Аймақтар аухалы

АТЫНА САЙ «АРДАГЕРЛЕР БӨЛМЕСІ»

Шынқожа ауылының 2000 жылы мектеп бітірген түлектері – ауылдың 1983 жылы туған азаматтары  биыл  ауылға ардагерлер бөлмесін жасап берді.

Ардагерлер бөлмесі бүгінде барлық ауылдарда бар. Бірақ көпшілігі көңіл құлазытардай  алаң-ашық құр бөлме ғана екенін барған жерде көріп жүрміз. Әрі кетсе, ішінде бильярд үстелі бар…

Шынқожа ауылындағы «Ардагерлер бөлмесінің» төрт қабырғасы толықтай осы «Нарын» ауылдық округіндегі еңбек және ҰОС, ауған соғысы ардагерлеріне, «Батыр аналарға», «Ардагер ұстаздарға» арналыпты. Қарттардың суреттері ілініп, ардагерлер жайлы ақпараттар жазылған стендтердің жанынан ауыл округінің тарихы, бүгінгі жайлы мағлұмат берер қызықты деректер орын алған екен.

«Туған жерге туың тік» деген төрдегі тағы бір әдемі стендтен ауылға, ауылдастарына қамқор көңілмен қарап, округтің әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіп жүрген ауыл азаматтары туралы оқып білдік. Ауылына қарайласып жатқан ауыл тумаларына осылай құрмет, ілтипат көрсетіліпті.

«Ардагерлер бөлмесі» ауыл қарттарының туған күнін де естен шығармай, туған күн иелеріне арнап шағын құттықтау бұрышын ашып қойған екен. Мерейтой иелерін, зейнетке шыққан ауыл азаматтарын осы жерде салтанатты түрде  құттықтау игі дәстүрге айналған. «Бірауыз сөз жан тетігін табады, Бірауыз сөз мың әуреге салады» деген, қарттарға ең керегі сол пейіл мен көңіл ғой. Бөлмеге жайлы орындықтар, диван, теледидар, ортадағы үлкен үстелге аудандық, облыстық, республикалық басылымдардың тігінділері  қойылған, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ тұр.

– Округімізде, ауылымызда ауыл азаматтарының көмегімен атқарылып жатқан өзге де шаралар аз емес. Биылғы Жастар жылында Айдын Смағұлов деген жерлесіміз ауылға бильярд үстелін, 20 оқушыға спорттық киімдер сыйға тартты. Ауылдың 1982 жылы туған тумалары ауыл мешітіне  500 мың теңгенің жылытқыш пешін, Кәкенқажы, Қабылан, Мадияр деген азаматтар ауылға бірнеше дана энергия үнемдегіш шамдар, басқа да қажеттіліктерді сатып әперді, «Шынтемір» қожалығының иесі аз қамтылған отбасының баласын шағын орталықпен қамтуды өз мойнына алып отыр, – дейді «Нарын» ауылдық округінің әкімі Медет Түсіпов Шынқожаның шырайын  кіргізіп жатқан жерлестері жайлы.

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ КУӘГЕРІ

Аягөзде тұратын Қабден ата – осы өңірде қалған  жалғыз Ұлы Отан соғысының майдангері.

Жеңіс күнін Польшаның Прага қаласында қарсы алған жауынгер Қабден Смағұлов 1945 жылы туған жеріне аман-есен оралып, ауданда  ұзақ жылдар ұстаздық еткен екен.    Қару асынып, майданға кіргенінде небары 19 жаста болған қарт бүгінде 98-ге келіп отыр.

Қабден ата 1941-1942 жылдары Мәскеу түбіндегі Волоколамск тасжолындағы шайқасқа, одан әрі Польшаны  азат етуге қатысып,  майданда екі рет жараланыпты. Ардагер соғысқа қалай аттанғанын, қайтып оралғанын әңгімелеп берді. Қос жанары көрмей қалғанымен, көкірегі сайрап тұр.

– Басына сәлде киген қарт кісі келіп таяғымен түртіп қалғандай болды. Көзімді ашсам, қап-қара түнек, ештеңе көрінбейді. Аяғыма пулемет оғы тиіпті. Алға жылжиын десем, шамам келер емес.  Бір кезде жан-жағым жап-жарық болып кетті. Сөйтсем, окопта жатқан жерімнен тырмысып далаға шыққан екем, – деп еске алды ардагер майдан шебінде екінші рет жарақаттанған сәтін.

Қабден  ата соғыста осылай от кешіп қайтса, ардагердің немересі Қуандық майдангер атасының ерлігін бейбіт күнде қайталап, даңқын асырыпты.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Семей қаласындағы Батыс әскери қалашығының 35411 әскери бөлімінің қызметшісі 2019 жылдың ақпан айында жанып жатқан үйдің тұрғындарын эвакуациялауға қатысып, Семей қаласының жатақханалардың бірінде болған өрттен 15 адамды құтқарып қалғаны ел есінде болар. Сол ефрейтор Қуандық Қанатов деген сарбаз – Қабден атаның туған немересі, қызының ұлы. Қарияның келіні Жазира өрт қауіпсіздігі бойынша алған біліктілігінің арқасында қаншама адамды құтқарып қалған Қуандықтың «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғанын айтты.

Келер жылы Ұлы жеңіске 75 жыл болмақ. Ардагер  өзінің жеңісті жолын жалғастырып жатқан Қуандықтай ұрпағын, бүгінгі бейбіт заман, берекелі елді көріп отырған тағдырына разы.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button