Ат құлағында ойнайтын әулет

Ерлан Бапанов
Қазекем төрт түліктің ішінде жылқыны бақса да, баптаса да, ерекше ықылас танытып қарайтыны баршамызға аян. Дастарханның қазы-қартасымен сәнін келтірсе, ер қанатына баланып мініске баламасы жоқ көліктей екені де даусыз. Тарбағатай ауданының халқы да жер жағдайына орай мал шаруашылығын атакәсіп санатынан бір сәтке де ысырған емес.
Жылқы десе елең етісіп, болайын деп тұрғанын жүрісінен жазбай танитын атбегі ағайындар жетерлік. Солардың қатарында Маңырақ ауылдық округінде «Жаңғызтөбе» қожалығын дөңгелетіп отырған Оразай Қоқымов та қылқұйрықтының небір түрін баптап жүрген жайы бар. Қазіргі уақытта медицина мамандары атқа мінгенді адам денсаулығы үшін өте пайдалы екенін айтып жүр. Ал оны бабаларымыз әу баста біліп, жастайынан ат үстінен түспеген. Міне, осы үрдісті Оразай ағамыз жалғастырып келеді.
Бұл кісі 1985 жылы «Покровка» совхозында, 1986-1995 жылдары сол кездегі «Қазақстан» совхозында зоотехник болып жемісті еңбек еткен. Одан бертін, 1995-2015 жылдары Тарбағатай ауданы балалар мен жасөспірімдер ұлттық ат спорты мектебінде жаттықтырушы қызметін атқарған.
1995 жылдан бері жылқы шаруашылығын жандандырып, сәйгүліктің түр-түрін баптаған. Ішінде таза қанды ағылшын бәйге аттары, Қостанай тұқымды көкпардың аттары да бар. «Аюша» деген бәйгесі болыпты. Олай неге аталғанын сұрап едік, туған кезде құлағы үсіп, түсіп қалған көрінеді. Содан аюдың қонжығына ұқсады ма екен, «Аюша» атаныпты. Жануар кейін аудандық, облыстық жарыстарда алдына қара салдырмапты. Шешесі «Агата» есімді ағылшын тектес жылқы Президент кубогы үшін өткен дәстүрлі жарыста екінші келіпті. «Одан бөлек «Еркекүрең» деген байталды да баптап ұстадық, дүбірлі додаларда топ жарып жүрді» дейді Оразай атбегі. «Рэмбо» деген жылқысы көкпарда талай салым салдырған тегеурінді болған деседі.
Оразай Қоқымов – атбегі ғана емес, ат спортының шебері, ат спорты қауымдастығының белді мүшесі. Облыс көлемінде жоғары дәрежелі төреші, еселі еңбегіне сай ауыл, аудан, облыс әкімінің мақтау қағаздарымен марапатталған. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, Оразай ағаның атбегілік кәсібін ұлдары жалғады. Жалғап қана қойған жоқ, ат спортынан талай бәсекеде жүлделер олжалады. Төрт ағайынды бауырлар көкпардан, аударыспақтан, теңге ілуден, қыз қуудан спорт шеберлері. Атап өтсек, Дастан Оразаев көкпардан, Думан Оразаев аударыспақтан, Данияр Оразаев теңге ілуден шеберліктің шыңырау шыңына шыққан жігіттер.
Үйдің кенжесі Талант Оразаев болса, аудан әкімінің жүлдесі үшін XVII халықтық спорт ойындарының бағдарламасы бойынша көкпардан өткен сайыста 2-орынды еншілепті. Ал XVIII халықтық спорт ойындарында теңге ілуден 3-орынды қанжығалаған. Сонымен қатар қыз қуудан облыс әкімінің жүлдесі үшін өткізілген сайыста 1-ші орынды жеңіп алса, жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында 3-орын, ересектер арасындағы ел чемпионатында 1-орын иеленген. Бір үйден бес бірдей спорт шеберінің шығуы сирек кездесетін жетістік! Әрине, отбасының ұйытқысы, аналары Бану Ақшалова апайымыздың да ұлдарын тәрбиелеудегі еңбегі орасан.
Түп-негізіне келер болсақ, жылқы өсіру, ат баптау, сәйгүлік жарату да – үлкен мәдениет. Қазақта дүниеге бала келсе, «ат ұстарым» келді деп, бала ержетсе, «ат жалын тартып мінді» деп айтып жатады. Баланы ашамайға отырғызу дейтін де салт бар. Баланың өмірге келуі де, ержетуі де атпен байланыста болған. Әр қазақ үшін баласының атқа мінуі қуаныш, той болды. Қорыта келгенде, Оразай Қоқымов әулетінің ұлттық ат спортының кең қанат жаюына тигізіп жүрген ықпалы зор.
Туған елін жан-тәнімен сүйетін, рухы биік азамат болып ержетуі үшін ұлттық тәлім-тәрбие беруде жас буынның жылқы түлігі туралы танымын байыту – бүгінгі күннің талабы. Кешегі кеңестік жүйеде қазақтың рухын құлдырату мақсатында астындағы атын алып қойды емес пе?! Ал бүгінгідей егеменді ел атанған заманда азаматтарымыз аттан түспесе екен дейсің. Себебі жылқы – қазақтың жаны.
Тарбағатай ауданы.