Экономика

Аукционға кез келген адам қатыса алады

Аукционға кез келген адам қатыса алады

Елімізде жекешелендірудің екінші толқыны іске аса бастады. Еліміз бойынша осы күнге дейін мемлекет меншігінде болған он шақты кәсіпорын бүгінде сатылып үлгеріпті. Кеше Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың әкімшілік ғимаратында аталмыш мәселеге арналған семинар-тұсаукесер болып өтті.

Мұндай шараның қажеттілігін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ерекше атап көрсеткен еді. Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекетке қатысы бар барлық компанияларға талдау жүргізіп, олардың ішіндегі жеке секторға берілетін кәсіпорындардың тізімін анықтауды тапсырған болатын. Нәтижесінде ел Үкіметі наурыз айының соңында «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспарды» бекітті. Сөйтіп, мемлекет меншігіндегі мүлік пен активтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар нысандары жалпыға ортақ сатылымға түскен-ді.

Облыс орталығында ұйымдастырылған семинар-тұсаукесерге арнайы келген еліміздің Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Эдуард Өтепов басқосуға жиналғандарды осы электронды сауда-саттықтың артықшылықтарымен таныстырды. Семинар-тұсаукесерге облысымыздың барлық аудандары мен қалаларынан, сондай-ақ, бірқатар басқармалардан келген мемлекеттік қызметшілер, қаржы бөлімдерінің меңгерушілері мен конкурстық басқарушылар қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Тағы бір атап өтер жайт, Өскемендегі жиынға көршілес Павлодар облысынан да қаржы ісінің мамандар келіпті. Жиналған қауымға электронды сауда-саттықты дұрыс ұйымдастыра білу жайында «Ақпараттық есептеу орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Жанасыл Оспанов айтып, осыған қатысты қатысушылар тарапынан туында-ған сұрақтарға тұщымды жауаптар қайтарды.

Сонымен, жекешелендіруді жүзеге асыру айы басталып та кетті. Дәл осы жерде «Мемлекеттік активтерді сатып алуға әлеуеті жететін сатып алушылар кімдер?» деген орынды сұрақ туындайды.

– Олар – жекешелендіру аясында сатып алуға әлеуеті жеткілікті отандық және шетелдік инвесторлар мен қарапайым тұлғалар. Ал «электронды сауда-саттық қалай жүзеге асырылады?» дегенге келетін болсақ, ол үшін ешқандай әкімдіктің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Ең алдымен, ғаламтордан мемлекеттік мүлік реестрінің веб-порталын ашасыз. Дәл осы жерде, яғни, «www.gosreestr.kz» порталындағы ортақ электронды сауда алаңында ұлттық холдингтер мен компаниялар өз нысандарын сатуды жүзеге асырады. Яғни, тендер мен аукциондар электронды түрде өткізілмек. Бұл адами факторды барынша азайту, әрі жемқорлықтан сақтану мақсатында жасалған шаралар, – деді Ж.Оспанов.

Бүгінге дейін аталмыш алаңда мемлекеттік мүліктің 2 мыңнан астам аукционы өткізіліп үлгерген екен. Жалпы, 2014-2016 жылдар аралығында облысымыз бойынша ұлттық холдингтер мен олармен үлестес өзге заңды тұлғалардың 60-қа жуық нысаны жалпыға ортақ сатылымға шығарылады деп жос-парлануда.

Қазір электронды конкурс пен тендер өткізу үдерісі автоматтандырылып, холдингтер жұмысына лайықталған көрінеді. Яғни, тек мемлекеттік мүліктер ғана емес, холдингтер бойынша да сатылымдар осы алаңда жүргізілетін болады. Веб-порталда инфографика мен мүлікті қалай сатып алуға болатыны туралы бейненұсқаулық та орналастырылыпты. Семинарға қатысушылар назарына сатылатын нысандар туралы барлық мәліметтерді жинақтаған баннер де ұсынылған.

– Мұндай сауда алаңы сатудың үш негізгі қағидатын жүзеге асыруға көмектеседі. Сатудың электронды формасы, сауданың ортақ формалары (электронды аукцион, электронды тендер, электронды конкурс), барлығы да осы жерде жинақталған. Ал бүгінгі семинар-тұсаукесер қызметкерлеріміз үшін айрықша маңызды екенін айта кеткім келеді. Өйткені, алдағы уақытта олардың жұмысы осы электронды сауда-саттықпен тікелей байланысты болады. Енді облысымыздың аудан-қалаларында да осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті облыстық департаментінің басшысы Шыңғысхан Жанұзақов.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button