Білім

Аудандағы жалғыз қазақ мектебі жаңа ғимаратқа қашан жариды?

Аудандағы жалғыз қазақ мектебі жаңа ғимаратқа қашан жариды?

Бұл мектеп 2003 жылы 240 балаға арналып салынған. Ал қазір онда 489 бала оқып жүрсе, 31 бала мектеп жанындағы интернатта тұрып, білім алуда.

240 балаға арналған нысанда 489 оқушы оқып жүр

Білім ордасында акт залы мүлде жоқ болып шықты. Мектеп асханасы негізінен интернатқа арналған. Онда аз қамтылған 42, көпбалалы 80 және қамқорлыққа алынған 20, екі жетім бала тегін тамақтанады. Мектеп басшылығы бастауыштың барлық баласын тегін тамақтандырғысы келеді-ақ, бірақ, оған асхананың тарлығы қолбайлау болып тұр.
Мектеп оқушылары балмен және сүтпен толығымен қамтылған, бал күнделікті 20 грамнан арнайы құтыға салынып беріледі екен. Ал сүтпен тендерде жеңіп алған жеке фирмалар қамтиды. Бұл тұрғыдағы мәселе түгелімен оң шешілген сияқты.
– Жыл өткен сайын бала саны көбейгендіктен, тарлық проблемасы өсіп отыр. Мәселен, биыл ғана 1-ші сыныпқа төрт сынып келді. Жалпы, бізде 19 пәндік кабинет, 30 сынып комплектісі бар. Балалар бір түгілі, екі ауысымда оқуға сыймағандықтан, үш ауысымға көшуге мәжбүр болып отырмыз, – дейді бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі Жанна Бәкімбаева. – Таңғы сабақ 8-ден басталған сабақ кешкі 6.20-да аяқталады. Қазір бастауыш кластардың өзінде ғана 15 комплекті бар, яғни, бұл оқушылардың тең жартысы, былайша айтқанда, бір мектептің баласына тең деуге болады. Мысалы, І-ші ауысымда үш сабақ біткеннен кейін оқушыларды дене сабақтарына, өзін-өзі тану кабинеті мен музыкаға, факультатив сабақтарына жібереміз де, 10.40-та екінші ауысымды бастаймыз. Шынын айтсам, ешқандай қарбалас жоқ, дәліз тар болса да, балалар үйреніп келеді. Ал екінші ауысымға 10.40-та келген балалар түскі бірден кете алдыңғы ауысымдағы балалар сияқты жеңіл сабақтарға, жоғарыдағыдай нақты кабинеттерге жіберіліп отырылады.
Бұл қиындықтан шығу жолын іздеген мектеп ұжымы мен ата-аналар аудан, облыс басшылығына, тіпті, Парламент Мәжілісінің депутаты С.Ферхоға да хат жазған көрінеді. Осы жолы ата-аналар атынан облыстық білім басқармасына жазылған хатқа жауап келіпті. Ол «аталған мәселе қарастырылып жатыр, жағдай жасалады» деген мазмұнда екен.
Бүгінде бұл мектептің ашылғанына он алтыншы жылға кетті. Ал мектеп бітірушілердің білім деңгейін анықтайтын ҰБТ орташа деңгейде, нақтылап айтқанда, бөкейліктер аудан бойынша 4-5 орыннан кейінде қалып көрген жоқ. Былтыр Алтын белгіге ұсынылған түлек Назгүл Серікжанова үмітті ақтап шыққан көрінеді.
Мұнда ең қиын болып отырған мәселе – оқушылармен қосымша сабақтар өткізу. Себебі, түстен кейін ине шаншар жер болмайды. Әрине, оқушыларды ҰБТ-ға дайындауға жағдай жасалып, қысылып-қымтырылса да, сынып тауып беріп, нақты кесте бойынша дайындап отырады. Ал басқа сыныптардағыларға да қосымша сабақ жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Амал не, «Жоққа жүйрік жетпейді» дегеннің кері келіп тұр.
Мектепке жастар келіп жатыр. Қазір 60-қа тарта мұғалім білім беріп жатқан мектепте биыл 4-5 жас маман қызметке кірісіпті. Оқушылар үшін Қазақстан жолы, мультимедиялық, Қанипа Бітібаеваның лабораториясының филиал-кабинеті жұмыс істесе, 6-7 кабинетке интерактивті тақталар орнатылған. Бәрі: білім сапасы, тәрбие беру, тамақтандыру өте жақсы, тек, бір әттеген-айы сол, мектеп тар болып отырған жай бар.
Мектептің балаларды әр ауысымдағы сабаққа уақтылы тасымалдайтын өз «ГАЗелі» де бар. Ал мектепішілік, аудандық, облыстық білім сайыстарында мектептің әр сыныбындағы оқушылар алдыңғы лектен көрініп жүргенін де айтпауға болмайды. Мәселен, орыс тілі бойынша өткізілген халықаралық «Русский медвежонок» атты пән олимпиадасында Е.Ғазисова, А.Сүйімбекова, А.Мұхамадиева және Е.Советханова жүлделі орындардан көрінсе, ағылшын тілінің «Британский бульдог» атты халықаралық сайысына қатысқан 13 оқушының да нәтижелері көңілдегідей болды.

Қаржы бөлінген. Білім ордасы қай уақытта бой көтереді?

Жанна Бәкімбаеваның сөзіне сенсек, мектептің олимпиадалық резерві білімді бала тәрбиелеу жолында үлкен шаруа тындырып келеді. Бұл резервтегі оқушылар оқу жылы бойы түрлі деңгейдегі пән олимпиадаларына қатысатын көрінеді. Мысалы, биылғы оқу жылында ғана 2-11 сыныптар бойынша 110 оқушы олимпиадалық резервте тұр екен. Сонымен қатар білім ұясында әскери-патриоттық «Ұландар» және «Сұңқарлар», дарынды оқушылардан құрылған «Айқын» атты дебат клубтары және «Мұзтау» атты драма үйірмесі жұмыс істеп келеді.
Аудандағы жалғыз қазақ мектебінің жоғарыда аталған жетістіктерге қол жеткізіп, алдыңғы қатардан көрінуіне оның директоры Сәуле Досқалиеваның сіңіріп келе жатқан еңбегі зор екені сөзсіз.
Иә, қазақтар ежелден Ақтас деп атайтын кенттегі Оралхан Бөкей атын иемденген қазақ орта мектебінің тірлігі түзу болғанымен, оқушыларға үш ауысымда білім беріп келеді. Амалсыздан. Әр оқу жылы сайын бала саны көбейгенімен, мектеп кеңеймей отыр. Оған кінәліні іздеудің де еш қисыны жоқ сияқты. Өйткені, білім шаңырағындағылардың келесі жылы жаңа мектептің құрылысы басталар деген үміті бар.
Біз бөкейлік балалар мен ата-аналардың үкілі үміті ақталатын күн боларына сенсек те, бір татымды жауап берер деген оймен аудандық білім бөлімінің басшысы Елғиза Сиванбаеваға жолыққан едік. Басшының жауабы төмендегідей болды:
– О.Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің контингенті 2013 жылдың 1 қыркүйегінде 499 оқушыны құрағанын өте жақсы біліп отырмыз. Мектепте 30 оқушы контингентін құрайтын 2 мектепалды даярлық сыныбы ашылған. Рас, қазірде ол үш ауысымда жұмыс істейді. Ал жаңадан бой көтеретін мектептің құрылысы белгіленген жобалық-сметалық құжат пен сараптама ағымдағы жылдың қаңтар айында Білім және ғылым министрлігіне тапсырылған-ды.
Глубокое кентінің жұртшылығы бұл мектеп құрылысының мәселесін белсенді талқылап, аудан әкімі барлық деңгейде көтеріп жүр. Парламент Сенатының депутаты С.Плотниковтың қолдауымен бұл мәселе шешілген. Сөйтіп, 600 орынға арналған Оралхан Бөкей атындағы мектеп құрылысы үшін республикалық бюджет есебінен 2014 жылға 300 млн.теңге қарастырылып отыр.
Ауданның бас мұғалімінің сөзі енді жаңа мектептің салынуын тосу керектігін аңғартқандай. Қара сөздің хас шебері Оралхан атындағы мектептің оқушылары, мұғалімдері және барлық ата-аналары сияқты біз де «Кешеден алыс, ертеңнен жақын жоқ» дегендей, жақсы сөздің соңы жағымды іске айналады деп сенеміз.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button