Атына заты сай мектеп

Өскемендегі Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейі оқушыларды жалпы азаматтық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін тәрбиелік іс-шаралар өткізуге сынып жетекшілері өте зор үлес қосуда.
Аталған іс-шаралардың жүргізілуін тәрбие ісінің меңгерушілері Асқар Қапжапаров пен Ғалия Касенова үнемі қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырады. Қазіргі күні мектеп бойынша құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында сыныптарда тәрбиелік дәрістер оқылып, сынып сағаттары жүргізіледі. Мектептен тыс мекемелермен де байланыс орнатылған. Мектеп әкімшілігі оқушылардың әлеуметтік жағдайларын анықтап, психологиялық көмек көрсетіп отырады.
Оқушылар мектепішілік, қалалық, республикалық іс-шараларға белсене қатысып, жетістіктерге жетіп жүр. Мектептің «Ең үздік сынып» және «Үздік сынып жетекші» атағына лайық деп саналған 9 «А» сыныбы мен оның жетекшісі Жанат Құсайынова 24 жыл ішінде технология сабағымен бірге сынып жетекшілік қызметін абыроймен атқарып, өз шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана секілді асыл қасиеттерді балалардың бойына сіңіруде. Жанат Аймұханбетқызы ата-аналармен бірлесе отырып оқу жылы басталғаннан бері танымдық – тәрбиелік маңызы бар «Мен өз Отанымның патриотымын!», «Құқықтық сауаттылық – заман талабы!» секілді іс-шаралардың өтуіне ұйтқы болды. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында тәрбие ісінің меңгерушісі Асқар Зейнелқабденұлы да тәжірибесімен бөлісіп, мектептің сынып жетекшілеріне бағыт-бағдар беріп отырады.
«Менің тұңғыш Президентім!» атты шара Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейде қол жеткізген толағай табыстары мен жеткен жетістіктерін саралап көрсете білді. Ал «Рухани жаңғыру – болашаққа бастар жол» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде оқушылар өз пікірлерін ортаға салды. Сынып жетекшісі Жанат Аймұханбетқызының сөзімен айтсақ, «Қоршаған ортадағы теріс әрекеттерден үнемі сақтандырып отырса, мұғалім мен ата-ана әрқашан сергектік, шыдамдылық танытып, жан жылуын беріп, шеберлік көрсете білсе, онда балаларымыз өзімшіл болмай, қиындықтан қашпай, міндеті мен парызын орындайтыны болары анық».
Мейрам Екпін