Оқиғалар
Қасқырлар ауылдарды аралап жүр
Риддер қаласына қарасты Бутаково ауылының тұрғындары кейінгі уақытта қасқырлардың ауылға жиі келіп, емін-еркін аралап жүретінін айтып дабыл қағуда.
Алғаш рет түз тағылары бұл елді мекенге қаңтар айының ортасынан ауа келіпті. Содан бері оқтын-оқтын келіп жүрген жыртқыштар бара-бара тұрғындардың бақшаларында жүгіріп, қора-қопсыларын тіміскілеуді бастаған.
Ауыл жұртының айтуынша, бір жолы қасқырлар бұланды қуалап жүріп қанды «қақпандарына» түсіріпті. Одан кейін бір аптадай жоғалып кетіпті де, қайтадан бой көрсете бастапты. Ит-құстың бұлайша еркінсуін көрген адамдар өз өмірлерінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіруде.
Шығыс-Ақпарат