Білім

Аудан мектептері оқулықпен жүз пайыз қамтылды

Аудан мектептері оқулықпен жүз пайыз қамтылды


Бүгінгі күні ауданымыздағы 51 мектепте 12500 шәкірт білім алуда. Жаңа оқу жылында 1363 бала мектеп табалдырығын аттаған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 17 оқушыға артық. Білім беру мекемелерінде 1892 мұғалім жас ұрпаққа білім мен тәрбие нәрін сіңіруде.

-Мұғалімдердің білімін жетілдіру – басты назарда. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша ауданның 332 мұғалімі білім жетілдіру курстарынан өтті. Олардың қатарында мектеп директорлары, оқу ісінің меңгерушілері, әдіскерлер мен мұғалімдер бар. Жекелеген пәндер бойынша да мұғалімдер біліктіліктерін арттырып отырады. Мұғалімдерді білім жетілдіру курстарынан өткізуге облыстан 27 млн. теңге қаржы бөлініп, толық игерілді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жүнісова.

Мектептегі білім сапасының бір көрінісі – ұлттық бірыңғай тестілеу. 2016-2017 оқу жылында 884 түлек қанат қақса, олардың 73,9 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Тестілеу қорытындысы бойынша ортақ балл – 81,1. Яғни, 2015-2016 оқу жылымен салыстырғанда 3,3 балға жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Найманбай орта мектебінің оқушысы Нұрбала Асхатқызына (135 балл) тиесілі.

Республикалық пән олимпиадаларының облыстық кезеңіне ауданымыздан 20 оқушы қатысып, 18-і жүлделі орынды иеленді. Орыс тілі пәнінен Б.Момышұлы орта мектебінің оқушысы республикалық олимпиаданың қола медалін иеленген.

Интернет арқылы өткізілген пәндік олимпиадаларда 750 оқушы, 81 мұғалім жүлдегер атанса, қашықтықтан ұйымдастырылған олимпиадаларда 41 оқушы жүлделі орын алып, 5 мұғалім сертификат иеленген. Жалпы, олимпиадаларға Абай, Б.Момышұлы, Науалы, Абылайхан, Жансүгіров, Найманбай, Мақаншы, Әуезов, Ақтанберді, Төлеубеков орта мектептері белсенді қатысуда.

Білім бөлімі басшысының айтуынша, өткен оқу жылында 45 мектепте асхана жұмыс істеп, барлық оқушылардың 98 пайызы ыстық тамақпен қамтылған екен. Жағдайы төмен отбасылардың балаларын тегін ыстық тамақпен қамту жағы да жолға қойылыпты.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру, таланттарын аша түсу мақсатында 30 мектепте әртүрлі үйірмелер ұйымдастырылған. Сонымен қатар жаз бойы Алакөлдің жағалауында «Үржарайым» сауықтыру-демалыс лагері жұмыс істейді.

Биыл Үржар ауданының мектептері оқулықпен 100 пайыз қамтылды. Соның 52 млн. теңгесі аудандық бюджеттен бөлінді. Ол үшін 103 млн. теңге қаржы бөлінген.

Бейсенғазы Ұлықбек

Осы айдарда

Back to top button