Мәдениет

Атыраудан \”Алтын домбырамен\” оралды

Атыраудан "Алтын домбырамен" оралды

Жақында Атырау қаласында белгілі домбырашы Әзидолла Есқалиевтың 80 жылдығына арналған ІІІ республикалық «Алтын домбыра» байқауы өткен болатын. Оған Бесқарағай аудандық өнер мектебінің оқушысы Дастан Қазкенов оқытушысы Ернат Мотышевпен бірге барып, жүлделі қайтты.
Екі кезеңнен тұрған байқауға еліміздің әр аймағынан 29 домбырашы қатысқан екен. Дастан байқаудың ең жас қатысушысы болыпты. Жас шәкіртінен үлкен үміт күткен Ернат Мотышев Дастанды осынау ауқымды сынға айналасы бір жарым айдың ішінде дайындап шыққан көрінеді.
– Шынымды айтсам, менде жеңіске жетемін деген ой болған жоқ. Себебі, байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген, менен әлдеқайда білікті аға-әпкелер қатысты. Біздің облыстың намысын қорғауға жалғыз өзім барғандықтан, намысқа тырысып бақтым. Байқау талабына сай І кезеңде Құрманғазының «Балқаймақ», Динаның «Науысқы», Әзидолла Есқалиевтың «Жастар» атты шығармаларын орындасам, ІІ кезеңде Құрманғазының «Машина» күйін және өз қалауым бойынша, күйсандықтың сүйемелдеуімен өңделген «Тойбастар» күйін орындадым, – дейді жеңімпаз. – Аталған кезеңнің соңғы тапсырмасында табақтан суырып тарту арқылы 9 күй ұсынылды, мен Құрманғазының «Жігер» күйін таңдадым. Бұл – оқытушым екеуміздің ортақ жеңісіміз. Ең алдымен осы кісіге және бұл сапарға баруыма демеушілік көрсеткен аудан әкімі Нұрлан Сыдықовқа айтар алғысым шексіз.
Осыменен 4-ші бас жүлдені қоржынға салған Дастан Бесқарағайдың ғана емес, Шығыстың да мақтанышы деп білеміз. Республикалық байқауда бас жүлдені иеленіп, алтын жалатылған домбыра мен 150 мың теңге көлеміндегі сыйақыны жеңіп алған Дастан Қазкеновтың болашағы зор.
Ол мектеп бітірген соң Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, Қазақстанға танымал домбырашы болуды армандайды.

Әсел Қасымғожина
Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button