Ауыл әңгімелері
Мұрат Тастағанов Марқакөл ауданында (қазіргі Күршім ауданы) дүниеге келген. ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған соң, 1980-1992 жылдары қазіргі «Дидар», бұрынғы «Коммунизм туы» газетінде қызмет еткен-ді. Одан кейінгі жылдары «Қазақ тілі» қоғамында, облыстық радиотелекомпанияда абыройлы еңбек еткен ол қазір Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүр.
Өлеңдері топтама жинақтарға енген, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыс Әкімі сыйлығының иегері Мұрат Тастағанов жақында «Мәңгі жас ғұмыр» атты кітабын шығарды. Бүгін 60 деген белеске алқынбай жеткен талантты әріптесімізді мерейтойымен құттықтай отырып, бір топ әңгіме-хикаяттарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Редакция
ҮЛКЕН ҚУЫРШАҚ
Жездем Қадыр – мен сияқты балдыздарына ретi келгенде анда-санда ғана күңк ете түсетiн iлiп-шалма жатыпатарлығы болғанымен, нағыз «қой аузынан шөп алмастың» өзi. Түртпектеп, қоймасаң ғана «қарызға» сөз сұрап аласың, әйтпесе бетiңе мөлдiр, сұлу жанары жапақтап қарағаннан басқа қарымта әрекеттен ада.
Апайым Мәйкен қосағына керiсiнше өзi де, сөзi де жылдам, «аузын ашса, жүрегi көрiнетiн» ақпейiл, көкейiне келгенiн кiмге болса да ірiкпей айтып салатын жан едi, жарықтық.
…Бiрде жездем мен апайым шай iшiп отырады. Дастарқан басында қыздары Гүлнәр кiшкентай сәбиiмен, тағы да басқа екi-үш адам болса керек. Өзгелерi үңкiл-шүңкiл әңгiме үстiнде де, Қадыр әдеттегiдей ештеңеде шаруасы жоқ, мылқау кiсiдей, үнсiз шай сораптауда. Ендi талпына бастаған немере жиенi әредiк қозғалып қана қоятын атасының мойылдай қара шаш пен қияқтай мұрт «әдiптеген» кескiндi келбетi қызықтыра ма, әлде сәби түйсiгi басқадан гөрi жақындығын сезе ме, әлде жұрттан өзгеше «жым-жырттығы» ерекшелендiре ме, әйтеуiр одан көз алмай, оқтын-оқтын қолын соза уiлдеп, ұмтыла беретiн көрiнедi. Мұны байқап отырған апайым ақыры шыдамы шарт сынып, жездеме дүрсе қоя бередi:
– Әй, ана балаға бiрдеңе десеңшi! Соншама сезiмсiз болармысың, бағанадан талпынып, тап-тап бередi, тiптi, былқ етпейсiң ғой!
Сонда Қадыр немересiне қарай иегiн әнтек көтерiп:
– Iш-ш-ш, – деп қолын созып қойып, еркелетуiн сонымен тәмамдайды да, қайта шайын сораптауға кiрiседi. Бұған одан әрмен күйiп кеткен апайымның айтқаны:
– Жетiстiрдiң! Бала қайдан бiлсiн, не деген үлкен қуыршақ деп отырған шығар…
Бұл шындығында да үнсiз, қозғалып қана қоятын, өң-кескiнi көрер көзге тартымды жездем үшiн таптырмас теңеу едi. Отырғандар қыран-топан. Қадыр болса, содан кейін көп уақыт ауыл арасында «Үлкен қуыршақ» атанып жүрдi.
ТҮЗЕТУ
Біздің Былғары-Табыты ауылында Қабдыл деген шопан болды. Киiмдi сәндеп киетiн, атты әсемдеп мiнетiн ұқыптылығы, сырбаздығы баққан малына келгенде керiсiнше едi. Оның үстiне ол аздап әпендiлiгi де бар адам-тын. Содан да болар, совхоз ғана емес, бөлiмшедегi ортаңқолды қойшылар қатарында. Қабекеңнiң бұл «олқылығы» басшылардың көзқарасына да өзiндiк әсер етпей қалмайтын, әрине.
…Шаруашылық малшыларының жаппай жайлауға көшiп жатқан кезi. Отарын көк шалғынды Алтай төсiне балалары ма, бауырлары ма, әйтеуiр бiр жанашырлары айдап кеткен. Өзi ондай шаруадан сырттап жүретiн Қабдылдың үй-iшi бiраз уақытқа дейiн ойда қалып қояды. Өйткенi, киiз үйлi жүктi жайлауға жеткiзетiн машина алғашқы кезекте озат, тәуiр деген шопандарға тиедi де, Қабекең қайта-қайта кейiн шегерiле бередi. Ал көшiру ретiне басшылық жасайтын совхоздың бас зоотехнигi Әлiмхан кезiнде Қытайдан келген азамат едi. Ол ондай қоныс аударушыларды жақтырмай қалса «қытай», «Қытайдан келген» деп сырттай қыжыртушылық әсiресе, асқындап тұрған шақ еді.
Сонымен, жайлауға көшетiн мезгiлi ұзарып бара жатқанына шыдамаған Қабдыл бөлiмше кеңсесiне салып-ұрып келедi де, жиналғандардың көзiнше бас зоотехникке дүрсе қоя бередi. Алды бар, арты жоқ, әншейiнде аңқылдақ ағамыз айтылған уәжге құлақ қоймастан, бiрнеше күнгi өкпе-ренiштi ашуын ақтара келiп:
– Адамды алалағанды қашан қоясыңдар осы?! Бiз де Сәбет үкiметiнiң қойшысымыз. Қытайдан келген жоқпыз! – деп салады да, кеңсенiң есiгiн сарт еткiзiп, шығып кетедi. Сыртқа шыға бере Әлiмханның шынында да Қытайдан келгенi есiне түсiп, көңiлiне келiп қалар деген болар, iле-шала есiктi қайта жұлқып ашып, басын ғана сұға:
– Америкадан келген жоқпыз! – деп әлгiндегi «қателiгiн» түзетiп, есiктi тағы тарс еткiзiп жауып, жоқ болады…
ТҮС
Қой төлдетiп жатқан уақыт. Төл төгiнi нағыз қарбалас шақ тудырған. Сондай қауырт күндi Қопа деген жердегi Зикен Тіленбаев ағаның отарына жауапты бiздер де бастан кешудемiз. Бiзге iргелес Ауқат деген ағамыздың төлшiлерi де әбiгер үстiнде. Қос аға шопан өзара ағайындас адамдар болса, маған – құда. Жас кезiм, жұмысқа жанып тұрмын.
Айтайын дегенiм, Ауқат аға отарында Қаулан деген өмiрi үйленбеген, тұрақты отбасы жоқ, әркiмнiң үйiне бiр қонып, әр жұмысты бiр iстеп жүре беретiн, сөзi бiрде түзiк, бiрде бұзық, ақыл-ес жағынан кембағалдау адам болды. Дегенмен, шаруаға мығым. Қопаның астыртындағы жазықта буаз саулықтарды бағады, туған қозыларды атқа теңдеген қос қоржынға толтыра салып, қораға тасымалдайды. Қашан көрсең де бiр тыным жоқ.
Сол Қаулан бiр күнi, әдеттегiдей, жас төлдердi әкеле жатса, жолай жаңадан туған саулықтар мен қозыларды бағып жүрген көршi отар иесi Зикеннiң алаңсыз ұйықтап жатқанының үстiнен түседi. Қой-қозылар бүкiл беткейге шашырап кеткен. Мұны көрген малсақ жан Зикендi ат үстiнен құрықпен түртiп оятып, жанашырлықпен:
– Мына жатысың не, малыңа неге қарамайсың? Ұйықтайтын уақытты тапқан екенсiң! – деп дүрсе қоя бередi.
Қауланның «сырын» жақсы бiлетiн Зикен ағамыз дереу бiр қулыққа көшедi. Көзiн уқалап жiберiп, сәл үнсiз отырады да, өкiнiшпен тiл қатады:
– Түу-у, Қаулан-ай, бекер оятқаныңды қарашы. Жаңа ғана сенi түсiмде көрiп едiм…
Түс десе, әсiресе, өзi туралы түс көрген адам болса (олардың денi ойдан шығарылған), естiп-бiлгенше есi қалмайтын Қаулекең:
– Е, ол қандай түс? – деп елп ете түседi.
– Жаңа ғана сен астыңда ақбоз ат, қолыңда қыран бүркiт, сән-салтанатпен келе жатыр екенсiң. Қыраныңды ендi ұшыра бергенде оятып жiбердiң, – дейдi Зикен аға бетi бүлк етпей.
– Ендеше, Зикен, сен қайта жатып, алаңдамай ұйықтай ғой. Түсiңдi жалғастырып көре бер, мен малыңды жинап берiп кетейiн, – деген Қаулан өзi қанша асығып келе жатса да, шопанның шаруасын тап-тұйнақтай тындырып, үйге қарай жөнеледi.
Бiзге қызық керек, Зикен ағаның түсi жайында айтқан әңгiмесiн естiп алғандықтан кешкі мал жайғалысымен Қауланды тосудамыз. Бiр кезде күткен қонағымыз да кiрдi-ау. Бәрiмiз үн-түнсiз отырмыз. Әлденеден үмiттi Қаулан да үндемей Зикен ағаға қарай бередi. Ол кiсi болса, былқ етер емес. Сәлден кейiн шыдамы таусылған қонағымыз өзiнше бiзден құпиялап сауал тастады:
– Зикен, бағанағы не болды?
– Немене бағанағы?
– Әлгi, ұйықтап жатқанда, мен байқамай оятып жiбергендегi…
– Онда не болып едi?
Қаулан бiзден қанша жасырса да, Зикенмен жасырынбақ ойнағаны жөн еместiгiн ұққандай болды ма, әйтеуiр көкейiндегi «көмбесiн» ашып тастады:
– Түс көрiп жаттың емес пе, мен туралы! Астымда ақбоз ат, қолымда бүркiт, бүркiттi ендi ұшыра бергенде мен оятып жiбердiм ғой…
– Иә, – дейдi Зикен аға бей жай үнмен.
– Содан ары не болды деймiн?
Түс көрушiнiң кещелiгiне шыдамаған Қауланның жан дауысы шықты.
– Ұшып кеттi, – дей салды ағамыз тағы да немқұрайды қалыпта.
Әңгiмешiнiң аузына кiрiп кетердей болып отырған Қауланда үн де, қимыл да жоқ. Күлер-күлмесiмiздi бiлмей бiз отырмыз.
«ТЕМIР ҒОЙ, ТҮК ЕТПЕС…»
Қылықтары қызық, айналасындағылардың әспеттеуiнен гөрi, әжуасына көбiрек ұшырап жүретiн Қаулан бiрде жездем Қадырдың «Газ-52» машинасымен Қопаға келе жатады. Қопа – қой төлдетiп жатқан отар орналасқан мекеннiң аты. Науқан күйiп тұр. Сондықтан Қауланның ұғымы үшiн кешiгу – қылмыспен тең.
Ауылдан шығар алдында ғана Қадырды «бол-болдың» астына алған, қазiр де тым асығып келе жатқан Қаулекең жол бойын жағалай тұрғызылған, ел «Зағар» деп атап кеткен қалың бейiттiң жанына жақындай бергенде:
– Әй, Қадыр, ендi ақырын жүргiз, зираттың жанынан құйындатып өтуге болмайды, – деп жөн айтады. Мұны онсыз да бiлетiн жүргiзушi серiгiнiң ақылгөйсуiне қитыға қалып, машинасының жылдамдығын ең төменгiсiне түсiредi де, мүлдем iлбiтiп қояды. Ал зираттың ұзындығы әжептәуiр. Автокөлiк тасбақа аяңмен әлi жыбырлап келедi. «Зағар» таусылар емес.
Қаулан болса, жаны шырқырай тықыршып, әрең отыр. Қадырдың онда еш шаруасы жоқ, көрсе де көрмегендей, мiз бақпайды.
Бiр кезде жүргiзушiге берген «нұсқауын» қалай бұзудың ретiн таппай, әбден қипақтап бiткен Қаулан бейiттердiң орта тұсына ендi жеткенде:
– Қадыр-ей! Айдай берсеңші, ат емес, жаны жоқ темiр ғой, түк етпейтiн шығар, – деген екен шыдай алмай.
Мұрат Тастағанов