Ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 20 млрд теңге бөлінеді
Қазақстанда отандық өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне «Жасыл Даму» АҚ қаражатынан 20 млрд теңге бөлінетін болады.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды, деп хабарлайды Didar ақпарат zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақындағы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын арттыруды тапсырды.
Бөлінген қаражатқа фермерлер лизингке 500-ден астам техника сатып ала алады: шамамен 80 комбайн және 450 трактор.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылғы тамызда еліміздің машина-трактор паркін жаңарту мақсатында ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингінің жаңа бағдарламасы іске қосылды.
Лизингке техникалық регламенттерде белгіленген экологиялық талаптарға сай келетін және барлық қажетті сәйкестік сертификаты бар техника беріледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша жалпы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингінің жыл сайынғы көлемі 170 млрд теңгеден асады.
Жаңа бағдарлама аясында техника лизингке 6% мөлшерлемемен және 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бір лизинг алушыны қаржыландыру сомасы 205 млн теңгеден аспайды. Бір фермер жеңілдікпен өздігінен жүретін 3 ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алады. Қаржыландыруды 2 жыл ішінде бір рет қана алуға болады.
Ынтымақ Толқын