Мәдениет

Ақтамберді жыраудың сауыты табылды

Ақтамберді жыраудың сауыты табылды

Семейде ұлтымыздың көрнекті тарихи тұлғасы Ақтамберді жыраудың сауыты табылды. Жергілікті өлкетану мұражайында барша жұртқа батырдың киімі көрсетілді.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтамберді Сарыұлы 1675 – 1768 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол тарихта атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері ретінде қалған. Жыраудың ақындығымен қоса балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Орта Азия хандықтарымен, қалмақтармен арадағы ұрыстарға қатысып алғашқы кезде жеке басының ерлігімен, соңынан қолбасшылық қабілетімен көзге түседі.
Тот басқан көне сауытты батыр, жырау әрі би болған Ақтамберді Сарыұлының ұрпақтары бертінге дейін сақтап келген. 1920-шы жылдары Қытайға үдере көшкен оларды қызылдар өкшелей қуғанда, бабадан қалған қастерлі бұйым ұшты-күйлі жоғалады. Кейін сауыт коммунистердің қолына түсіп, большевиктер оны белгісіз дүние ретінде мұражайға тапсырыпты.
Содан бері талай жыл бойы шаң басып, музейде жатқан. Көне жәдігерді көзі көрген ақсақалдар бірден танып, оның Ақтамбердінікі екенін айтқан. Тоз-тозы шыққан сауыттың салмағы 10 келіге жуықтайды. Кей жерлері жыртылып та қалған. Енді батырдың жарағын мамандар арнайы зерттеп, қай кездері жасалғанын анықтағалы жатыр.
– Аягөз тұрғындарының, ақсақалдардың сөзі шындыққа жанасар деген ойдаймыз. Бұл сауыт сақталғалы бірталай уақыт өткені көрініп тұр. Сауыт мұражайға тапсырған кісінің дүниесі болар деп есептейміз, – дейді Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Бекен Теміров.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button