Атажұртқа келгенде, құшақ жая қарсы алған басылым
Менің «Дидар» газетімен таныстығым елімізде Тәуелсіздік таңы сәулесін шашқан 1991 жылдан басталған еді. Сол жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақ радиосының бас редакторы ретінде қонаққа келіп, газеттің бас редакторының орынбасары, марқұм Тұрғазы Нұқаев ағамыздың қабылдауында болып, әріптестеріммен дидарласып, лебізімді, бірнеше өлеңдерімді жариялатып қайтқан едім.
Шеттен келдің деп шетқақпайламаған ұжымға алғысым шексіз
Ол кезде қара шаңырақ Қазақстанға қоныс аударып, қазақ баспасөзінде қызмет істеу Моңғолиядағы қазақ журналистерінің арманы еді. Ағамыз «Егер атажұртқа қоныс аударсаң, бізге қызметке кел» деп, ақ көңілімен адал ойын айтқан еді. Кейін Жұмәділ Әділбаев ағамыздың қамқорлығымен «Дидар» газетіне тілшілікке келгенімде:
Есімі құрметпенен аталатын,
Тигендей Нұрағаңның шапағаты,
Еске алдым ағатайды дидарғайып,
«Дидардың» аттағанда босағасын, – деп жыр арнауымның өзі осы құрметтен туындаған-ды.
Мен «Дидар» газетіне жұмысқа атажұртқа көшіп келген 2004 жылы қабылдандым. Өзінің 85 жылдық тарихында талай қилы кезеңді бастан кешірген «Дидар» газетінің еліміздегі кезекті қиын кезі – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нарықтық экономиканың өтпелі кезеңі аяқталып, тіршіліктің оңала бастаған шағы еді. Ұжымның көңіл-күйі тым жоғары, жүздері жарқын, жүректерінің ақтығымен менің көңілімде қалды. Шеттен келдің деп шетқақпайламай, бауырларына тартып, ақыл-кеңестерін беріп, қатарларына қосып алған ұжымға алғысым шексіз. Әрі осы ұжымда қызмет істеген алғашқы сырттан келген қазақ екенімді мақтан тұтамын.
Осы жылдары «Дидардың» шығармашылық ұжымы ең үлкеніміз Мұрат Әміренов ағамыздан бастап, Әлібек Қаңтарбаев, Бекәділ Сәдібеков, Ғалым Байбатыров, Әлімжан Қадылбекұлы, Ғафура Сәрсенбайқызы, Уәлихан Тоқпатаев, Есімхан Орынбаев , Айна Ескенқызы сияқты сол кездегі орта буын мен Жанаргүл Мұқатаева, Айжанат Бақытқызы, Ержан Әбішев, Дәурен Аллаберген сияқты жас қанат қаламгерлер, Аманкелді Жанахметов, Хасен Зәкәрия, Ардақ Бөлдекбай сынды аудандағы меншікті тілшілер қоғамдық өмірдің әр саласындағы өзекті мәселелерді өндіре жазып, газеттің ауыр жүгін бөлісе арқалап, оқырман қауымның ризашылығына бөлене білді.
Бұған қоса журналистикадағы газет оқырмандарын көбейтіп, беделін арттырудың негізгі қағидаттарының бірі белсенді авторлармен жұмыс жасау болса, «Дидар» газеті бұған ерекше мән беретін-ді. Халықтың ұлттық рухы оянып,қазақтығымен қапысыз мақтанған, көркем әдебиеттен тарихқа көбірек ден қойған осы кезде белсенді автор, ел тарихын есінде тұтқан Зейнолла Қайсенов, Төлеубай Байжұманов, Тана Бапинов, Меңғали Мусин, Ғабит Зұлқаров сынды ағаларымыз бен Жұмағазы Игісінов, Берікхан Тайжігіт, Рауза Исмурзина сияқты ұлттық рухы биік белсенді авторлар өздерінің тұшымды материалдарымен газет беделін асыруға айтулы үлес қосқан еді. Тілшілердің жазған – сызған әрбір материалына шұқшия қарап, байыпты сараптаудан өткізіп отыратын журналист, ғалым Айтмұхамбет Қасымовтың мұқияттығы, байсалдылығы, қырағылығы арқасында редакция ұжымы осы жылдарда қандай бір қателікке жол бермегенін де айта кеткім келеді. Менің «Дидар» газетіндегі тілшілік қызметім, журналистика саласындағы жаңа кезеңім осылай басталған-ды.
Қаламы жүйрік журналистердің ұстаханасы
Газет ұжымы мұнан кейінгі жылдары білімді-білікті журналистермен онан сайын толыға түсті. Серік Құсанбаев, Серік Әбілханов, Мейрамтай Иманғалиқызы, Азамат Қасым, марқұм Еркінбек Асқарұлы сияқты әріптестеріміз газетке жаңа серпін әкелді. Әсіресе мемлекеттік саясаттың құрамды бөлігі, ұлттық рухымыздың түп қазығы тіл, аномастика, салт-дәстүр төңірегіндегі тілшілеріміздің көтерген өзекті мәселелері, сыни материалдары оқырмандардың көңілінен шығып, газетіміздің абыройын асқақтатуға ұйытқы болды. Отаршылдық саясат салдарынан орысша атауға ие болған көптеген жер-су, елді мекендердің байырғы атаулары да осы жылдары қайтарылды. Бұған қарсы болған топтар «облыс әкімі – Бердібек Сапарбаев, оған арқаланған «Дидар» газетінің тілшілері асыра сілтеп, елді мекендердің орысша атауларының барлығын қазақшалауға күш салып жатыр» деп Елбасы атына шағым да жазған еді.
Бұдан кейінгі жылдары ел экономикасының қарқынды дамуы баспасөз ұжымдарының қызметіне де жаңа серпін бергені белгілі. Нұржан Қуантаевтың басшылығында «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттерінің басын қосқан «Шығыс-Ақпарат» ЖШС құрылған жылдары газет жаңа сапаға көтерілді.
Тілшілер құрамы білімі терең, ойы ұтқыр, қаламы ұшқыр кілең өрімдей жастармен толықты. Газет беттеріне мемлекеттік саясатпен қатар тарихи, рухани, танымдық, қызықты дүниелерді топтастырған «Сөзіне сүйінсең», «Газет айтыс», «Ауылдың айтқыштары», «Тылсым дүние», «Көне сөздер көмбесі», «Достық шарж» сияқты түрлі айдарлар аясында берілетін қысқа да нұсқа, оқырманды еріксіз жетелейтін дүниелер тұрақты жарияланатын болды. «Дидар» сол жылдары Шығыс топырағында дүниеге келген ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, өнер жұлдыздарының өнегелі өмірлері жайлы очерктер, көлемді сұхбаттарды жоспарлы түрде жариялап тұрды. Газет беттеріндегі осындай ойлы да қызықты материалдарды оқырман қауым тұщына оқып, ғибрат алатындары туралы хат жолдап, әсіресе әр жылы аудан, ауылдарда өткізілетін редакцияның есеп беру жиындарында ризалықтарын айтатын. Міне, сол үрдістің бүгінде жалғасын тауып жатқаны қуантады.
Жалпы, Шығыс Қазақстан кеңес дәуірінде орыстанған өлке болса да, «Дидардың» өткеніне көз жіберсек, алғашқы саны дүниеге келген 1931 жылдан бергі 85 жылдық тарихында білімді, білікті, ұлттық рухы жоғары, қаламы жүйрік журналистерге кенде болмаған екен.
Сонау 1931 жылы өз ғұмырнамасының алғашқы парақтарын алғашқы редактор Мақсұт Тайшыбаевтың «Бассыздық па, батырлық па?», «Аты өшкір Әндіреев», «Ұлы орысшылдық па, жергілікті ұлтшылдық па?» сияқты ұлт мүддесін, мемлекет мұратын дәріптеген сын мақалаларымен бастаған «Дидар» әлі де оқырмандарын осы ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысында екі тізгін, бір шылбырды тең ұстап, халықты тұшымды материалдармен сусындата беретініне сенеміз. Аға буын журналистер, біздің ізбасарларымыз, «Дидар» газетінің бүгінгі ұжымы, сіздердің еңбектеріңізге зор жеміс тілеймін!
Шырайлы да шұрайлы, шыншыл да сыршыл көсем сөз, көрген ой-тұжырымдарыңызбен оқырмандарды қуанта беріңдер! «Дидар» газетінің 85 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Бодаухан Тоқанұлы,
журналист.
Астана.