Мәдениет

Ақтайлақ пен Байғара билерге ескерткіш орнатылды

Ақтайлақ пен Байғара билерге ескерткіш орнатылды

Қасиетті Рамазан айында Аягөз халқы тағы да ұрпаққа аманат, елге үлгі боларлық бір іс жасады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Сарыарқа ауылдық округінде Байғара би мен Ақтайлақ биге ескерткіш тұрғызылды.

Әкелі-балалы қос тұлға – Байғара мен Ақтайлақ билердің ескерткішін орнатуға қаржылай демеушілік жасаған – Алматы қаласының тұрғыны, меценат Дәулетхан Жұмағұлов. Шараға танымал ақын Ұлықбек Есдәулет, күйші, сазгер Секен Тұрысбеков, белгілі журналист Серік Жанболат, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин, «Серілер» тобы, «Ұшар» бишілер тобы және «Топжарған» этно-театрының өнерпаздары келіп, концерт қойды.

– «Ұлы тұлғаларын сыйламаған ұлт өзін де сыйлай алмайды, басқаға да сыйлата алмайды» демекші, міне, ауданда бүгін үлкен шара өткізіліп отыр. Тарихта өзінің орындарын ойып тұрып алған алып тұлғалар Байғара би мен Ақтайлақ бидің ескерткішін ашып отырмыз. Бұл – біздің елдігіміздің, береке-бірлігіміз бен ынтымағымыздың белгісі, – деді аудан әкімі Бақытжан Байахметов. Бұл күні Сарыарқа ауылының маңындағы жазықта 25 шақырымдық аламан бәйге өтіп, бас жүлдеге «Lada Granta» автокөлігі тігілді. Сондай-ақ, екінші орынға мотоцикл, үшінші орынға да қомақты сый-сияпат берілді. Тай жарысында бірінші болып келген балаға 100 мың, екінші орынға 50 мың, үшінші орынға 30 мың теңге берілді.

Граниттен соғылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қосқанда төрт метр болады. Ал бабалар бейнесін бүгінде Астанада тұратын жерлесіміз, Суретшілер одағының мүшесі Қоныртай Мұхамедиев сомдады.
Сондай-ақ, ескерткішке демеуші болған Байғара бидің ұрпағы Дәулетхан Жұмағұлов ұзақ жылдар Сарыарқа ауылында бас дәрігер болып қызмет атқарған. Бүгінде Алматы қаласында тұрады.

Жалпы, бұл күні ескерткіші ашылып жатқан әкелі-балалы қос би жайында бірер мәлімет бере кетсек дейміз. Байғара би Құттыбайұлы 1699-1775 жылдары өмір сүрген. Найманның Сыбан руынан. Атасы Нарынбай би Ташкентке бек болса, әкесі Қу дауысты Құттыбай шешен атанған. Зиялы ортада тәрбиеленген Байғара 16 жасында оңтүстіктегі әулиелердің өлісіне зиярат, тірісіне қол берген. Тауарихтық жолға ерген. Ата-бабасының жолын үлгі етіп, билікке ерте араласқан. Жетім-жесірге пана болған Байғара бидің әділдігін, шешендігін Дулат, Әсет ақындар жырға қосса, Біржан мен Сара айтысында оның өз заманының айтулы адамы болғандығы тілге тиек етіледі. Байғара би кезінде ел басқарған көсем, жұрт аузында сөзі жатталған шешен ғана емес, «қыдыр дарып, бақ қонған» қасиетті әулие адам болған. Ақтайлақ Байғараұлы 1720-1816 жылдары өмір сүрген. Ақтайлақ озық ойлы шешендік толғау өлеңдерімен, парасатты биліктерімен «Қазақтың қара тілдісі», «Қара тілдің шешені», «Халық атасы» атанған. Алқалы топты аузына қаратқан белгілі би, ақиық ақын болған адам. Шамамен Абай, Жарма аудандары арасындағы Құндызды өңірінде туған, жүзге қараған шағында дүние салған.

-Бұл күн тек Аягөз ауданының халқы ғана емес, барша қазақ елі үшін тарихта қалатын күн болды, – дейді аудандық мәслихаттың хатшысы Сейілбек Ысқақов.- Былтыр ғана Қу дауысты Құттыбай би тұғырына қонса, биыл Ақтайлақ пен Байғара билер ортамызға оралып жатыр. Бұл өткенін бағалап, келешегін саралап жатқан еліміз үшін үлкен айтарлықтай іс болды.

Осылайша Сарыарқа ауылында бабалар рухына ас беріліп, соңы ұлан-асыр тойға ұласты.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button