Мәдениет

«Қасқыр ұлыған түнде»

 «Қасқыр ұлыған түнде»


Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры биылғы 19-шы маусымын жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» атты бір актілі лирикалық драмасымен ашты. Аталған қойылым жазушының 75 жылдық мерейтойына арналды.

Жасыратыны жоқ, театрға келе жатқанымызда көкейімізде «Екі-үш беттік шағын ғана новелладан қалай үлкен сахналық қойылым жасауға болады?» деген бір күдіктің болғаны рас. Десе де қойылымды көргеннен кейін бұл күдік бірте-бірте сейілгендей болды. Қойылымнан Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, жас режиссер Асыл Қозықановтың өзіндік қолтаңбасын байқадық.

Иә, Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесі өмірдің өзінен алынып жазылған дүние екені белгілі ғой. Редакторының тапсырмасымен қыстың ұзақ кешінде жолға шыққан жас журналистің басынан кешкен оқиғасы кез келген оқырманды бей-жай қалдырмайды. Шағын ғана дүниеден көп нәрсені білесіз, түйсінесіз, көмейіңізге ащы өксік тығылғандай болады. Өйткені, жазушы әңгімелеп отырған оқиға сізге таныс. Новостройка селосына беталған автобус та, ондағы жолаушылар да – бәрі, бәрі жаныңызға ерекше жақын. Тіпті, ақ түбіт шәлі оранған Арайды да көптен білетін секілдісіз.

Басы кейіпкер – журналистің алдына қойған мақсаты айқын. Ол – Новостройка деп аталатын қала типінде салынып, мәдени тұрмыстық жағынан бүкіл республикаға үлгі болған сәулетті селоны мақтап, мадақтап жазу. Бірақ журналист бұл ойынан айнып қалады. Неге? Өйткені, автобуста сапарлас болған ару қыз Арайдың өлімі оған қатты әсер етеді. Қорқау қасқырлардың жемтігіне айналған Арайдың өлімі арқылы жазушы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін паш етеді, және сол ауылдың атының Өркен деп аталатынын айтсаңызшы. Аты Өркен болғанымен, өркениеттен жұрдай қалып, өгей күй кешкен қазақ ауылының тіршілігі, Арайдай арудың аянышты өлімі жас жігіттің санасын сілкіп, жүрегіне салмақ түсіреді. Тұңғыш рет жас журналист редакторының тапсырмасын орындаудан бас тартады.

Шындығында жазушы өзінің бұл шығармасында үлкен әлеуметтік мәселені қозғайды. Екі ауылдың арасындағы жер мен көктей айырмашылық, жол қатынасы, жарық мәселесі, ауыл адамдарының әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы, құр босқа даңғазалық, мақтау, мадақ сүйгіштік – бәрі, бәрі бүгінгі қоғамның келбетін көз алдыңызға әкелетіні сөзсіз. Бірі озып, бірі тозып тұрған ауылдар қазір де жетерлік қой. Новостройка неге өркендеп, гүлдейді де, неге Өркендей қазақ ауылы өгей күй кешеді? Қалай десек те, жазушы көтерген мәселе бүгінгі күні де өте өзекті екені шындық.

Жазушының осынау қоғамның ащы шындығын баяндаған шағын ғана дүниесін жас режиссер Асыл Қозықанов сахналық қойылымға айналдырып, халыққа ұсынып отыр. Новелланы сахнаға ықшамдап инсценировкасын жасаған да өзі. Оның қойылымды сәтті шығару үшін күш салғаны, әрине, көрер көзге байқалып-ақ тұр.

– Бұл менің көрермендерге ұсынған екінші үлкен қойылымым. Бұған дейін балаларға арналған бес спектакль сахналадым. Ал биыл Алтайдың ақиығы Оралхан Бөкейдің туғанына 75 жыл толуына орай «Қасқыр ұлыған түнде» новелласын сахналап, маусымды осы қойылыммен ашуды жөн көрдік. Жалпы, Оралхан Бөкейдің қай шығармасын алсақ та, өзектілігін жоғалтпайды. Осы әңгімесі өзіме керемет әсер етті. Жанрын лирикалық драма деп алып отырмыз. Бұл шығармасын сахнаға лайықтап жасау да оңай болмады. Дегенмен де, көрерменнің көңілінен шығуға тырыстық, – дейді режиссер Асыл Қозықановтың өзі.

 «Қасқыр ұлыған түнде»

Бір рөлді үш актер ойнады

Бір атап айтарлығы, қойылымда журналист Нұрланның рөлін үш бірдей актер (Еділ Мекенов, Еркебұлан Какимов, Елдос Мәсәлім) сомдайды. Мұны көпшілік көрермен қауымның бірі режиссердің жаңалығы десе, кейбірі қателік, жаңылғандық деп қабылдады. Десек те, режиссер бас кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалысты, ой ағынын, жүрек бұлқынысын осы үш актердің әрекеті арқылы жан-жақты ашып беруге тырысқаны анық.

– Бір кейіпкерді үш актер сомдаймыз. Қойылымның басынан аяғына дейін үшеуіміз бірге жүреміз. Бір рөлді үш адам сомдау деген менің тәжірибемде алғаш рет болып отырғандықтан, мен үшін өте қызық болды. Бәріміздің мақсатымыз бір болғандықтан, неғұрлым бірімізге-біріміз көмектесуге, рөлді одан сайын жарқырата түсуге тырыстық. Шындығында да адамның жаратылысы кейде қызық қой. Өзіңді қанша жақсы білемін дегеніңмен, кейде өзіңді-өзің түсінбейтін кездер көп кездеседі. Бір адамның өзінде неше түрлі характер болады. Мен мұны режиссердің өте ұтымды шешімі дер едім. Режиссер осы арқылы кейіпкердің ішкі менін, жан дүниесіндегі арпалысты сәтті берді деп ойлаймын, – дейді бас кейіпкердің рөлін сомдаған актердің бірі Еркебұлан Какимов.
Әрине, жас режиссердің мұндай экспериментке барғанын біз де құптаймыз. Асылдың екі-үш беттік дүниеден 45-50 минуттық қойылым жасауы да шеберлік дер едік. Бірақ қойылымның «әттеген-ай» дегізетін тұстарын да атап айтқымыз келеді. Өкінішке қарай қойылым лирикалық драмаға емес, комедияға көбірек келетін секілді. Режиссер жас журналистің басындағы желікпе ойларын суреттеуге көп акцент жасаған. Бір кейіпкерді сомдаған үш актерді де сол мақсатқа пайдаланған. Үшеуінің орынсыз қимыл-әрекеті кейде көрерменнің жүйкесіне тиетінін де жасырып керегі жоқ.

Қойылымның атауының өзі «Қасқыр ұлыған түнде» деп аталғандықтан көрерменнің қараңғы түндегі қасқырдың ұлыған дауысын естігісі келгені де рас. Бірақ ол жоқ. Қысқасы, қойылымның ширататын, қайта қарайтын тұстары әлі баршылық секілді.

Жалпы, театр маусымының ашылуының өзі үлкен мәдени оқиға ғой. Осы орайда биылғы 19-шы театр маусымының ашылуының өзіндік ерекшелігі болғанын да ерекше атап айтқымыз келеді. Ол – театр фойесінде жазушы Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме мен викторинаның ұйымдастырылуы.

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған көрменің театрға келушілерге біраз мағлұматы көп болды. Іздеген адам көп ақпаратқа қанықты.

– Оралханның атын арқалап жүрген кітапхана болғандықтан, жазушы мұрасын насихаттау біздің міндетіміз. Бүгінгі театр маусымының Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» қойылымымен ашылуы біз үшін де өте үлкен қуаныш. Біздің кітапханада Оралханның кеуде мүсіні де орнатылған, «Бөкей әлемі» деген ақпараттық сайтымыз да бар. Онда жазушы туралы барлық ақпараттар, мерзімді басылымдағы материалдар, фотосуреттер, жыл сайын өтетін О.Бөкей оқуларының жеңімпаздары жайлы ақпараттардың барлығы жинақталған. Қараша айында жазушының 75 жылдығына орай үлкен шара өткізбекпіз. Ол шара аясында мүшәйра өтіп, суретшілер байқауының қорытындысы шығарылмақ. Сондай-ақ жақында ғана көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық сайысы өтті, – дейді О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың өлкетану бөлімінің библиографы Б.Мұқиманова.

 «Қасқыр ұлыған түнде»

Қонақтар белсенді болды

Викториналық сауалдарға да театрсүйер қауым өте белсенді қатысты. Байқасақ, Оралхан Бөкей шығармашылығын қала тұрғындары мен қонақтары өте жақсы біледі екен. Қойылған сауалдарға дұрыс жауап берген көрермендер театр қойылымдарын тамашалауға тегін билеттерді ұтып алып жатты. Мысалы, жүргізуші «Оралхан Бөкейдің бір шығармасынан үзінді оқыңыз» дегенде, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің 3-курс студенті Інжу Ілияс ойланбастан Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүние» шығармасынан үзінді оқып берді. Сөйтсек, Інжу осы университеттегі «Шабыт» студенттер театрының мүшесі көрінеді. Ол былтыр Катонқарағай ауданында өткен Оралхан оқулары байқауында жүлделі екінші орынға ие болыпты.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облыстық драма театры ұжымының репертуарында жазушы Оралхан Бөкейдің «Бес тиын», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мынау аппақ дүние» секілді драмалары бұрыннан бар болса, енді олардың қатарына «Қасқыр ұлыған түнде» қойылымы қосылды. Көрерменнің жүрегінің пернесін дөп басатын қойылымның қашан да ғұмыры ұзақ болатыны сөзсіз. Бұл қойылымның да көрермен іздеп жүріп тамашалайтын қойылым болатынына сенгіміз келеді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button