Білім

Ата-аналар академиясы құрылады

Мектептегі баланың білімі мен тәртібін бақылау ата-ана мен ұстаздарға ортақ болуы керек. Бүгінгі таңда бұл мәселенің біржақты қалып бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан да мәселеге мән берген Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар академиясы құрылатынын хабарлады.

Ата-аналар академиясының басты міндеті баланың білімі мен тәртібін бақылауға алу болмақ. Екі тарап қатар бақылаған жағдайда баланың қай салаға бейім екендігі анықталып, болашағына дұрыс бағдар жасалмақ. Сонымен қатар ата-анада сенімділік, білім беру ұйымдарында сапа артады деп болжанған.

– Ата-аналар баласының біліміне сенімді болуы тиіс. Біз осы бағытта көп жұмыс істеуіміз керек. Білім беру сапасын сырттай, тәуелсіз бағалау жүйесі аса қажет,  мектептердің аттестаттау жүйесін реттеу арқылы, диагностикалық бағытта жұмысты күшейтеміз, – деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Осы бағытта дұрыс жұмыс атқарған жағдайда мұғалімнің формативті бағалауы ата-ананың бақылауында болып, баланың жетістіктеріне үнемі мониторинг жасап отыруға мүмкіндік болады. Нәтижесінде мемлекеттік аттестация кезінде білім кесінділерінің арасындағы алшақтық азаймақ.

– Ата-аналармен жұмыстың мазмұны мен форматы трансформациялануы керек, мектепті басқару ісіне ықпал етуін дамыту арқылы оларды мектепке тарту, қызықтыру бағытындағы жұмыстар қолға алынуы тиіс. Биылдан бастап мектептер жанынан тұрақты жұмыс істейтін ата-аналар академиясы құрылады, – деп түсіндірді оқу-ағарту министрі.

Бұл бастаманы ата-аналар да қолдап отыр. Өйткені мұғалім мен ата-ана арасында тұрақты байланыс болмағандықтан баланың білімі мен тәртібі назардан тыс қалатын көрінеді. Сондықтан игілікті бастамаға ата-аналар да атсалыспақ.

– Бұл – дұрыс бастама. Біз баланы мектеп оқытып жатыр деп ойлаймыз да, оның тәртібі мен білімін, қай сабаққа бейім екенінен, үлгерімі қандай екенінен беймәлім күйде жүреміз. Егер баланың қай сабаққа бейім екенін ерте білсек, сол салаға ерте дайындауға болады. Ата-аналар академиясы құрылса, біз ата-аналар белсенділік танытып, мүмкіндігінше ұстаздармен бірлесе жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Бұл академия арқылы көптеген мәселенің шешімін табауға болады. Мектептің жағдайын, беріліп жатқан білімді де ата-аналар бақылап отыруға мүмкіндік алады, – дейді мектепте екі баласын оқытып отырған қала тұрғыны Жандос Қабанбаев.

Білім саласындағы бұл бастаманы мектеп пен халықты, ата-ана мен ұстазды жақындастыра отырып, баланың болашағын жарқын етуге бағытталған шара деп қараған жөн. Бала білімді әрі тәртіпті болса, елдің болашағы жарқын болмақ.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button