Білім

Атына заты сай емес мектептер мәртебесінен айырылады

Атына заты сай емес мектептер мәртебесінен айырылады

«Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» дейді дана қазақ. Бұл нақыл сөздің облысымыздағы лицей, гимназия деп дабырайтып, ат қойып, айдар таққан мектептерге де тікелей қатысы бар екені сөзсіз. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалық етуімен өткен облыстық білім басқармасының алқа отырысында атына заты сай емес оншақты мектептің өз мәртебесінен айырылатыны белгілі болды.
Сөз тізгінін ұстаған облыс әкімінің орынбасары бұл өңірдің білім басқармасына жаңа басшы тағайындалғаннан кейінгі алғашқы басқосу екенін атап айтып, жиналған қауымды осынау алқа отырысында қаралатын мәселелермен таныстырып өтті. Алқа отырысында алғашқы баяндаманы облыстық білім басқармасының жаңа басшысы Айжан Садықова жасады. Сөзін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстан жаңа жаћандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты биылғы Жолдауынан бастаған бас педагог алда келе жатқан 2016 жылы білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысының 29 пайызға көбейетінін тілге тиек ете келіп, Мемлекет басшысының білім саласының алдына қойып отырған міндеттеріне де кеңінен тоқталды. Елбасы жаңа Жолдауында 2017 жылдан «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» атты жаңа жобаның қолға алынатынын айтқан болатын. Айжан Садықованың айтуынша, бүгінгі таңда облысымызда арнаулы кәсіби білім беретін 80 колледж бар болса, оның 47-сі мемлекеттік көрінеді. Қазіргі таңда осынау колледждерде 36 330 адам 118 мамандық бойынша білім алып, белгілі бір кәсіпті игеруде. Алдағы уақытта, Елбасы Жолдауында айтылғандай, жұмысшы мамандығы бойынша тегін кәсіби техникалық білім беру бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. Алдымен колледждерде жұмысшы мамандығы бойынша білім алушылардың қатары ұлғайып, жүз пайызға жеткізілетін болса, тағы да өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың ішінен екі мыңнан астам адамды «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында тегін оқытып, белгілі бір кәсіпті меңгеруіне ықпал етпек.
Осынау алқа отырысына қатысушылар «Үш тілді дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасымен» де кеңінен танысты. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тікелей тапсырмасымен қолға алынған аймақтық бағдарлама кезең-кезеңмен жүзеге аспақ. 2015-2016 оқу жылына арналған алғашқы кезеңінде қолда бар оқу материалдары іріктеліп, оқыту әдістемелерін жетілдіру бойынша курстар ұйымдастыру, деңгейлер бойынша тест тапсырмаларын жасау секілді жұмыстар қолға алынатын болса, 2016-2017 оқу жылына арналған екінші кезеңде ҰБТ бойынша жақсы нәтиже көрсеткен қазақ, ағылшын, орыс тілі мұғалімдерін материалдық жағынан ынталандыру мәселелері өз шешімін таппақ. Бағдарламаны мұғалімдер қауымына таныстырған жұмыс тобының жетекшісі Марина Кикинаның айтуынша, бағдарламаны іске асыруға жергілікті бюджеттен барлығы 1 356 317 теңге бөлінбек. Оның ішінде жалпы білім беретін мектептерді қазақ және ағылшын тіліндегі бірыңғай оқулықтармен, оқу-әдістемелік және көрнекі құралдармен жабдықтау үшін 544 млн. 743 теңге қарастырылыпты. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі ұсынған Cambridge University Press баспасының ағылшын тіліндегі оқулықтарын сатып алуға 526 млн.196 мың теңге, ал орыс мектептеріндегі қазақ тілін оқытуға қажетті көрнекі оқу құралдарын сатып алуға 18 млн. 547 мың теңге жұмсалмақ. Ал қазақ, ағылшын, орыс тілі мұғалімдерінің курстарын ұйымдастыруға 746 млн. 209 мың теңге қарастырылыпты. Десе де, мәселенің ерекше мән беретін тұстары да жетерлік. Жиында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бағдарламаға бөлінетін әр тиынды қатаң қадағалау қажет екенін атап айтты. Ол үшін бағдарлама аясында арнайы курстан өтіп, біліктілігін көтерген әрбір педагогпен арнайы келісім жасалуы тиіс.
– Бұл, шындап келгенде, ұлттық мәселе. Елдіктің, бірліктің мәселесі. Қазақстанда тұратын ұлттар біріміздің тілімізді біріміз түсінбесек, ешқашан бір ел, бір халық бола алмаймыз. Тіл бір болмай, басқа нәрсе бір болмайды. Мемлекеттік тілдің мәселесін шешсек қана, халықтың ынтымағы мәселесін шешеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Десе де, алқа отырысында қаладағы Оралхан Бөкей атындағы №44 мектептің директоры, жақында ғана «Құрмет» орденін кеудесіне қадаған Таңатқан Қалибекұлы бір шындықты жайып салды.
Әрине, келер ұрпақтың үш тілді болғанын мен ерекше қолдаймын. Бағдарламаның маңызы да өте зор. Бірақ кадр мәселесін шешпесек, айтылған сөз сөз күйінде қалып қоюы әбден мүмкін. Мысалы, мен басшылық жасайтын №44 мектепте 8 ғана орыс тілі пәнінің мұғалімі бар. Оның алтауы зейнет жасында. Сонда оларды үштілді оқытудың аймақтық бағдарламасы бойынша оқытқаннан қандай пайда бар? Олар ертең зейнетке шығып кетеді ғой. Ақшаның желге ұшқаны деген осы болмақ. Бұл – жалғыз ғана менің мектебімнің басындағы жағдай емес, барлық мектептің халі осы. Сондықтан да бұл мәселені тез арада шешу қажет деп ойлаймын. Ол үшін жас мұғалімдерге жағдай жасау керек. Жатақханамен қамтамасыз ету қажет, – деді ол.
Биылғы тамыз мәслихаты кезінде облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ аты бар да, заты жоқ мектеп-лицей, мектеп-гимназиялардың білім сапасы туралы сөз қозғап, өз атына лайық емес білім ордаларын мәртебесінен айыру қажеттігі жайында сөз қозғаған болатын. Көп кешікпей облыс басшысының тапсырмасы бойынша арнайы жұмыс тобы да құрылған. Алқа отырысында жұмыс тобының төрағасы Наталья Бенеш жүргізілген тексерудің қорытындысын жариялады. Жұмыс тобы барлығы 45 облыстық мамандандырылған білім беру ұйымдарын, лицейлер мен гимназияларды нысанаға алып, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, осынша мектептің ішінде тек екі мектеп қана өз мәртебесіне толық лайық деп табылған екен. Оның бірі – Өскемендегі №38 мектеп-гимназиясы болса, екіншісі – дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мамандандырылған орта мектеп.
Наталья Бенеш бір емес, үш жыл қатарынан білім сапасы бойынша нашар көрсеткіш көрсетіп келе жатқан мектептерді де саусақпен санап берді. Олардың ішінде Риддер қаласындағы экономикалық мектеп-лицей, Шемонайха ауданындағы Астафьев атындағы мектеп-гимназия, Курчатов қаласындағы мектеп-гимназия, Риддер қаласындағы мектеп-гимназия, Шемонаиха ауданындағы Н.Островский атындағы №1 мектеп-гимназия, Өскемендегі А.Гумбольдт атындағы шет тілдерін тереңдетіп оқытатын №12 гимназия, Күршім ауданындағы Қ.Нұрғалиев атындағы гимназия және Семей қаласындағы «Жас Ұлан» ер балалар лицейі бар.
Әрине, бұл мәселе облыс әкімінің орынбасарының ренішін тудырды. Аттары аталған мектептердің директорларын орындарынан тұрғызып, неге бұлай екенін түсіндіріп беруді өтінді.
– Айтыңызшы, заманның тар кезінде жақсы болған мектепте білім сапасы қазір неге төмендеп кетті? – деді Жақсылық Омар Күршімдегі Құмаш Нұрғалиев атындағы мектептің басшысына. Содан кейін Семейдегі «Жас Ұлан» лицейінің директорына елімізге болашақта сауатсыз офицерлер емес, білімді офицерлердің қажет екенін қадап айтты.
Тексеру нәтижесінде белгілі болғанындай, тіпті кейбір мектептердің түлектері ҰБТ-ға қатысуды да артық жұмыс санайтын көрінеді.
– Сонда қалай? 11 жыл бойы біз оларды оқытамыз, жылы мектепте білім береміз. Ал олар мектепті тәмамдаған соң, «Қош бол, Қазақстан» деп Ресейге, Украинаға немесе Еуропаға тайып тұрады. Және ең ақылдылары кетеді. Сонда Қазақстанда кім қалады? Елімізді кім өркендетеді? Біз кімнің экономикасы үшін жұмыс жасап жатырмыз. Біздің Шығыстағы университеттер анау Томск, Барнауыл қалаларындағы университеттерден бір де кем емес. Сіздер оқушылардың ат¬а-аналарымен жұмыс істеңіздер. Өйтпесеңіздер, орынды босату қажет, – деді Жақсылық Омар.
Сондай-ақ, алқа отырысында облыс басшысының орынбасары білім саласында осыдан біраз уақыт бұрын қолға алынған «Мейірім», «Түлек кз», «Мәңгілік Ел» секілді жобалардың орта жолда қалып қойғанына алаңдаушылық білдірді.
– Бұл жобалар ең алдымен біздің өзімізге қажет, – деген облыс басшысының орынбасары аудан, қалаларда құрылысы жүріп жатқан білім нысандарының ахуалы туралы да жауапты адамдардан сұрап білді. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының басшысына атына заты сай емес мектептерді мәртебесінен айыруды да қадап тапсырды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button