Бәрекелді

«Ауыл хикаяларының» жеңімпаздары анықталды

 Мейрамтай Иманғали

Сонымен, «Ауыл хикаялары» атты «Оралхан Бөкей атындағы республикалық деңгейдегі тұңғыш әдеби байқау өз мәресіне жетті.  Өскемен қаласының әкімдігі, Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана ұйымдастырған әдеби байқаудың қорытындысы  жазушының туған күні қарсаңында шығарылып, жүлдегерлер марапатқа ие болды. 

       Байқаудың мақсаты – болашақта Оралхан Бөкейше жазатын дарындарды анықтау және ынталандыру, ауылды және ел құндылықтарын дәріптеу, өркендету, туған жерді Оралханша сүюге үндеу, жастарды қазақ тілін түлетуге және сөйлеу мәдениетін сақтауға шақыру. Оралхан Бөкей атындағы осынау республикалық тұңғыш әдеби байқауға еліміздің әр аймағынан 30-ға таяу шығарма келіп түсіпті.

Құрамына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы жерлесіміз Әлібек Асқар, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстандағы филиалының төрағасы, ақын  Әлібек Қаңтарбаев, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Асқар Алтай енген қазылар алқасына, әрине, үздік прозалық шығармаларды анықтау әсте оңайға түспегені анық.

Жүлде иелері 27 қыркүйекте Оралхан  Бөкейдің туған күнін мерекелеу шарасына шақырылды. Алыс-жақыннан келген жас жазушылар Жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы Оралханның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Осыдан кейін Оралхан Бөкей атындағы мектеп-лицейге бас сұғып, оқушылардың өнерін тамашалады. Ал бұдан кейін қонақтар жазушының атындағы орталық кітапхана жұмысымен де кеңінен танысты. Атап айтқанда, «О.Бөкейдің әдеби залында» жазушы жәдігерлерімен және bokey.kz электрондық  кітапханасының  жылдар  бойы жинақталған қорымен танысты. Сондай-ақ VR локация арқылы О.Бөкейдің туған жеріне, ондағы қара шаңырағына саяхат жасап, қашықтан жазушы шығармаларының кейіпкерлерімен жүздесті.   Суретші Бақы Урманче мен Болат Исиннің Оралхан Бөкейдің шығармаларының желісі бойынша салған туындыларды тамашалау да оларды ерекше әсерге бөледі. Бұдан кейін кезек байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне де келіп жеткен. Сонымен, қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды «Аран» атты әңгімесі үшін  Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының қызметкері Қуат Қиықбай еншіледі. Ал екінші орынды   «Аққұмдағы хикая» әңгімесі үшін Ақтөбе облысы, Байғанин аудандық білім бөлімінің әдіскері Бақыт Жалиева иеленді. Ал үшінші орынға «Үкілеген үміт» әңгімесі үшін өскемендік Ақиқат Сәрсембаев лайық деп табылды.

Ал астаналық Разия Акпар, Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкері Алпысбай  Хонж, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері Абай Аймағамбет  пен  Ғалымбек Елубайұлы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

– Бұл байқаудың басты мұраты – Оралхан шығармаларын оқуға насихаттаумен қатар,  қазақ жастарын прозаға тарту. Қазір қазақ поэзиясы ерекше дамып кетті десек те, проза жанры кенже қалып тұр. Қазақ прозасының болашағы не болады деген ой мені көптен бері мазалап жүр еді. Прозада әлі сары тісті, сары қарын жазушылар болмаса,  жастар аз, – деді  байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ақын Әлібек Қаңтарбаев.

Шынында да, осынау байқау біраз бұлақтың көзін ашып, қалам ұстаған жастардың болашағына жол сілтегендей. Мұны өз сөзінде жазушы Асқар Алтай жақсы айтты. «Орағаңның құрметіне ұйымдастырылған байқауға түскен барлық шығарманы мұқият оқыдық, барынша әділ болуға тырыстық», – деген жазушы өз сөзінде осынау байқауда екінші орын иеленген ақтөбелек жас талап Бақыт Жалиеваның шығармашылығына тоқталып өтті.

– Бақыттың шығармашылығындағы ерекшелік – мистика мен фантастиканың араласып келуі және ол реализммен өріледі. Осы мәселе Оралханның өзінің шығармаларында бар. Мен таңғалдым. Бақытты керек болса бірінші орынға сүйредім. Бұл әдеби байқауға Бақыт таза филолог, журналист ретінде қатыспаған. Оның мамандығы – дефектолог. Кез келген адам дефектолог бола алмайды. Дефектолог – адамның нағыз жан дүниесін түсінетін адам. Сондықтан да көркем әңгімеде Бақыттың кейіпкері ішкі жан дүниесін ақтарып салады және мифтік-философиялық тұрғыдан ой толғайды. Мен осыған риза болдым. Жолың бола берсін, Бақыт! Енді үлкен прозада көрін. Мына әңгімеңнің өзі бір үлкен повестьке жүк болып тұр. Саған құдай Оралхан ағамыздың тағдырын емес,  шығармашылық ғұмырын берсін! – деді Асқар Алтай.

Ал жазушы Әлібек Асқар жастардың шығармашылығындағы кейбір  кемшіліктерді  көрсетіп берді.

– Жас жазушылардың кейбірі шығарманы сәтті бастағанымен, түйіндеуге келгенде ойын шашыратып, қиналып жатады. Содан кейін қазақтың көркем сөзін мақала тілімен жазуға болмайды. Неге? Сахнаға артистер үйде жүрген трикосымен шықса, қайтер едің? Бұл да сол секілді. Жазушы  жазып отырған дүние мынау күнделікті күйбең тірліктен бір мысқал жоғары, көркем болуы тиіс. Осыны ескеру қажет. Қазір қазақтың тілі, бір кездегі Әуезовтің, Ғабит пен Ғабиденнің тілі жұтаңданып бара жатқаны шындық. Бүйте берсек, қазақтың тілінен айырылып қаламыз. Бейнелі жазуға тырысыңдар, – деді Әлібек Асылбайұлы.

Бір атап айтарлығы, байқаудың ең жас қатысушысы 14 жаста. Ол – Астана қаласындағы №72 мектеп-лицейінің оқушысы Разия Акпар. Разияның талабы таудай.

– Мен болашақта балалар жазушысы болғым келеді. Том-том ертегілер шығарсам деймін. Британдық жазушы Роулинг секілді қай заманда да өз маңызын жоғалтпайтын кітаптар жазуды армандаймын, – деді Разия бізбен әңгімесінде.

Әрине, біз оған арманыңнан адасып қалма дегіміз келеді.

Осы айдарда

Back to top button