Мәдениет

Ауыл жастары Астанаға барады

Ауыл жастары Астанаға барады


Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының VII есепберу-сайлау конференциясы өтті. Оған партияның өңіріміздегі филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов қатысты.

Қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген белсенді жастардың бұл басқосуында екі мәселе қаралды. Оның бірі жастар ұйымының алда атқаратын жұмыстары туралы жоба-жоспарларын пысықтау болса, екіншісі ағымдағы жылы Елбасының қатысуымен Астанада өтетін «Жас Отан» жастар қанатының ІV съезіне облыстан қатысатын өкілдерді анықтау болды.

Айта кететін бір жайт, бұл мәселе бұған дейін аталмыш партияның өңірдегі барлық бөлімшелерінде талқыланғандықтан жасотандықтар облыстық кеңесте бағдарламаны бірауыздан құптайды. Ал Астанаға баратын делегаттар туралы облыстық «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы Маржан Бахыт айтып берді.

– Бұл құрамға ең бірінші «Жас Отан» жастар қанатының облыстағы 19 аумақтық атқарушы хатшы міндетті түрде енеді. Екіншіден, бастауыш ұйымдардың көшбасшылары мен жоғары оқу орындарының, сондай-ақ, аудандардағы белсенді жастар болады. Біз негізінен ауылдық жердегі жастарға баса назар аударып отырмыз. Жалпы, осы күнге дейін Елбасының стратегиялық бастамаларының арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Экономика мен саясатта ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Аз уақыт ішінде саяси және әлеуметтік жүйесі берік, қуатты елге айналдық. Мақсаты айқын, нақты даму жоспары бар мемлекетіміздің бұл жетістіктерінің барлығы ел Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты, – дейді ол.

Конференция барысында «Жас Отанның» 41 мүшесі Астанаға баратыны белгілі болды. Көкпекті ауданы бойынша аталмыш партияның жетекшісі Азамат Халықов бұл басқосу ауылдағы жастардың жүйелі жұмыс істеуіне айқын бағыт-бағдар беретінін айтады.

Бұдан соң «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов жастарды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жүктелген міндеттерді бірлесіп, орындауға шақырды.

Конференция барысында облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков, Өскемен қалалық жастар орталығының басшысы Ринад Ахметжанов пен Үлбі металлургиялық зауытының жұмысшысы Михаил Байтеряков және басқа да белсенді жастар шығып, өз тараптарынан атқарылған жұмыстарға және алға қойып отырған мақсат-міндеттерге тоқталды.

– Алдағы уақытта облыс көлемінде «Шығыс жастары» жобасы аясында қала мен ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін бірқатар шара жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Шамшырағым шығысым» акциясы мен «Жастар керуені» жобасы қолға алынады, – деді Еркебұлан Балтабеков.

Конференция соңында Әнуарбек Мұхтарханов мемлекеттік жастар саясатын дамытуға үлес қосып жүрген белсенді партия мүшелеріне Алғыс хаттарды табыстады.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button