Ауыл туризмін дамытудың нақты жобалары бар

Қазір саяхатшылар, соның ішінде қандастарымыз шетелге демалуға жиі барады. Мақсаттары – ел танып, жер көру. Ол жерлердің инфрақұрылымы мен қызмет көрсету сапасын біздің елмен салыстыруға келмейтін шығар. Бірақ туған жердің топырағына аунап, өз еліңнің қоржынын табысқа кенелткенге не жетсін…
Елімізде жыл он екі ай бойы саяхатшылары үзілмейтін өңірлер бірен-саран. Глубокое ауданы осы орайда өзінің көркем табиғаты мен географиялық тиімді орналасуын туризм саласын дамытуда ұтымды пайдаланып отыр. Ауданда, әсіресе, ауыл туризмін дамытуға ерекше назар аударылып, бірқатар нақты жобалар қолға алынған.
Глубокое – тынығуға өте қолайлы өңір. Қала іргесінде орналасқан ауданның туристердің мәдени, экзотикалық қызығушылығын оятатын көзтартар жерлері жетерлік. Аты көпке мәлім «Алтай Альпісі», «Изумрудный», «Нұртау» сияқты демалыс орындары қыс мезгілінде тау шаңғысымен қызықтырса, жазда санаторий ретінде қызмет ететін демалыс орнынан адам қарасы үзілмейді. Фристайл, сноуборд сияқты ойын түрлерінен республикалық жарыстар өткізу дәстүрге айналған «Алтай Альпісі» мен «Изумрудный» базалары ауданның спорттық туризм бағытын дамытуына жол ашып отыр. Глубокоеда туризм саласының бірнеше бағытын дамыту көзделіп отыр. Соның ішінде ауыл туризміне ерекше мән берілген.
Ауыл туризмі әлемдік туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Елімізде бұл саланы дамытуға байланысты арнайы бағдарлама да қабылданды.
– Агротуризмді дамыту ісінде шетелдік тәжірибені игергеніміз жөн. Осыған орай, Глубокое ауданында ауыл туризмін дамытудың нақты жобалары жасалды. Туризм арқылы ауылдық жерлердің беделін арттыру, оны ауылда кәсіп көзіне айналдырып, тұрғындарын жұмысқа тарту көзделіп отыр. Осы жоба аудан мен ауылдардың әкімшілігі, турфирмалар, қонақүй иелері және өз ауылын сүйетін, оның көркем табиғатымен өзгелердің де тамсанғанын қалайтын адамдардың көмегімен жүзеге асатын болады. Саяхатшылардың ауыл үйлері мен усадьбаларында демалуын қамтамасыз ету үшін ауыл жұртшылығының әлеуетін пайдануымыз қажет,-дейді аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Евгения Козлова.
Ауыл туризмінің таралуының өзіндік географиясы бар. Мұндай демалыс түрінің дамуы Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка мемлекеттеріне тән. Ең алдымен табиғи нысандарға деген сұраныс пен қызығушылықтың өсуі осы елдердегі ішкі туризмнің дамуының алғышарты болды. Соның нәтижесінде агротуризмді аса танымал туризм түрі ретінде қалыптастырды. Тынығудың ең тиімді орны ауыл аймақтары мен фермалар болып табылатын агротуризм балалар тарапынан да айрықша сұранысқа ие. Қазіргі таңда ауыл туризмі Еуропада кеңінен таралған құбылыс болып отыр. Жыл сайын Италия, Франция, Испания бірнеше миллион агротуристерді қабылдайды. Ресей мен Белорусь елдері де туризмнің агротуризм сынды табысты түріне айрықша көңіл бөлуде, әрі оны жан-жақты қолдап, дамытуда.
Ауыл туризмінің дамуы өңір халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының өн бойына қан жүгіртері анық. Бүгінгі күні кез келген ауыл тұрғыны ауыл туризмінің дамуына үлес қосып, кәсіп көзіне айналдыра алады. Евгения Козлованың айтуынша, ол үшін шағын несиелер беру қарастырылған. Алдын ала есептеулер бойынша бұл істі бастауға бес миллион теңгеден кем емес қаржы қажет.
Аң атып, балық аулап, пейнтбол ойнауға болады
Евгения Козлованың айтуынша, Глубокое ауданында ауыл туризмі бірнеше бағытта дамитын болады. Жоба қағаз жүзінде қалмай, нақты шаралар арқылы көрініс табуда. Қаржыға қол жеткізіп, істі бастап кеткен черемшанкалық отбасы бүгінде осы ауылда қонақүй кешенін салуды қолға алған. Аталмыш құрылысқа 12 миллион теңгеден астам инвестиция салынбақ. Жуықта Прапорщиково ауылында пейнтбол клубы пайдалануға берілетін болады. Прапорщиково ауылында ашылатын бұл клубты спорттық-ойын сауық туризмін дамытудың алғы шарты десе де болады. Сондай-ақ, Прапорщиково ауылы облыс орталығының іргесінде орналасқандықтан, мұнда келушілер қарасы үзілмейді.
– Ауыл туризмі дегенге бір жақты қарамауымыз керек. Бұл тек ауылға келіп табиғатты тамашалап, таза ауамен тыныстау емес. Туристердің уақыттары көңілді, әрі мәнді өту үшін өңірдің мүмкіндіктерін толықтай пайдалануымыз керек. Өңір ауыл туризмінің аңшылық бағытын дамытуға сұранып тұр,-дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Алдағы жылы Черемшанка ауылында аңшылық туризм бағытындағы демалыс орыны салынбақ. Ол жерге келушілер балық аулап, атқа мініп, велосипедпен серуендей алатын жағдайды жасау басты назарға алынатын болады. Мұнда 100 адамды қабылдай алатын бір VIP қонақүй, үш VIP коттедж және жай коттедждер салынады. Демалыс базасында демалушыларға қажетті дүкен, сауна, монша, бильярд сияқты инфрақұрылымның барлығы болады деп күтілуде. Черемшанка ауылында аңшылық бағыттағы туристік базасын салуға 336 миллион теңге инвестиция құйылмақ. Ал Быструха ауылында аңшыларға арналған демалыс базасы бой көтермек. – Экологиялық туризм жобасы да қарастырылған. 2017 жылы құрылысы аяқталатын Бобровка ауылында зообағы бар экоауыл салынады. Аталған жобаға 60 миллион теңге көлеміндегі қаржы жұмсалатын болады. Сондай-ақ 2017 жылы аудан тағы бір демалыс базасымен толығады. Черемшанка ауылында бұрынғы пионер лагері базасында емдік-сауықтыру кешенін салу көзделген. Бұл жердің таза ауасы мен әсем табиғаты демалушылардың дертіне шипа болмақ,-дейді бөлім басшысы.
Осы жобалардың барлығы жүзеге асырылғанда жүз жаңа жұмыс орыны ашылып, аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізбек.
Осы өңірде туризмді дамытудың әлеуеті мол болғандықтан, аудан әкімшілігі жобаларды жүзеге асыруда кәсіпкерлерге барынша қол ұшын созатын болады. Өйткені, осы саланың дамуы арқылы халықаралық талаптарға жауап беретін заманауи туристік кешен бой көтеріп, өңір мәртебесі бір өседі, табысы еселенеді.
Лаура Тілеубайқызы
Глубокое ауданы.