Ауыл мектептері ажарланып келеді
Әне-міне дегенше алғашқы қоңыраудың сиқырлы сыңғыры да соғылар кез жетті. Үш ай бойғы үзілістен соң барлық білім ұяларындағы мидай қайнаған тірлік қайта жалғасады. Жаңа оқу жылына мектептеріміз сақадай сай ма?
Осы сауалдарға жауап іздеп, Ұлан ауданының орталығы мен Айыртау ауылында болып, мектептердің жаңа оқу маусымына әзірліктерін көзбен көріп қайтқан едік. Облыс орталығының іргесінде жатқанымен ауданда білім саласына қатысты қордаланған мәселелер баршылық болатын. Тірек ауылдардың қатарына енген Айыртаудың өзінде 1977 жылы салынған мектептің сыртқы қасбеті тозып, спортзалының төбесінен су тамшылап, оқу процесіне өз кедергісін тигізіп келген. Ұлан, Донское, Тарғын, Алмасай, Каменка ауылдарындағы мектептердің де шатыры жауын-шашынға тосқауыл болудан қалған. Аудан орталығы Қ.Қайсенов кентінде қазақ мектебінің ғимараты тарлық еткені және бар. Алғабас, Ново-Одесское, Привольное, Украинка ауылдарына да жаңа мектеп қажеттігі туындап отыр.
Биыл осы мәселелердің түйінін тарқатуға арнайы қаржы бөлініп, «Жол картасы» аясында білім ошақтарын жөндеуден өткізу жоспарланған. Оқу жылының басына қарай сол жоспардың көбінің орындалғанын көрдік. Айыртаудағы Гагарин атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 31 миллионнан астам қаржы бөлініп, оны «Өскемен-Пласт» ЖШС игерген. Бұл ұйым Алмасай ауылының Абай атындағы орта мектебінің де төбесін жөндеу жұмысын өз мойындарына алған.
Мектеп директоры Гүлназ Қисықова мердігер ұйымның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында спортзалдың төбесін жөндеуге 250 мың теңгенің көмегін көрсеткенін айтады. 35 жылдық тарихы бар мектеп жылыту маусымына да тас түйін дайын. Электрлі қазандықтың жұмысынан кінәрат көрмегендерін айтады мектеп ұжымы. Ал қапелімде жарық үзілген жағдайда қосымша генератор тәулік бойында токпен қамтамасыз етуге дайын. Биыл ауылдан 22 бала мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Білім ұясының басшылығы мектептің есігі ауылдықтарға 24 сағат бойы ашық тұратынын мақтанышпен жеткізді.
Жоғарыда аталған бес мектептің де төбесі «Жол картасының» аясында жаңартылған. Бұл ауылдардың халқы мектептері жөндеуден өтіп, көңілдері жайланған болса, аудан орталығындағы қазақ мектебінің тілеуін тілеушілердің көңілдері әрі-сәрі күйде жүр. Оқу жылының басында қолданысқа берілуі тиіс мектептің маңайында жұмыс әлі саябырламаған. Ғимараттың есік-терезелері қойылып, едені төселіп, бөлмелері бөлінгенімен соңғы әрлеу жұмыстары аяқталмаған. Мектеп өміріне аса қажет асхана бөлімі түгелдей жабдықталмаған. Бұл – бірінші қабаттағы жағдай. Екінші қабаттағы жағдай әлдеқайда жақсы көрінді. Самаладай жарық, даңғарадай кең бөлмелер оқушыларды ғана күтіп тұрғандай. Мұндағы кітапхана орналасқан бөлікте әлі біраз еңбектену керектігі көрініп тұр. Ал ауладағы абаттандыру жұмыстары әлі басталмаған. 600 балаға арналған мектепті межелі уақытта салып бітіруге тиіс «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС басшысы Александр Майер негізгі жұмыстың аяқталғанын айтады.
– Біз оқушыларды партаға отырғыза беруге болады деп санаймыз. Екінші қабаттағы пән бөлмелерін толықтай жабдықтадық. Ал құрылыс жүретін бөліктер мектеп өмірінен ажыратылатын болады. Тіпті, болмаса құрылысты сабақтан тыс кездерде, түнделетіп атқаратын боламыз. Әрине, мектепті әлде-қайда ертерек бітіруіміз керек еді. Кінә бізден. Енді соның орнын толтыру үшін күніне үш кезекпен жұмыс істеп жатырмыз, – дейді ол.
Аудан әкімі Серік Төленбергенов мектепті оқу жылының басында қолданысқа беру жайын арнайы комиссия шешетінін айтты.
– Барлық ауылдық округтер мектеп құрылысына жұмылдырылуда. Күн сайын 2-3 ауылдық округтен 10-20 адам келіп, құрылысшыларға көмектесіп жатыр. Оған аудан орталығындағы екі мектептің ұстаздары келіп қосылуда. Бұдан бөлек Ново-Одесское ауылындағы 130 орындық орта мектептің құрылысы толығымен аяқталды. 1-қыркүйекте есігін айқара ашатын болады. Алғабастағы 80 орындық мектеп оқу жылының екінші тоқсанында салынып бітеді деп күтілуде, – дейді аудан әкімі.
Бет қатталып жатқанда: Қ.Қайсенов кентіндегі жаңа мектептің құрылысы тағы бір айға ұзартылғаны мәлім болды. Арнайы комиссия мұндағы жұмысты саралай келіп, әлі де болса оқу үрдісіне дайын емес деген шешім шығарған.