Спорт

Ауыл балаларын шаңғыға баулып жүр

Ауылдан көшкеніме аттай жиырма жыл болыпты. Осы уақыт аралығында туысқандарға шөп шабысуға келгенім болмаса қыста келген емеспін. Ауылымның қысқы табиғатын, қытымыр аязын, омбы қарын, асыр сап, мұз үстінде сырғанаған кезімді сағынып, қаланың қарбалас тірлігінен демалып алайын деп ауылыма келген едім.

Ауыл ақсақалы Досжан атаға сәлем берейін деп бардым. Қария ауласында отыр екен. Амандық-саулықтан соң көше жаққа беттедік. Мені таңғалдырғаны жап-жаңа бірдей спорттық шаңғы теуіп жүрген балалар еді. «Аудандық шаңғы жарысына дайындалып жүрміз» деп бір топ бала алдымнан өте шықты. Ауыл ажарын кіргізіп, ойнап жүргендеріне сүйсіндім.

– Ауылда денешынықтыру пәнінен кім береді, ата? Байқаймын, балалардың спортқа бейімі бар сияқты, – дедім.

– Иә, балам, дұрыс байқадың, – деп атай әңгімесін бастады. –  Жәнібектің ұлы – Ғабит Тарин ауылда спортзалдың жоқтығына қарамастан балаларды спортқа бейімдеп, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойнауды үйретіп жүр. Асық ойнатып, қол күреске бейімдейді. Шаңғы жарысына да дайындайды. Аудандық жарыстарға өз қаржысына апарады, балалар қай сайыстан болсын жүлдесіз қайтқан емес. Облысқа да жолдама алып, үнемі жеңіспен оралады. Спорт зал болса, нұр үстіне нұр болар еді. Балаларды бейіміне қарай спорттың түр-түріне баулу – ұстаздың еңбегі, тынымсыз ізденісі. Осындай азаматтардың жұмысын көре жүріп, аға буын – біз баға бермегенде, кім береді!? Басқалар үлгі аларлық іс. Ауылдың көркеюіне үлес қосып жүрген осындай азаматтар бар.

Балаларға ауданнан шаңғы бөлінуіне себеп болған – осы ұстаздың шәкірт даярлау шеберлігі. Кезекті аудандық шаңғы жарысына пимаға қайыспен байланатын, қолдан жасалған ағашы бар ауыр, жарысқа тебуге жарамайтын шаңғымен барыпты. Ауыр шаңғымен алға жүйткіген балаларымыздың талабына тәнті болған аудандық білім бөлімінің басшысы «кішкене ауылдан мықты спортшылар тәрбиелеп отырған бапкердің мектебіне шаңғы береміз» деп, ауданнан қаражат бөлгізіпті. Сол шаңғылардың игілігін ауыл балалары көріп жүр. Мектеп оқушысы аз болғанымен жетістік жөнінен ауданда алдыңғы қатардан түскен емес.

Әр елдің алтын бесігі – ауыл. Осы жолы ауылдан бойыма күш, мықты рух жинап қайттым.

 Мирас Кәкішев

Еңбек ауылы, Катонқарағай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button