Ауыл арасындағы жолдарға көңіл бөліне бастады
Ерлан Бапанов, Тарбағатай
Республикалық, облыстық маңызға ие жолдардан бөлек, ауыл-ауылды жалғайтын жолдардың да көп жағдайда сапасы сын көтермей жататыны жасырын емес. Жол қатынасы тасымалдаушы тіршіліктің өзегі болғандықтан, жүріске жайлы келгені бәрімізге қажет-ақ. Бір қуантқаны, Тарбағатай дербес аудан болып құрылғалы азғана уақыт болса да, әр салада ілкімді жұмыстар қыза түскен.
Әсіресе жолдардың сапасына баса мән беріліп жатқандығын нәтижелі шаруалар аңғартады. Бұған облыс тарапынан қаржылай қолдаулардың да ауқымды екенін атап өткен жөн.
Мысалға, республикалық және облыстық бюджет есебінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Ақжар – Жаңатілеу арасындағы автокөлік жолына 47,3 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде «Зайсан-құрылыс» компаниясының атқаруымен ауданаралық маңызы бар жолдың асфальт жамылғысы толық жаңартылып, халық игілігіне берілді. Аудан орталығы Ақжарға жақын болғандықтан Жаңатілеуден жолаушылар жиі қатынайды. Күнделікті шаруамен жүретіндер де, барып-қайтып жұмыс істейтіндер қатары да аз емес. Міне, солар айрықша қуанғаны анық.
– Жаңатілеу ауылының тұрғындары еңбекқор. Міне, жолы жөнделді. Енді автобус жүргізуді қолға алса, тіптен жақсы болар еді. Кеңес дәуірінде жүрген. Мұны жүйелі жолға қою үшін мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерін субсидиялауды іске асырса, бұл – мүмкін шаруа, – дейді аудан тұрғындарының бірі Сабыр Оспанов.
Автожолдардың сапасын тиісті деңгейге көтеру негізгі бағыттардың бірі екенін аудан әкімі Дархан Жөргекбаев нақтылай түсті.
– Жолдардың сапасы тек ауданымызда ғана емес, жалпы еліміздегі өзекті мәселелердің қатарына кіреді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтардың жолдардың сапасы туралы айтып жүрген сыны өте орынды деп баға берген болатын. Бүгінгі күнге дейін ауданымызда біршама бағыттағы жолдар орташа және күрделі жөндеулерден өткізілді. Ауыларалық жолдарға асфальт төселіп жатса, көше жолдары құм төгіліп тегістеліп жатыр. Нәтижесінде қазір ауданымызда жолдардың жағдайы айтарлықтай жақсарып келеді, – дейді аудан әкімі.
Айтуынша, аудан орталығы Ақжардың Төгісов, Рысқұлов, Әуезов, Мұхамедиев, Нұразханов, Сейфуллин көшелеріне құм төгіп, тегістеу жұмыстары жүргізілген. «Облшығысжол» мекемесі мен Омбы – Майқапшағай жолын салып жатқан қытайлық «Синь-Синь» компаниясы қажетті техникаларымен жәрдем берген.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен Ақжар – Құйған арасындағы жол құрылысының жұмыстарына 151 млн теңге бөлінген. Жуырда аудан әкімі Дархан Жөргекбаев мердігер «Ярус» ЖШС-мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қадағалаған. Жалпы, жол құрылысының ұзындығы – 13 шақырым. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарына алты техника жұмылдырылған. Өткен жыл мен ағымдағы жылды қоса есептегенде, жол жөндеу жұмыстарының 50 пайыздан көбі аяқталса, келер жылы толықтай бітіру көзделген.
Сонымен қатар Тарбағатай ауданында ауданаралық маңызы бар Ақжар – Жетіарал арасын жалғайтын 4,5 шақырым жол асфальтталыпты. «Казстройтехник» ЖШС жұмысты ойдағыдай аяқтаған. Тұғыл ауылындағы ұзындығы 2,5 шақырым болатын жеті көшеге 65,2 млн теңге (мердігері «ПМК-Құрылыс» ЖШС) бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Осылайша ауданның инфрақұрылымдық жағдайы біртіндеп жақсарып келеді.