Аудан спортын алға сүйреген азамат еді

Зайсан қаласында еліміздің құрметті спорт қайраткері, денешынықтыру және спорт саласының үздігі, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 44 жыл бойы қызмет атқарған, 35 жыл осы мекеменің басшысы ретінде тізгінін ұстаған Галим Гатьятұлы Мұқатаевты еске алуға арналған футболдан 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігі мәресіне жетті. Осы ретте, доп додасы биылғы «Балалар жылына» орайластырылғанын да айтқан жөн.
Зайсан ауданының спортын жарты ғасырға жуық өгіздей алға сүйреген Галим Гатьятұлы 1949 жылы 8 сәуірде Күршім ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Зайсан қаласының М.Ломоносов атындағы орта мектебін тәмамдап, сол жылы Өскемен педагогикалық институтына оқуға түскен ол «Дене тәрбиесі» факультетінде білім алып, еңбек жолын 1971 жылы Ұлан ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бастаған. 1974 жылы Зайсан ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне ауысып, оқу ісінің меңгерушісі болып жұмысын жалғастырды. Талапты жастың еңбегін жоғары бағалаған басшылық 1979 жылы оны аталмыш спорт мектебінің жетекшісі қызметіне тағайындайды. Спорт атаулыны ерекше жақсы көретін абзал азамат бұл мекемеде 44 жыл бойы табан аудармай қызмет етіп, 2017 жылы зейнет демалысына шықты.
Әлбетте, басшы болу – оңай шаруа емес. Балалармен жұмыс істеу ерекше іштей дайындықты қажет етеді. Басқа да проблема шаш етектен. Осының бәріне қарамастан, Галим Гатьятұлы өзіне тапсырылған міндетті абыроймен орындай білді. Г.Мұқатаевтың негізгі мамандығы футбол бапкері болғандықтан, шәкірттерінің дәл осы спорт түрінде жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Бір ғана мысал, білікті бапкерден тәлім алған футбол командасы облыс спартакиадасының бес дүркін чемпионы атанған-ды.
Сонымен қатар Галим Гатьятұлы басшылық қызметінде спорт мектебінің жұмысын біріздендіруге, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, шәкірттерінің облыстық және республикалық жарыстарға жүйелі түрде қатысуына айрықша атсалысты. Мектеп оқушылары футбол, еркін күрес, бокс және волейболдан облыс және республика деңгейінде ұйымдастырылған турнирлерде тұрақты түрде үздіктер қатарынан көрініп жүрді. Мектептің 100-ден аса оқушысы спорт шебері және спорт шеберлігіне үміткер атақтарына ие болды.
Ауданның қоғамдық және спорттық өміріне белсенді араласқан Галим Гатьятұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Қазақ КСР білім министрлігінің грамотасымен, Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері» төсбелгісімен, облыс және аудан әкімдерінің мадақтамаларымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Өкінішке қарай, ағамыз бүгінде арамызда жоқ. Зайсан спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Галим Гатьятұлы 2018 жылдың ақпан айында өмірден озған. Бірақ артынан өшпес із қалдыра білген аптал азаматтың кешегі шәкірттері, туған-туыстары мен әріптестері оны еске алу мақсатында осындай ауқымды жарыс ұйымдастырды.
Аталған жарысқа Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының аудан-қалаларынан 130-ға жуық жас футболшы қатысты. Атап айтсақ, бұл жолғы доп додасында Ақсуат, Жарма, Зайсан, Көкпекті, Күршім және Тарбағатай аудандары мен Риддер қаласының аяқдопшылары шеберлік байқасты.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне арнайы Алматы қаласынан келген Галим ағамыздың апайы Кадрия әпкеміз бен жездесі еңбек сіңірген жаттықтырушы, мәдениет және спорт министрлігі ғылыми-консультативтік кеңесінің төрағасы, ұлттық ғылыми-практикалық денешынықтыру орталығының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Анатөлі Құлназаров қатысты. Сондай-ақ іс-шараға аудан әкімі Дулат Қажанов қатысып, жас футболшыларға сәттілік тіледі.
Төрт күнге созылған тартысты додада кімнің топ жаратыны соңғы ойындарға дейін белгілі болған жоқ. Шешуші матчта жергілікті спорт мектебінің «Зайсан-1» командасы «Зайсан-2» командасынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Ал екінші орынға Риддерден келген команда ие болды, үздік үштікті «Зайсан-2» командасы түйіндеді.
Жарыс соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының арнайы кубоктары мен грамоталары табыс етілді. Сондай-ақ үздік үштіктен көрінген ұжымдар мен жекелей аталымдарда топ жарған футболшылар демеушілер атынан ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Секен Бодаев,
Зайсан ауданы спорт мектебінің директоры