Атом қасіреті швед суретшісінің көзімен

Алматыда швед суретшісі Туве Крабоның «Қылмыс орындары: алғашқы найзағай» атты жеке көрмесі ашылды. Оған арнайы шақырумен белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов, «Невада-Семей» қозғалысының вице президенті Султан Картоев, Семей ақсақалдар алқасының төрағасы Кеңес Райымбеков және еліміздегі жоғары оқу орындарынан 14 студент қатысты.
Осыдан ширек ғасыр бұрын үні өшкен ядролық сынақ полигонының адамзат пен қоршаған ортаға тигізген қасіретіне арналған көрменің ашылу салтанатында бірінші болып Олжас Сүлейменов сөз алып, Орталық музей мен Швеция Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің ұйытқы болуымен ашылған көрменің біз үшін, әлем жұртшылығы үшін маңызы өте зор екендігін тілге тиек етті. Студенттер арасынан Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің студенті Мәдияр Телманов, Астанадан Майтан Әйгерім, Павлодардан Олжас Амантайұлы сөз алып атом полигонының жабылуына ерекше еңбек сіңірген Олжас Сүлейменовке алғыстарын айтты.
– Біз жастар «Таза табиғатпен – ядролық қарусыз ғасырға» атты идея үшін күресеміз. Елбасын қолдаймыз, – деді жастар. Жиын соңында арнайы шақырумен көрмеге қатысқан семейлік батагөй қарт, педагог Кеңес Ғазезұлы жастарға елімізге адал, күш-қайратпен еңбек етіп, бейбітшілік үшін күресуге оң тілек айтып, батасын берді. Көрме келушілерге ерекше әсер қалдырды.
Мәуітқазы Зүкенов