Білім

Ата-баба арманы

       Семей қаласының орталықтандырылған кітапханасында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен ел Тәуелсіздігі күніне орай «Тәуелсіздік – ел тілегі, ата-баба арманы» атты бірнеше бөлімдік тарихи кеш өткізді. Кеш мақсаты ел тарихына деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпаққа патриоттық, рухани-адамгершілік тәрбие беруге ықпал ету болды.

Кітапханашылар тікелей эфир басында бүгінгі күні еліміздің әрбір азаматы өз тәуелсіздігін мақтан тұтатынын, ел Тәуелсіздігі – ең алдымен, қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі, ең қасиетті байлығы екенін атап өтті. Қатысушылар кітапханашы ақпаратынан Тәуелсіздіктің кезең-кезеңмен қалыптасуы мен дамуы туралы білді.

– Біз қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының алғашқы қадамдары туралы білімімізді кеңейтіп, тереңдеттік, – деді колледж студенті Жанна Абусартова, – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы экономика, саясат саласындағы жетістіктері, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі жайында көптеген мағлұматтар алдық.

«Желтоқсан қаһармандары» атты слайд тұсаукесерін көрсету барысында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тарихқа айналғаны айтылды. Қатысушылар тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашына айналған қазақ жастарының жаппай наразылық қимылдары туралы білді. Келесі кезекте іс-шара тақырыбы бойынша «Сұрақ-жауап» викторинасы жүргізілді.

Бұдан кейін кітапхана мамандары «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде «Дәстүр мен ғұрып» жобасын іске асыруға арналған «Ұлы Дала бренді» атты этномәдени сұхбатты да өткізді. Іс-шараға қатысушыларға әр халықтың әлемдегі тіршілік ету ерекшелігін айқындайтын өзінің қасиетті нышандары болатындығын, дала мен жылқыны біздің көшпелі ата-бабаларымыз азаттыққа деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде қабылдап, оны ұрпақтан-ұрпаққа бостандық пен тәуелсіздік эстафетасы ретінде жеткізгенін атап өтті.

Сұхбат барысында кітапхана қызметкері бүгінгі таңда елімізде азық-түлік өнімдері бойынша ұлттық бренд тақырыбы аса өзекті болып отырғанын, ал қазақ халқының ұлттық тағамдарының арасында бие сүтінен дайындалатын емдік сусын – қымыз ең танымал болғанын айтты.

Іс-шара қонағы жас кәсіпкер Айдын Серікқазин қымызды өңдеп, балмұздақ өндіру және сату жобасы жайында, өндіріс технологияларын әзірлеу және енгізу туралы, қымыздан жасалған балмұздақтың қандай болатыны туралы әңгімелеп берді.

Сұхбат соңында ұлттық азық-түлік өнімдерін өндіру болашақта дами түсетіні және мемлекеттік деңгейге көтеріліп, ұлттық бренд ретінде халықаралық нарықта еліміздің атын шығаратыны да айтылды.

Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері Тәуелсіздік күніне орай бөлімдік жиындарды жалғастыра түсіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ұлы Даланың жаңғырығы» атты көптеген мәліметтерді де келтірді. Осыған орай тікелей эфир де ұйымдастырылды.  Эфир мақсаты халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және таныстыру болды.

Тікелей эфир басында қатысушылар Ұлы Жібек жолының қалыптасу тарихы туралы мәліметтермен танысты. Содан кейін Жібек жолының бағыттары мен Қазақстан жеріндегі ортағасырлық қалалар туралы, Жібек жолындағы сауда туралы көптеген қызықты деректер де айтылды. Сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бізге даналықты, мейірімділік пен жомарттықты үйреткендігі, көп нәрсе өзгеріп, бірақ Ұлы Жібек жолы аумағындағы халықтар қауымдастығының өзгеріссіз қалғандығы, тәуелсіздік алған бүгінгі таңда әртүрлі елдердің мәдениеттері тоғыса келе, Жібек жолы екінші өмір, екінші тыныс алды деген тұжырымдарын да жасады.

Тікелей эфир Ұлы Даланың, халқымыздың өткенін білуге және төл тарихымыз бен Тәуелсіздігімізді мақтан етуге жол ашты. Өткенімізді білу біздің өмірімізді қайта құруға және болашаққа көз жүгіртуге көмектесетіндігі, сонда ғана біздің еліміздің табысты болатындығы туралы кеңінен айтылды.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button