Атауларды өзгертуге көп қаражат кетпейді
Мейрамтай Иманғали
Өскеменде жарнама және көрнекі ақпарат мәтінінің дұрыстығын тексеретін «Тіл қорғандары» атты мониторингтік топ құрылған. Топ мүшелері тіл мамандарымен бірлесіп, Өскемен қаласының орталық көшелеріндегі 1000-ға жуық нысанды тексеріп, 348 қате мәтінді анықтаған көрінеді. Бұл туралы Өскемендегі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлемісова айтты.
Басқарма басшысының орынбасары өз сөзінде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында облыста 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өтті. Іс-шаралар жоспарының бірінші бағытына сәйкес, 2021 жылдың 28 қаңтарында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында ұсынылған латын негізді әліпби жобасы Президент Әкімшілігі тарапынан жетілдіру үшін қайта қарауға жолданыпты. Әліпбиді латын графикасына көшіру мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру-насихаттау жұмыстары жүргізілуде.
Басқарма басшысының орынбасары ономастикалық кеңістікті реттеу және стандарттау жұмыстары негізінде облыста ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Соңғы екі жылда облыстық ономастикалық комиссияның 8 отырысы өтіп, 328 мәселе қаралыпты. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында 51 идеологиялық тұрғыдан ескірген көшеге ұлттық танымға жақын тарихи, дәстүрлі атаулар берілген.
Басқарма мамандары «Ұлттық ономастика – тәуелсіздік нышаны», «Ономастикалық атаулар – рухани құндылығымыз» атты семинар-кеңестер өткізіпті.
– Семинарды өткізудің мақсаты – халыққа көше, ауыл, мектеп және тағы басқа атауларды өзгерту кезіндегі жұмыстардың барысын түсіндіру. Өйткені халықтың басым көпшілігі атау берудің тәртібін түсінбей жатады. Мысалы, тұрғындар атауларды өзгерту кезінде бюджеттен көп қаражат жұмсалады деп ойлайды. Тұрғындар тарапынан ешқандай құжаттарды ауыстыру қажет етілмейді. Тек әкімдіктер көшелерге тақтайшалар ілу жұмысын атқарады, – деді Р.Төлемісова.
Сонымен қатар бүгінгі таңда көрнекі ақпарат, деректеме және жарнама мәтіндерінің дұрыстығын бақылауға да үлкен мән беріліп отырған көрінеді. 2022 жылдың наурыз-сәуір айларында «Сауатты жарнама – мәдениет нышаны» тақырыбында облыстық айлық өтіп, іс-шара аясында Өскемен қаласы бойынша жарнама және көрнекі ақпарат мәтінінің дұрыстығын тексеретін «Тіл қорғандары» мониторингтік тобы құрылып, қала көшелеріндегі нысандарды аралап, иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әдістемелік көмек көрсеткен екен. Роз Әшімханқызы ондай жұмыстардың барлығы тегін жүргізілетінін жеткізді.
– Тек мониторингтік топпен шектелмей, құзырлы органдармен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен, облыстық медициналық және фармацептикалық бақылау департаментімен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды, – деп атап өтті ол.
Биыл мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында облыстық деңгейде 30-ға жуық іс-шара өткізу жоспарланып отырған көрінеді.