Қасым мен Ізғұтты оқыған мектеп

Биыл бұрынғы Ұлан ауданы, Бестерек ауылындағы Шөже мектебінің, қазіргі Ғадас Салықов атындағы білім ордасының – 100 жылдығы.
Тарихқа үңілсек, көне білім ошағы алғашында Салық молданың медресесі деген атпен 1908 жылы қазіргі Бестерек ауылының маңындағы Шөже деген жерде ашылған еді. Оны Қаршыға руынан шыққан, ескіше оқыған сауатты, ақылды адамдардың бірі – Салық молда өз қаражатына салдырған болатын. Ұранхай өзеніне құятын Шөженің бойындағы медресе үйі бес бөлмелі ағаштан салынған. Оған қажетті материалдар Тайынты, Шыбынды бойларынан атпен тасылды.
Салық молданың ұстазы өз заманында бүкіл Шығыс өлкесіндегі білімді адамдардың бірі атанған, Ташкент, Бұхара шаһарларынан білім алған Жәнібек ішінде Өтел-Манат елінен шыққан Тәуірбай Шаңдыбайұлы еді. Халық оны құрметтеп, еліне нұр шашушы Нұролла хазірет деп атаған еді.
Нұролла хазіреттің көп үміт күткен талантты шәкіртінің бірі болған Салық құранды еркін оқып, молдалық құрған адам. Тіл білуіне байланысты біраз адамдардың жол бастаушысы болып, қажылыққа Меккеге барған.
1918 жылы бұл медресені Салық молда өз еркімен мектеп құруға Кеңес өкіметіне берген еді. Ол кезінде Шөже мектебі атанған. Кеңес өкіметі 1918 жылы медресені бастауыш мектепке айналдырды. Ал 1937-38 жылдары осы мектепке орыстың ұлы жазушысы М.Горькийдің аты беріліп, жетіжылдық болды.
Маңайдағы жеті ауылдың балалары осы мектептен оқыған. «Әке ісі – балаға мұра» демекші, Салықтың ұлы Ғадас Семейден оқу бітіріп келіп, осы мектептің алғашқы мұғалімдерінің бірі, аз уақыттан кейін мектеп директоры болып тағайындалады. Сол бір қатаң да қиын кезеңде Салықов Ғадас ұйымдастыру қабілеті, алғырлығы және біліктілігімен көзге түсіп, алдыңғы шебіптегі жұмыстарға тартылып, Коммунистік партияның нұсқауымен өкімет жұмысына жіберіледі. Мектептің алғашқы мұғалімдері қатарында Салықтың алғашқы шәкірттерінің бірі – Оралбай Баужанов, Нұрсолтан Оқапов, Әлсейіт Ноғасбаевты атап өткен жөн. Осы жоғарыда аты аталған азаматтардың Семей қаласындағы мұғалімдерді даярлайтын қысқа мерзімді семинарияда Мұхтар Әуезовпен бірге оқығаны белгілі. 1937 жылдың қыркүйегінде аты аталған азаматтарымыз және осы жылдары мектеп меңгерушісі болып келген Намазбаев деген азамат «халық жауы» атанып, тұтқынға алынған. Салықұлы Ғадас та сол кездегі ауылдық кеңестің бастығы Ақатай Жайсаңбаев екеуі бірге ұсталған. Осы екі адамнан кейін Әлсейіт Ноғасбаев пен Салай Көшкеұлы да әкетілген екен.
Мектеп тарихына қайта оралатын болсақ, аудан, облыс көлеміне танымал болған тағылымды тұлғалар Сіләм Юсупов, Тұрар Оспанов та Шөже мектебінде істеген. Ол кезде мектеп Шөже бұлағы мен Ұранқай өзенінің құйылысында тағы да бөлме қосылып үлкейтіліп салыныпты. Сол кезеңде мұғалімдер қатарында: Қасым Қайырбеков, Зәбер Баянов, Рақым Ешкінов, Қасенбек Майжолов, кейінірек Әбдіш Біләлов, Баязит Жанайдаров, Қасайын Мұқаметқалиев, Салай Көшкеұлы, Зағила Беспаева, Ғайса Аязбаев, тағы басқалар болса, мұғалімдер Борсуков, Жилин, Шемелин, Даниловалар осы мектепте орыс тілінен сабақ берген екен.
1950-1951 жылдары «М.Горький» мектебі Бестерек ауылына көшіріліп, қайта салынған. Бұл – мектептің үшінші рет орнын ауыстырып салынғаны. Бұрынғы мектеп үйінің ағаштарымен қоса ауылдың адамдары ат-арбамен сары топырақ, тау етегінен тас сындырып тасыған көрінеді. Көктау тауы қарағайларынан таңдала кесіліп тасылған ағаштардан мектептің жалғасқан бөлігі салынған.
Осы Ұлан ауданындағы іргелі мектептің өрге жүзген оқушылары да мол. Олар: Отан соғысының ардагерлері, партизан, Халық Қаhарманы Қасым Қайсенов, барлаушы Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов, Зейнолла Самашев – әйгілі археолог, профессор ғалым, Ағзам Байшин – тарих ғылымының кандидаты, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті саяси бөлімінің меңгерушісі болған, Қалисарт Қабидуллинов – Алматыда әскери комиссар болған, Сәкен Баянов – экономика ғылымының кандидаты, Қайырғазы Райымханов – жұмысшы жастарға арналған Өскемен қаласының кешкі мектебінің директоры, Нұрғазы Сапарғалиев – аудандық партия комитетінің хатшысы, Мақсұт Салықов – Қазақ КСР-не еңбегі сіңген әртіс, Қайырғазы Рамазанов – инженер, Зырян қалалық партия комитетінің хатшысы, Уәсиға Садықова – қазақтың Абай атындағы институтының аға оқытушысы, Ғаббас Қабышев-жазушы, Касым Бейсенов – әскери ұшқыш, және тағы басқалар.
Осы күні әртүрлі салада қызмет істеп, жетістіктерге жетіп, ауыл атын шығарып жүргендер мектеп түлегі Жайлауов Бақытбектің ұлы Жайлауов Талғат қазіргі кезде Астана қаласындағы хоккейден «Барыс» ұлттық құрама командасының мүшесі, әкесі мен шешесі осы мектепте дәріс берген әйгілі ұшқыш қызымыз, Азаматтық авиация комитеті басшысының орынбасары Тоты Әмірова сынды мақтанарлық жерлестеріміз мол.
Бүгінгі күнде облыстық «Ұлан Ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен ғасырлық тарихы бар білім ордасының мерейтойының атап өтілуі мәселесі көтерілуде. Осындай шағын ғана мектептің ғасырлық тарихы барын біліп өскен жастар алдарына жоғары мақсат қойып, талпынып, жігерленіп өссе нұр үстіне нұр емес пе? Ұрпақтар жалғастығы жаңғырып жатса, ертең Қасым Қайсенов, Ізғұтты Айтықов сынды батырлар, Сәкен Баянов, Зейнолла Самашев сынды ғалымдар, ақындар мен жазушылар шықпасына кім кепіл?!
Сәкен Ғайса,
облыстық «Ұлан Ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы