Жаңалықтар

Ауру балаларды аяғынан тұрғызды

Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет орталығының емдік денешынықтыру бойынша нұсқаушысы Жайдарбек Құйқалақов әзірленген бағдарламаның арқасында қысқа мерзім ішінде үш баланы аяғына тік тұрғызып отыр.

Олардың бірі – Димаш. Жасөспірім емделу үміті жоқ ретінде саналып, паллиативті бөлімде болған еді. Таңғажайып (басқаша айта алмайсыз) сауығудан кейін баланы туған анасы үйіне алып қайтқан. Келесі бір бала – Даниил Беккер жүре бастапты, тіпті билеуге де тырысады екен.

Жуырда Шығыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің өкілдері білікті нұсқаушыға грамота мен атаулы мүсіншені табыс етті. Қарапайым ғана жігіт – Жайдарбек Флотұлы 12 жыл бойы осы орталықта еңбек етіп келеді және ол ерекше ештеңе де жасамадым дейді, бірақ аталған балалар мен олардың ата-аналары үшін оның атқарған ісі – нағыз ғажайып.

Қазір орталықта 96 бала бар, олардың 60-тан астамы – жетім балалар. Әр балаға жеке медициналық карта ашылған, оған дәрігерлердің барлық емдеу шаралары ғана емес, сонымен қатар, логопедтермен және басқа да мамандармен жүргізілген сабақтардың нәтижелері де енгізіліп отырады. Сонымен қатар, диетолог кеңесіне байланысты әр тәрбиеленуші үшін қажетті калория ескеріле отырып, жеке мәзір де жасалған. Балалар қарқынды түрде салмақ қосып келеді, көңіл-күйлері де көтеріңкі, олар комиссияға орталықта не істейтіндері және ересектердің оларға қалай қарайтындары туралы жарыса айтып берді.

–Басты назар аударарлық маңызды мәселе –балаларымыздың денсаулығы мен әл-ауқаты. Сауығып кетуі екіталай болып көрінетін балалардың аяғына тұрғанын көрудің және естудің өзі – үлкен қуаныш. Бұл мүмкіндіктердің бар екенін көрсетеді. Сондықтан ешқашан үміт үзуге болмайды. Орталық қызметкерлері өз жұмыстарына деген зор жауапкершіліктің үздік үлгісін танытып отыр, –деп атап өтті облыстық қоғамдық кеңесі мүгедектер істері жөніндегі сараптама тобының төрайымы Ольга Кузовлева.

Пандемия кезінде мамандар вахталық әдіспен жұмыс істеуде деп те айтуға болады, яғни ауысым ПТР-тест тапсырады, содан кейін екі аптаға жұмысқа шығады. Одан әрі екінші ауысым тесттен өтеді, осылай алмаса береді. Орталық директоры, бұрынғы облыс педиатры Шолпан Мақашева атап өткендей, мұның бәрі де балаларды барынша қорғау мақсатында жасалуда. Бүгінгі таңда Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы – коронавирустық инфекциядан да ада аумақ.

«Didar» ақпарат

Осы айдарда

Back to top button