Спорт

Аудан халқының тең жартысын спортқа тартпақ

Нұржан Кенжеұлы

Глубокое ауданында салауатты өмір салтын таңдап, бұқаралық спортқа ден қойған тұрғындар саны жыл санап артуда. Бұған бірінші кезекте соңғы жылдары аудандағы спорт инфрақұрылымының үдемелі дамып, жаңа деңгейге көтерілуі септігін тигізгені анық.

Бұл сөзімізге Глубокоеның түкпір-түкпірінде салынып, ел игілігіне беріліп жатқан спорт нысандары дәлел бола алады. Бүгінде ауданның кез келген елді мекеніне бара қалсаңыз, көзіңізге айналасы бірнеше жылда бой көтерген футбол алаңдары мен хоккей қораптары сияқты нысандар түсері хақ. Әсіресе жергілікті халық арасында бүгінде streetworkout деп аталып жүрген әуесқой спорт түрі танымал.

– Қазіргі уақытта ауданымыздың кез келген тұрғыны салауатты өмір салтын ұстанып, өзі қалаған спорт түрімен шұғылдана алады, – дейді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Александр Павлов. – Барлық елді мекенде жалпыға қолжетімді жаңа спорт кешендері, ойын мен жаттығу алаңдары пайда болуда, ескі нысандар қалпына келтірілуде. Біздің ауылдар мен кенттерге жолыңыз түссе, ол жердегі аулалар мен саябақтардан турниктер мен қоссырықтарда жастармен қатар жаттығу жасап жатқан егде жастағы адамдарды көруге болады. Бұл дегеніміз – өте керемет қой! Осының өзі-ақ біздегі тұрғындардың барлығына жаны қалаған спорт түрімен айналысып, денсаулығын жақсартуға теңдей мүмкіндік беріліп отырғанын аңғартса керек. Иә, бүгінде глубокоелықтардың жасы да, жасамысы да бұқаралық спортпен шұғылданады деп айтуға толық негіз бар.

Александр Павловтың айтуынша, соңғы бірнеше жылда өңірдегі денешынықтыру және спортқа ден қойған мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары да айтарлықтай ұлғайған. Бұл санаттағы азаматтар үшін Глубокое мен Черемшанка, сондай-ақ Уварово ауылдарында спорт секциялары ашылып, қызмет көрсетуде. Жалпы алғанда, ауданда мұндай төрт арнайы секция бар.

– Глубокоеда тұрақты түрде мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы аудандық, облыстық және халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Бұл ретте аталмыш санаттағы спортшыларымыз, әсіресе, қол күресінен мықты екенін айтқым келеді. Дүбірлі додаларда ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген сондай жерлестеріміздің ішінен Владимир Уфимцев пен Дмитрий Печуркинді атап өтуге болады. Владимир екі дүркін Азия чемпионы болса, Дмитрийдің облыс біріншілігінің жеңімпазы деген атағы бар, – дейді бөлім меңгерушісі.

Әлбетте, спорт саласының өркендеуі ең алдымен инфрақұрылымының дамуына байланысты екені түсінікті. Бұл жағынан алып қарағанда, Глубокое ауданында ауыз толтырып айтарлықтай жетістік аз емес. Белгілі болғандай, бүгінде 60 мыңнан астам тұрғыны бар ауданда 169 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Тарқата айтсақ, оның 37-сі – спорт зал болса, 72-сі – спорт алаңдары. Сондай-ақ 33 футбол алаңы, тоғыз спорттық ядро мен 18 хоккей қорабы бар. Бүгінде осындай мықты материалдық базаның арқасында 19 мыңға жуық адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалып отыр.

Тағы бір айта кетер жайт, қазіргі уақытта ауданның ауылдары мен кенттерінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алты бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Бұл бөлімшелерде 828 бала спорттың 11 түрі бойынша шеберліктерін шыңдауда. Бұған қоса, қосымша білім беру мекемелерінде балалар мен жасөспірімдерге арналған тоғыз клуб ашылған-ды.

Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі хабарлағандай, 2024 жылға дейін өңір халқының тең жартысын спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тарту көзделуде. Мұндай зор мақсатқа қол жеткізу үшін аудандағы спорт инфрақұрылымын одан әрі дамытып, ауқымын кеңейте түсу керек. Сол себепті, келер жылы Белоусовка кентінде жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2024-2025 жылдары Глубокое кентінде су жаңа мұз айдыны кешені бой көтермек. Бұл тізімге алдағы уақытта ауылдық округтерде құрылысы жүргізілуі тиіс көпфункционалды спорт алаңдары мен триатлон және скейт-парктерді де қосуға болады.

– Оның үстіне, ауданның бірқатар ауылындағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің бөлімшесінде ұлттық спорт түрлері бойынша секциялар ашуды да жоспарлап отырмыз, – деп мәлім етті А.Павлов.

Осы айдарда

Back to top button