Тағдыр

АТЕИСТІҢ АҚЫРЫ…

Жетпіс бес жыл қан түстес жалауын желбіретіп, қарамағындағы аз ұлттарға зорлығы мен озбырлығын қатар жүргізген кеңес үкіметі келмеске кетсе де, қалдырған ізі осы күнге дейін жұрттың жадында сайрап тұр. Кеңес үкіметінің жымысқы саясатынан ерекше теперіш, қуғын-сүргін көрген құндылықтарымыздың бірі – қасиетті дініміз болатын.

Ол кезде қазіргі күні емін-еркін айтылып жүрген: «Инш Аллаһ», «Я Раббым», «Жарлығы күшті Жаратқан» деп келетін жаратушы иемізге деген мадақ сөздер немесе қасиетті құранда кездесетін лексикондарды кез келген ортада айтуға болмайтын. Айтқан былай тұрсын, ол кезде мектеп бағдарламасында ислам дінін күстәналайтын атың өшкір атеизм деген арнайы пән жүргізілетін. Сол кезеңнің егде тартып қалған діндар ақсақалдары былайғы күндері намаздарын үйлерінде тығылып оқыса, айт күндері ала таңнан зират басына барып, аруақтарға жасырынып құран бағыштайтын.

– Тәубе! – деп айтайық. Ондайды момын жұртымыз енді көрмесе екен…

 

                                   Қалдырған ізің мәңгілік…

 

Бесінші сыныпқа барған кезім. Жазғы каникулды қойлы ауылда өткізіп, ондағы малшылар қауымымен «Ассалаумағалейкум, Уәликімассәләм!» – десіп, емін-еркін амандасып үйреніп қалатын әдетіміз бар. Бірде мектеп дәлізінде жолыққан денешынықтыру пәнінің мұғаліміне өзімше зор құрмет көрсетіп, «Ассалаумағалейкум ағай!» деп, дауыстап тұрып сәлем бермесім бар ма? Сол-ақ екен, басым бәлеге қалсын. Әлгі физкультурник мұғаліміміз орысша-қазақша араластыра сөйлеп, сол кездің модасымен кең-балақ шалбар киіп, шаш өсіріп жүретін айтулы сәнқойлардың бірі болатын.

Амандасып, жанынан өте беріп ем, фамилямды атап тоқтатып алды. Үзіліс кезі, дәліз толған оқушылар. Қасыма таяп келді де, оң қолымен сол құлағымнан шап беріп ұстай алды да: – Что, что ты сказал? А ну ка, повторика еще раз – деді, дауысын соза әуендетіп. Құлақтан бұрау – бұл да сол кездегі қайсыбір қатал мұғалімдердің қиқар оқушыларға қолданатын жазалау тәсілдерінің бірі болатын. Мен, «Апыр-ау, не бүлдіріп қойдым?» деп ойлап үлгергенімше, құлағымды жанын шығара бұрап-бұрап жіберді. Әлгінде ғана өз беттерімен улап-шулап жүрген оқушылар қызықтан құр қалатындай әп-сәтте әлгі жерге жыпырлай қалды. Құлағымның ауырғаны сондай, көзімнен бырт-бырт етіп жас шығып кетті.

Әттең, үлкен аға-әпкелерім көрсе, сөз жоқ «Мұныңыз не?» деп, араша түсер еді. Өкінішке қарай олар, үлкен кластар бірінші ауысымда оқитын. Әлгі мұғалімімнің сондағы таққан айыбы – менің құран тілімен сәлемдескенім екен. Жиналған оқушыларға осы бір ауыр күнәмді жариялай тұрып, кеңестік пионерлердің мектеп те де, үйде де және ешқашан да, ешкіммен «Ассалаумағалейкум!» – деп амандаспауы керектігін шегелеп айтты.

Сөйтті де: – Ұқтың ба ей? Ты понял меня, дикарь несчастный? Запомни раз и на всегда. Ты находишься в советской школе и нечего тут исламский опиум распространять – деп, құлағымды жібермеген күйі басымды қабырғаға әкеп үш-төрт мәрте ұрып-ұрып жіберді.

Жаным көзіме көрінсе де намыстанып, көптің көзінше сыр бермедім. Оның үстіне қайда соғылмай, қайда созылмай жүрген бас пен құлақ? Мұндайда біздің қазақ, «Бастан құлақ садаға» демейтін бе еді. Мен де сөйттім…

Бір қайран қалатыным, сол кездегі ата-аналар мінезінің кеңдігі ме болмаса қалыптасқан тәртіп солай ма, әйтеуір мұғалімге қарсы келуге болмайды. Олар балаларын бүкіл кластың көзінше басқа-көзге төмпештеп ұрып-соғып, орынсыз ғайбаттап, жазықсыз тіл тигізіп жатса да «мыңқ» етпейтін. «Мыңқ» еткеніңіз не, ондай жайтты естіп қалса, жәбір көрген баласына араша түскеннің орнына, сол мұғаліммен қосыла ұрсып, қажет болса ұрып та алатын. Сондықтан біздер, сол кездегі кеңестің «жаны сірі оқушылары» мектепте орын алатын ондай оқиғаларды үйдегілерге білдірмеуге тырысатынбыз.

Ал, қазір заман да, заң да басқа. Бүгінгі оқушыны сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша указкамен ұрып немесе құлағынан жұлып жазалап көріңізші. Дереу арыз жазып, көзіңізге көк шыбын үймелетіп, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығарсын. Ол аз десеңіз, «баланың денсаулығына нұқсан келуіне байланысты» дәрігерге қаралуына, сосын оқушының «психикасына түскен ауыр соққыға» деп, ата-анасына бірнеше мың долларды шытырлатып тұрып санап бересіз.

Солай, қазір оқушы мұғалімнен емес, керісінше, мұғалім оқушыдан қорқатын заман.

 

                                Жадымда тұрар жаңғырып…

 

Ол да бір өзінше қызық, келмеске кеткен кездер екен. Кейін сол мұғалім «ішкілікке салынып, жанұясымен ажырасып, жұмысынан шығып қапты» деп естідім. Ақыры, ішкен жерінде мас боп жатып қалуды күнделікті әдетіне айналдырған көрінеді. Сөйтіп жүріп, бір кездегі кеңестік идеологияның жандайшабы болған атеист мұғалім күндердің-күні із-түзсіз жоғалып кетіпті…

90-шы жылдардың орта тұсы. Күн жұма болғасын сабақтан шығып, Семейдің орталық мешітіне бардым. Әдеттегідей мешітке кіріп-шығып жатқан ығы-жығы адамдар. Кіреберіс қақпаның қасында қайыр тілеген қайыршылар…

…Тысқа шыға бергенім сол, ғибадатхананың алдында қайыр тілеп тұрған  бір қаңғыбас жолымды кес-кестей кеп, бір сәт тесіле қарап тұрды да:

– Бауырым, сен осы Серік емессің бе? – деді. Ойда жоқта үсті-басы алба-жұлба, сақал-мұрты мен шашы бей-берекетсіз өсіп, бет-ауызы көлкілдеп кеткен, ұсқыны адамнан гөрі әлдебір хайуанға ұқсаңқырайтын қаңғыбасты шынымды айтсам тани алмадым.

Ол да осы сәтті пайдаланып: – Мен  бір кездегі сенің мұғалімің, пәленшемін ғой, есіңде ме? – деп, есімін айтты. Шамасы, мені ішке кіріп бара жатқанымда байқап қалған секілді. Жаныма таяп келгенде үстінен қолқаны қабатын күлімсі бір иіс мүңк ете қалды. Сояудай тырнақтарының асты қап-қара кір. Еріні тілім-тілім боп тілініп кеткен бір кездегі сәнқой мұғалімімді сонда ғана шырамытқандай болдым да:

– Е,е пәленше ағай, сіз екенсіз ғой, енді таныдым – дедім, жүрегім айнып әзер тұрсам да, сыр білдірмей.

Әсілі, адамдардың қайсыбір қылықтары кейде қызық. Әлгі мұғалімім өзінің итке бергісіз бейшара түріне қарамай: – Ә-ә, танысаң неге сәлем бермейсің? – деп, қас-қағымда өзі де, сөзі де өзгеріп шыға келсін. Дауысында бір міндетсіну бар…

Осы сәтте сонау бір бала күнгі келеңсіз оқиға ойыма сап ете қалды да: – Ой, ағай ғафу етіңіз! Сізге қалай деп сәлемдесерімді білмей, «Ассалаумағалейкум!» десем, құлағымнан бұрап, мына мешіттің қабырғасына басымды ұрып жүрмес пе екен?» деп, жасқаншақтап тұрғаным – дедім, қитығып.

Денесін ток соққандай селк ете қалды да, басын сылқ еткізіп төмен салды. Қанша дегенмен әкесі де, шешесі де оқыған, өзі де мұғалім, зиялы отбасынан шыққан бір кездегі адам секілді адам ғой. Бойында әлі де болса ұяттың жұрнағы қалған екен.

Қолына азын-аулақ садақа ұстатып, кетуге ыңғайланғанымды байқаған ол: – Серік бауырым! Сен.., сен мені…, сол бір қисынсыз қылығым үшін.., кешірші… Егер, кешіре алсаң… – деді, кемсеңдеп. Жанарынан сорғалай құлаған жасы көптен бері су көрмеген бетін айғыздап тастапты…

…Ешнәрсеге түсінбеген қасымдағы екі жігіт, былай шыға сала:

– Секе, бұл кісі кім болды? – деді қосарлана.

Ұялсам да,  «Ұстазым еді» – деп жауап бердім…

 

        Серік ҚҰСАНБАЕВ

 

Осы айдарда

Back to top button