Атаулы көмек алушылар азайып келеді
Азамат Темірбеков
Былтыр әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарды тұрақты қолдау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп, атаулы көмек алушылар санын азайтуға бағытталған шаралар қолға алынды.
Нарықтық қарым-қатынас жағдайында өмір сүріп жатқан еліміз үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек халықтың аз қамтылған санаттарын қолдауда ауадай қажет құрал екені белгілі. Мұндай көмектің әсіресе жан басына шаққандағы табысы тым аз отбасылар үшін маңызы өте зор. Осы бағытта кешенді жұмыс жүргізген өңір басшылығы 2022 жылы ана мен баланы, кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан отбасыларды қолдау бағытында бірқатар жұмыс жүргізді.
Жалпы, елімізде «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңның қабылданғанына 20 жылдан асып кетті. Осы аралықта аталмыш заңнамалық құжатқа бірнеше рет толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Заң күшіне енгелі бері жыл сайын атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар саны азайып келеді.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың хабарлауынша, биыл Шығыстағы 12,6 мың анаға бір реттік және ай сайынғы жәрдемақы түріндегі көмектер тұрақты түрде көрсетіліп отырған. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағында «Алтын алқа», «Күміс алқа», бұрын «Батыр ана», сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналардың саны – 5661 адам, ал төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасылар саны – 7112 адам.
– Қолданыстағы заңнама аясында ана мен баланы біржолғы және ай сайынғы жәрдемақы төлеу түріндегі мемлекеттік қолдау тетіктері көзделген, – дейді Альмира Мусинова. – Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен жыл сайын 8 наурызға қарсы «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем жүргізіледі. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек азаматтардың аз қамтылған санаттарын мемлекеттік қолдаудың негізгі құралдарының бірі болып есептеледі.
Жауапты тұлғаның айтуынша, өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының жыл сайын төмендеуі байқалады. Атап айтсақ, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде олардың саны 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге азайған. Яғни, осыдан бес жыл бұрын атаулы әлеуметтік көмек алушылар 6,2 мың адам болса, биыл бұл 3,1 мың адамға дейін кеміген.
Жалпы, 2022 жылы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек пен кепілдендірілген әлеуметтік пакетті төлеуге барлығы 2 миллиард теңге жұмсау көзделген. Осылайша жыл басынан бері осындай көмекке мұқтаж үш мыңнан астам аз қамтылған және көпбалалы отбасы көмек алды. Оған қоса, бірден алты жасқа дейінгі 3567 бала кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ үш мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, тұрақты және уақытша жұмыс орындары арқылы нәпақа тапты.
– 2020 жылдың қаңтар айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау заңы мен ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді, – дейді Альмира Мусинова. – Яғни, бұған дейін шартты ақшалай көмек бір жылға, ал шартсыз ақшалай көмек алты айға тағайындалып келсе, өзгерістерден соң атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалатын болды. Бала күтімі бойынша аралық жеті жастан үш жасқа төмендеді. Бұл дегеніміз, баласы үш жасқа толғаннан кейін аналар белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылуы керек деген сөз. Учаскелік комиссияларға көмек тағайындаудан бас тарту туралы шешім шығаруға құқық берілді. Азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдарды ұсыну бойынша бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізіліп, азық-түлік жиынтығы айына бір реттен берілетін болды.
Өстіп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға және төлеуге енгізілген өзгерістер осындай көмекке сүйенушілер санын қысқартуға мүмкіндік берді. Оған қоса, олардың арасындағы патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік тәуелділікті төмендету үшін облыста ақпараттық жұмысты күшейту жөнінде медиа жоспар бекітіліп, жергілікті жердегі жұмыспен қамту қызметтері әр отбасының әлеуметтік портретін жасау бойынша жұмыстарды бастап кетті.