Аустриялықтар ағаш өңдеу саласын өркендетуге мүдделі

Облысымызға ресми сапармен келген Аустрияның Штирия федералды жерінің делегациясы облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковпен кездесіп, екі өңір арасында сан саладағы байланыстарды нығайтуға қатысты келіссөздер жүргізді.
Бүгінде еліміздің бірқатар ірі компаниясы Аустрияның кәсіпкерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатқанын атап өту керек. Дегенмен, келіссөздер барысында айтылғандай, екі ел, екі өңір арасындағы байланысты бұдан да жоғары деңгейге көтеруге болады. Мұны кездесу кезінде Аустрияның Қазақстандағы құрметті консулы, Sanlas-Holding Gmbh холдингінің директоры Гюнтэль Нэбель ерекше атап өтті. Оның сөзін Штирия федералды жері парламентінің президенті Франц Майцен де қолдады.
– Қазақ елі – Аустрия үшін азиялық мемлекеттер арасындағы ең жақын әрі ең сенімді әріптестердің бірі. Қазақстанның еліміздегі елшілігі ерекше белсенділік танытып, қай сала болмасын Аустрия үкіметімен тығыз іскерлік байланыс жасап келеді. Біздің ел Қазақстанмен, әсіресе, техникалық салаларда жұмыс жүргізіп, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Сондай-ақ, бүгінде екі ел арасында университеттер кооперацияларын құру, зәулім ғимараттар салу, логистика мен туризмді дамыту бағыттарында жұмыс жүргізілуде. Тағы бір мән беруге тұрарлық бағдар деп ағаш өңдеу саласын айтар едім. Біз Қазақстанда бұл істі өркендетіп, жаңа деңгейге көтеруге көмек қолын созуға әзірміз. Міне, осы салалардағы жұмыстар Шығыс Қазақстан мен Штирия арасында ғана емес, жалпы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Франц Майцен.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков аустриялық делегация өкілдеріне алғыс білдіре келе, қос өңір арасындағы әріптестіктің баянды боларына сенімділік білдірді.
– Жақын арада бүгінгі кездесуде талқыланған мәселелер бойынша нақты жұмысқа кірісеміз деп ойлаймын. Екі өңір арасындағы тауар айналымын еселеп арттыруға болады. Мәселен, елімізде сіз айтқан ағаш өңдеу саласын өркендетуге біз де мүдделіміз. Кездесуде айтылған барлық ұсыныстарыңызды міндетті түрде аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВКЕ жеткізетін боламын, – деген облыс әкімінің орынбасары аустриялық қонақтарға Шығыс Қазақстанға арнайы сапармен келгендері үшін алғыс айтып, оларға естелік сыйлықтар табыстады.
Облысымызға сапары барысында аустриялық делегация өкілдері «КЭМОНТ» АҚ өндіріс орнында болып, ондағы электр энергетикасына қажетті құрал-жабдықтар шығару үдерісімен танысты. Сондай-ақ, Штириядан келген меймандар аймақтық кәсіпкерлер палатасының мүшелерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Осы кездесулер қорытындысы бойынша екі өңір басшылығы арасында әріптестік байланыс жөніндегі меморандумға қол қойылмақ.
Аустриялық делегация өңірдегі инвестициялық жобалармен танысты. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қуат Тұмабаев аустриялықтардың Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы инвестициялық жобалар жайында айтып берді.
Штирия федеративтік жерінен келген делегация өкілдерінің назарына құны екі миллиард евроны құрайтын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының жобасы, сондай-ақ, 70 млн. евро инвестицияны қажет ететін медициналық жобалар ұсынылды. Жоба аясында Өскемен қаласында 300 орынға арналған қалалық аурухана, Семей қаласында 200 орындық балалар ауруханасы мен облыс орталығында 500 орындық емхана ғимаратын салу көзделген. Құрылысқа жұмсалған қаржы 30 жылда толығымен қайтарылып, медициналық мекемеден түскен пайда инвесторларға тиесілі болмақ. Ел Үкіметі құрылысқа қажетті жер учаскесін тегін бөлуге және ғимараттарға инженерлік коммуникацияларды тартып беруге, сондай-ақ тегін медициналық кепілді көлемі аясында тапсырыс беруге кепілдік береді. Өскемен және Семей қалаларында балабақша құрылысы жөнінде жүзеге асыруға дайын 11 концессиялық жоба бар. Жалпы құны 45 миллион евроны құрайтын жоба бойынша 2015-2016 жылдары Өскемен қаласында алты, Семей қаласында бес балабақша салу жоспарланған.
Өңірде Қытай мен Ресей елдерін байланыстыратын «Зырян-Майқапшағай» теміржол желісі мен Бұқтырма су қоймасы үстіне салынатын көпір құрылысы сияқты ірі жобаларға аустриялық инвесторлар қызығушылық танытса дейміз,-деді Қуат Тұмабаев.
461 шақырымды құрайтын «Зырян-Майқапшағай» теміржол желісін салуға 1,9 миллиард евро қаржы қажет. Инвестицияны қажет ететін жобалардың бірі – Өскемен және Семей қалаларында муниципалдық автопарк құру. Автопарк елімізде шығарылатын жолаушылар көлігінен жасақталмақ. Тағы бір маңызды жоба – өңірде бекіре тұқымдас балықтарын өсіру. Қазақстанның барлық су қорының 40 пайызы біздің аймаққа тиесілі. Мұнда бекіре тұқымдастарын өсіріп, өндірісті жандандыру өз жемісін береді деп күтілуде. Оған 11,7 млн. евро қажет, жоба жүзеге асқанда өңірде 50 тонна қызыл балық, 150 тонна бекіре, 12 тонна қара, жеті тонна қызыл уылдырық өндірілмек.
Кездесу барасында аустриялық делегация медициналық дәрі-дәрмектер зауытын қайта жарақтау, кобальт-никель өндірісі сияқты жобалармен де танысты.
Қазақстан мен Аустрия Үкіметі арасында инвестицияларды қорғау туралы келісімге қол қойылған. Сол құжатқа сай Қазақстан аумағындағы жобаларға қаржы салған инвесторлар көптеген жеңілдіктер мен басымдықтарға ие. Инвестор қаржысын ақтаумен қатар, құрылғыларды импорттау кезінде кедендік баж салығынан босатылып, инвестициялық субсидиялар мен салықтық жеңілдіктерге ие бола алады,- деп атап өтті Қуат Тұмабаев.
Еліміздегі орман қорының 44 пайызын құрайтын Шығыс Қазақстанның ағаш өңдеу өндірісін дамытуда әлеуеті зор. Алайда, орманға бай өңірде ағаш өңдеу өндірісі дамымаған. Жылына 1,4 млн. текше метр ағашты кесуге рұқсат етілгенмен, оның тек 225 мың текше метрі ғана игеріліп отыр. Қазақстанның ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Владимир Резановтың айтуынша, өңірде ағаш жоңқаларынан жасалған МДФ, ЛДСП, OSB, фибролит сияқты плиталардың әр түрін шығаруға болады.
Жыл сайын өңірге басқа елдерден 600 мың текше метрден астам түрлі плиталар әкелінеді. Егер осы өнімдерді өзімізде шығарсақ, көлікке кететін шығындардың жоқтығын ескерсек, бұл тауар сырттан келетін өніммен бәсекелесе алатын еді,-дейді Владимир Резанов.
Штирия экономикалық палатасының инвестиция тарту бойынша департаментінің басшысы Клаудия Вайрингер Аустрияда орман шаруашылығы мен ағаш өңдеу өндірісі дамығандығын тілге тиек етті. Бұл ел ағаш өңдеу өндірісінде инновациялық технологияларды қолданады. Штирия федерациясы парламентінің президенті Стефан Пилц Шығыс Қазақстан облысында қағаз өндірісін дамытудың болашағы бар екендігін атап өтті.
Аустриялық делегацияны қызықтырған ағаш өңдеу жобасы болды. Аустрияда ағаш қалдықтары да қайта өңделіп, баламалы энергия көзіне айналады екен.
Шығыс Қазақстан өңіріне жасаған сапарлары жайында қорытындылаған Гюнтэль Нэбель облыстың Штирия жерімен ұқсастығы мен байланысы көп екендігін атап өтіп, елге барған соң жобаларға қатысты тобы құрылатындығын айтты.
Екі елге де экономикалық жағынан тиімді жобаларды қарастыратын боламыз. Нәтижесі екі жаққа да табыс әкелетін қаржы салу мәселесін бүге-шігесіне дейін талқылауымыз қажет. Денсаулық сақтау, ағаш өңдеу жөніндегі жобаларға ерекше назар аударатын боламыз, -деді Гюнтэль Нэбель.
Нұржан Кенжеұлы,
Лаура Тілеубайқызы