Қоғам

Атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді

Азамат Темірбеков

Бородулиха ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұманов бірқатар нысандарды аралап, оң бағасын берді.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, өңірге атбасын бұрған лауазымды тұлға сапар барысында Новопокровка ауылындағы «Исток 2» шаруа қожалығында болып, жер өңдеумен айналысатын қожалықтың жұмыс барысымен танысып, өтініштері мен сұрақтарын тыңдады. Сондай-ақ аталған ауылдағы білім беру, денсаулық сақтау, жеке кәсіпкерлік нысандарын аралап, түйткілді мәселелерге құлақ асып, бақылауға алды. Көп жылдар бойы жылыжайда көкөніс өсірумен айналысып келе жатқан жеке кәсіпкер Мушохира Төлебаевамен кездесіп, бау-бақша шаруашылығын дамыту ісіндегі мәселелер жайлы сұрап, шешу жолдарын ұсынды.

Сондай-ақ Белағаш ауылдық округінің Зенковка ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстармен танысып, жергілікті меценаттардың ауылды дамытуға қосып жатқан үлестеріне алғысын білдірді. Белағаш топтық су құбырында болып, проблемалық сұрақтарды назарға алды. Бұдан бөлек, бүгінде жұмысын қайта бастаған Белағаш ұн тарту комбинатының жұмыстарын бақылаған ол ондағы жұмысшылармен сұхбаттасты.

Аудан орталығында орналасқан Бородулиха колледжінің ұжымымен кездесіп, негізінен ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтарды игеріп жатқан студенттердің оқу жағдайларымен танысты. Келесі кезекте құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің басында болып, құрылысты уақтылы әрі сапалы жүргізуге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Бородулиха аудандық орталық емханасындағы заманауи құрылғылармен жабдықталуына оң бағасын берген Президент Әкімшілігінің өкілі мекеме басшылығымен жетістіктер мен проблемалық сұрақтарды талқылады.

Сапар соңында ауданға ғана емес, өңірге танымал «Е.Зайтенов» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, ондағы егін және мал шаруашылығын қатар игеру жұмыстарын оң бағалады. Шаруа қожалығының жұмысымен танысып, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытудың әдістері мен жолдарын қарастыру мәселесін қозғады.

Осы айдарда

Back to top button