Аймақтар аухалы

АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН ҚАРАҒАЙЛЫ

Семей – Алаш арыстарының таңдауы түскен, тарихы тереңнен тамыр алған қасиетті қала. Алағай да, бұлағай замандарда елім деген есілдерге пана бола білген көне шаһарды облыс орталығы мәртебесінен айырғанымызға да ширек ғасырға таяп қалыпты.

«Кісіге қараған күнің құрысын» дегендей, алғашқы үш-төрт жылда әне-мінеге сыр бере қоймаған қарт Семей, уақыт өте келе қиындық пен жоқшылықтың қамытын киіп бұрын-соңды болмаған ауыр күндерді басынан өткеруге мәжбүр болды. Қыс келсе, қаладағы жылыту орталықтары бірінен соң бірі істен шығып, сақылдаған сары аяздарда жылусыз қалған күндерді де, жаз демей, қыс демей тәуліктеп жарық өшірілген түндерді де, ыстық суды айтпағанда, суық суға зар боп қалған ауыр күндерді де семейлік ағайын әлі ұмыта қойған жоқ. «Мұндай жоқшылық пен тапшылыққа облыстық бюджеттен қаражат көзі қарастырылмаған» деген шығарып салма сылтаудың құрбаны болған шаһар шаруашылығы жыл өткен сайын шатқаяқтай бергенін де кімнен және несін жасырамыз?

Айтылған сөз – атылған оқ, уәде жерде қалған жоқ…

Құдайға шүкір, соңғы төрт-бес жылда, әсіресе облыс тізгінін Даниал Кенжетайұлы қолына алғалы біраз жыл жетім қозының күйін кешкен қайран Семейге көңіл бөлініп, Алаш астанасының ажары кіре бастағандай. Тәуелсіздік алған жылдардан бері жөндеу дегеннің не екенін ұмыта бастаған шұрық-тесік көшелеріне күрделі жөндеулер жүргізіліп, орталық жылу қазандықтары қалыпты жұмыс ырғағына енгеннен бері Семейдің еңсесі әжептәуір тіктеліп қалды. Ұзақ жылдар қараусыз қалған жағалаулар мен саябақтар қамқорлыққа алынып, Алаш арыстарының ескерткіш мүсіндерінің бой көтере бастауы сөзіміздің дәлелі бола алады.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Семейде болған іссапарларының бірінде облыс басшысы: «Семей қаласын абаттандыруды нақты қолға алып жатырмыз. Болашақта Семей – адам танымастай өзгеретін болады» деген еді. Бүгін Семей халқы осы бір берілген уәденің жай әншейін айтыла салған көп сөздің бірі емес екендігіне күн өткен сайын көз жеткізуде десек, асырып айтқандық бола қоймас. Басқа салаларды айтпағанда, соңғы жылдарда ғана қаладағы құрылыс нысандарының көз ілеспес шапшаңдықпен қарқын алуының өзі бір кездердегі жүдеген, жасыған көңілдерге дем беріп, Семейдің болашағына кепіл бола алатындай әсер қалдырады.

Жекелеген нысандарды былай қойып, қазір Семейдің Павлодар облысына шығаберіс оң қапталынан Қарағайлы деп аталатын тұтас бір аудан бой көтеріп келеді. Салынып жатқан тұрғын үйлерінің қайсыбіреулері 12 қабатқа дейін баратын жаңа ауданның құрылысы сапалы. Тұрған жері қаланың ию-қию шуылынан тыныш. Экологиялық тұрғыдан ауасы да әлдеқайда таза қалашық қазірдің өзінде көздің жауын алғандай.

Құрылысы күн санап қарқынды дамып келе жатқан жаңа ауданның бүгінгі жай-жапсарын, болашағының қандай болатындығын білу мақсатында Семей қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Бақтияр Сәлімовпен жолыққан едік.

– Бұл жер бұрындары бос жатқан аумақ болатын, – дейді Бақтияр Якупұлы. – Қай бір жылдары «100 мектеп, 100 аурухана» атты мемлекеттік бағдарлама басталған кезде, қаланың ортасынан мектеп салуға ыңғайлы орын болмағасын осы жерге мектеп салынған ғой, Б.Сапарбаевтың тұсында. Науқаншылықпен салынуын салынып қалса да, бұл нысанға келетін не жылу, не су, тіпті кәріз жүйелері де қарастырылмаған. Бір сөзбен айтқанда «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» болып шыққан.

Өңір басшысы Даниал Ахметов 2017 жылы қаланы дамыту бағдарламасына сәйкес жер учаскелерін таңдап жүрген кезде, айдалада тұрған осы мектепке көзі түседі де: «Мынау қай архитектордың фантазиясы? Не автобус келмейтін, не коммуникацияға қосылмаған айдалада тұрған бұл мектепке қайтіп бала оқытпақсыңдар?» деген сауалды төтесінен қойған болатын. Осыдан соң кәсіби мамандармен жан-жақты ақылдаса келе, дәл осы жерге Даниал Кенжетайұлының бастамасымен «Жаңа қалашық салу керек!»  деген тың идея дүниеге келді.

Мектептен бөлек, сол жерден Семей медициналық академиясы өз студенттеріне арнап «Жеті жатақхана саламыз» деп жер алып, құрылыс жұмыстарын бастаған. Олардың тапсырыс берушісі де, қаржыландырушысы да әу бастан Денсаулық сақтау министрлігі болатын. Бірақ қазіргі күні басталған жұмыстары белгісіз себептермен аяқсыз қалып тұр. Бұл құрылыс нысандарына облыстың да, қала әкімдігінің де еш қатысы да, қызығушылығы да жоқ екендігін айта кеткеніміз дұрыс болар…

Баспаналы болғандар бақыттан басы айналды…

– Бүгінгі таңда қандай ірі құрылыс нысандары бой көтеруде?

– Қазір Қарағайлыда 2016 жылы пайдалануға берілген 720 оқушыға арналған Назарбаев зияткерлік мектебі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Ол жерде оқу корпусынан бөлек, 120 орындық жатын корпусы да қарастырылған. Бұдан басқа, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының, 5600 көрерменге арналған «Абай арена» мәдени-спорт кешенінің, 1200 балаға арналған төрт жалпы (оның біреуі жұмыс істеп жатыр) білім беру мектебі, әрқайсысы 320 орынға есептелген бес балабақша, сондай-ақ 1000 орындық көрерменге арналған мұз айдыны модулінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

– Бұл құрылыстардың негізгі мердігерлері кімдер?

-Түрлі абаттандыру, жол салу, жарық тарту жұмыстарын жүргізіп жатқан ұсақ бригадаларды айтпағанда, негізгі құрылыс жұмыстарын «СәтТранс», «ВостокСтрой» компаниялары мойындарына алған. Бір ерекшелігі, бұл жердегі көпқабатты үйлердің барлығының дерлік астыңғы қабаттары бүгінгі заман талабына сай ескеріліп, бизнес ашуға ыңғайландырылған. Сондықтан дүкен, шаштараз, тіс емдеу кабинеттерін және т.б. күнделікті тұрмысқа қажет ұсақ-түйек кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге барлық жағдай қарастырылған.

     – Баспаналарға көпшілік тарапынан сұраныс бар ма?

– Болғанда қандай. Баспаналы болсақ деген тұрғындар тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазір еліміздің ІІ деңгейлі банктері арқылы «Нұрлы жер», «7-20-25» және «Бақытты болашақ» бағдарламалары бойынша несие алып, баспаналы болып жатқан халықтың есебінде де, қуанышында да шек жоқ. Жақында ғана облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы бірқатар көпбалалы анаға, әлеуметтік жағдайлары ауыр отбасыларына жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды. Сол жердегі баспаналы болған жандардың қуанғанын көрсеңіз. Қайсыбіреулері қуаныштан кеп қалған көз жастарын да тия алмай қалды.

– Сонда ол пәтерлер тегін берілді ме?

– Жоқ, тегін деген сөз жоқ. «Без права приватизаций» деген бар. Бір сөзбен айтқанда ай сайынғы коммуналдық шығындарын өздері төлеп тұра береді, бірақ жекешелендіруге болмайды. Егер болашақта ақшасын төлеп сатып аламыз деп жатса, әңгіме басқа…

«Жүз рет естігенше, бір рет көзбен көрген артық» демекші, Семейдің тап іргесінен бой көтеріп келе жатқан Қарағайлы шағын ауданын өзіміз де барып көрдік. Қазірдің өзінде ол жерде көпқабатты 20 тұрғын үй  (жалпы көлемі 111,736 ш.м. 1 405 пәтер) бой көтеріп, ұзақ жылдардан бері баспана ала алмай жүрген жергілікті халық игілігін көріп жатыр екен. Тіршілікке қажетті жарық, жылу, ыстық-суық су, кәріз жүйелері, автокөлік жолдары барлығы да қарастырылған. Заман талабына сай салынған үйлердің аулалары да айтарлықтай кең. Көлік қоятын орындар мен балалардың ойын алаңқайлары мейлінше жабдықталып, абаттандырылған.

Ағымдағы 2019 жылы тағы да 24 тұрғын үйдің (128,409 ш.м. 1617 пәтер) құрылысы басталса, болашақта бұған қосымша және 43 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары қаралып жатқан көрінеді.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні Қарағайлыдағы құрылыс жұмыстары қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Енді бір екі жылда бүгін көрген қалашығымызды танымай қалуымыз да ғажап емес секілді. Біздің қазақ әсіресе жерге, суға ат қоюға  келгенде шебер-ақ халық қой. Бұл қалашықтың Қарағайлы аталуының өзі қандай жарасымды. Кереку бағытынан Семейге кіреберіс күре жолдың екі жақ қапталындағы сыңсыған қалың қарағай жайқалғаннан-жайқалып кеп тұмсығын Қарағайлыға бір-ақ тірейді. Әрмен қарай, әсіресе түнгі мезгілде жарқ еткен жасындай боп көздің жауын алған жаңа қалашық басталады. Қандай ғажап көрініс!

Тағы бір байқағанымыз, жаңа қалашықтың жаңадан қоныстанып жатқан тұрғындарының дені де өзіміздің қаракөз қандастарымыз екен. Бұл да көңілге зор қуаныш ұялатты.

Ендеше «Жыл өткен сайын баспанасыз жүрген қандастарымыздың саны азая берсін!» деп тілеу тілейік.

Атақты Мәди бабамыздың «Атыңнан айналайын Қарқаралы» деген тамаша әнін білмейтін қазақ баласы жоқ шығар.

Сол әннің сөзін сәл бұрмалап:

– Атыңнан айналайын Қарағайлы,

Мың жылқы қарағайды аралайды, – деп жазбамызды түйіндей келе, «Баспаналы болып жатқан ұлтымыздың ұл-қыздары, әсіресе жас отбасылары мыңдап жылқы айдап кетпесе де, бай-қуатты болса екен!» дегіміз келеді…

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button