Аймақтар аухалы

Атқарылған жұмысқа оң баға берді

Биыл Өскеменнің іргесіндегі Қасым Қайсенов кентінде жаңа емхана пайдалануға берілмек. Бұған қоса Ұлан ауданының орталығында көпқабатты үш тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Елді мекендегі мектепті кеңейту жұмыстары да қолға алынбақ. Ұландықтарды толғандырған осы және басқа да мәселелер аудан әкімі Нұрымбет Сақтағановтың халық алдындағы есеп беру кездесуінде сөз болды. Жиынға аудан жұртшылығымен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов  қатысты.

Аудан басшысы Нұрымбет Сақтағанов 2019 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, өткен жыл Ұлан ауданы үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелері жаңа форматта шешіле бастады. Аудан халқы жерлес батыр Трофим Клименконың 100 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтті. Экономика саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер аз емес.

– 2019 жылы Ұлан ауданының жергілікті атқарушы органдарына тұрғындар атынан 2 086 өтініш келіп түскен. Сол өтініштердің 2 057-сі, яғни 98,6 пайызы қанағаттандырылды.  Осы ретте бір жыл ішінде өтініштердің бірден 20 пайызға артуын «Ұлан – адалдық алаңы» жобасы аясында жеке қабылдауларды көптеп өткізумен және әлеуметтік желідегі белсенді жұмыс жүргізумен түсіндіруге болар. Ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 14 адам 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант иегері атанды, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 68 адам білім алды, 170 адам 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа ие болды. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға сәйкес, ауданда жұмыссыздар есебінде тұрған 186 адам бар. 2019 жылы 1 904 адам жұмыспен қамтылды. Өңірде әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға және ауданның аз қамтылған отбасыларын қолдауға бөлінген бюджеттік қаражаттың көлемі 2,8 есеге өсіп, 418,9 миллион теңгені құрады, – деген Н.Сақтағанов атаулы әлеуметтік көмек 559 отбасына тағайындалғанын, 2019 жылы бұл көмектің көлемі 303,9 миллион теңгені құраса, биыл 416,2 миллион теңгеге жететінін атап өтті.

Бір жыл ішінде  аудан көлемінде орын алған оң өзгерістер жайында жиында  тұрғындар да сөз қозғады. Мәселен, тоғыз баланың анасы Алма Бектаева көп жыл бойы күткен тұрғын үйге қол жеткізгенін айтып, аудан және облыс басшылығына алғысын білдірді. Ал информатика пәнінің  мұғалімі Ардақ Ахметалина облыста жүзеге асырылып жатқан тілдерді оқытудың жаңа бағдарламасы арқасында бір жарым жылда Шекспир тілін меңгергенін мақтана айтып, аймақ басшысына рақметін ағылшынша жеткізді. Мінберге көтерілген Рәшідбек Мұхамеджанов ақсақал  ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға жерлестері дән риза екенін айтып, облыс басшылығына ақ батасын берді.

Жиында тұрғындар тарапынан бірқатар проблема төңірегінде де сұрақтар қойылды. Әсіресе, аудан орталығына тағы бір мектеп, емхана мен қоғамдық әжетхана қажет деген пікірлер көп айтылды. Оның кейбіріне аудан әкімі жауап берсе, күрделілері облыс әкімінің қатаң қадағалауына алынды.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жаман емес. Алайда түйткілді мәселелер де бар екен. Бүгін сіздермен кездеспес бұрын Қасым Қайсенов кентінің іргесіндегі бірнеше жыл бойы қаңырап бос тұрған үш қабатты ғимараттың жағдайымен таныстым. Бәлкім, қазір теміржол саласына қарайтын осы ғимаратты аудан балансына беріп, емханаға айналдырармыз. Ал мектеп мәселесіне келер болсақ, әрине бір білім ордасында 1 200-ге жуық бала оқып жатқаны дұрыс емес. Сондықтан арнайы комиссия құрып, аталған проблеманы мұқият зерделейтін боламыз. Ең дұрысы, жаңа мектеп салмай, бар мектепті үлкейту. Білім ордасына қосымша екі қабат салсақ та ұтамыз деп ойлаймын, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Кездесу барысында Қасым Қайсенов кентінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 140 орындық балалар музыка мектебі және жастар саябағы салынатыны белгілі болды. Құрылыс жұмыстары биыл басталуы тиіс екен. Айта кетейік, бүгінде Ұлан ауданының орталығы үлкен құрылыс алаңына айналған. Кентте екі 40 пәтерлі және бір 80 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл жерде тағы бір көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталмақ.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button