батыл.

Қазіргі күні 3-11 сыныптардың оқушылары роботты техниканы меңгеруде. Мұғалімнің айтуынша, жоғарғы сынып оқушылары арасында өзінің жобасын жасағандар да бар көрінеді. Болашақта технологияны жете меңгерген оқушылар аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысып, туындыларын көпшілік назарына ұсынуға ниетті.

Осы орайда айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар. Ол әлі де болса білікті мамандардың жетіспеушілігі. Мәселен, Батыл сияқты жас мамандар ауданның өзге ауылдары үшін арман болып тұр десек артық айтқандық емес. Әрине, білікті жас мамандар ауылға қашан да керек. Президентіміз келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Ендеше бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табар деген ойдамыз.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button