Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Өскемендегі Оқушылар шығармашылық сарайында кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 28 жыл толуына байланысты ардагерлерге арналған салтанатты кеш өтті.
Осы күні қала басшылығы, Ауған соғысы ардагерлері мен жастар интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Шара аясында жалғасын тапқан концерттік бағдарламада қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина сөз алды.
‒ Талай тағдырды тәлкекке салған, жалынды жас жігіттердің өмірін қиған, қаншама ата-ананың көзіне жас ұялатып, жүрегіне жара түсірген сұрапыл жылдарды ұмытпаймыз. Біздің ендігі міндетіміз – сол соғыста қаза тапқан жерлестерімізді ұмытпай, елге оралған азаматтарға құрмет көрсету. Жыл сайын қалалық әкімдік тарапынан барлық ардагердің отбасына қамқорлық жасалады, – деді Ольга Булавкина.
Шара барысында соғыста қаза тапқан жерлестеріміздің отбасылары сыйлықтармен марапатталып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Өскемен қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сергей Денякиннің айтуынша, еліміздің барлық облысынан ардагерлерді құттықтап, телефон шалып, хат жазып жатқандар көп.
‒ Бүгінде елімізде Ауған соғысы ардагерлері үшін медициналық көмек беру және сауықтыру шараларын ұйымдастыру деңгейі жоғары. Ардагерлер жыл сайын Алматы, Астана қалаларына барып, тегін ем қабылдап қайтады, – дейді Сергей Денякин.
Он жылға созылған Ауған соғысына 22500 қазақстандық жауынгер қатысып, олардың 924-і ерлікпен қаза тапса, 21-і хабарсыз кеткен. Өскеменде Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық ұйымы жұмыс істейді. Қазір біздің облысымызда майданда қаза тапқандардың 80-нен астам отбасы мен хабарсыз кеткен жауынгерлердің төрт жанұясы тұрады. 2002 жылдан бастап аталмыш ұйымның қатысуымен қаһармандарға арналған 38 мемориалдық тақта мен облыстағы оқу орындарында 25 бұрыш ашылған.
– Біз өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселесіне ерекше мән береміз. Өйткені, ер балалар Отанын қорғай алатын мықты азамат болып өсулері керек, – дейді Ауған соғысының ардагері Тілеухан Әнуарбекұлы.
Ардагерлер кешті ұйымдастырған қала әкімдігіне алғыстарын білдірді.
Ажар Сағатбекова