Қасым ағаның қамқорлығына бөлендік

Бірде Қарақол ауылының тумасы Сарқыт Тоқтыбаевтың үйінде альбом көріп отырып, бір сурет көзіме оттай басылды. Онда партизан-жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов Сарқыттың апайы Ғалиямен және досы Манармен бір дастархан басында отыр. Менің қызығушылығымды байқаған Сарқыт батырдың сөреде тұрған «Естеліктер мен жазбалар» деген кітабын алып шықты.
– Бабаларымыз «Жақсымен болған жарты сағат жаманның өтіп кеткен ғұмырындай», деп қалай тауып айтқан. «Жақсыдан-шарапат» деген мақалдың өміршеңдігіне таңғаламын. Даңқты партизанмен дастархандас қана емес, сырлас болдым десем артық айтқандығым емес. Мына суретте бір кездері боз кілемге бірге шыққан балуан досым Манар Оралов екеуіміз батыр атамызды Алматыдан Қарақол ауылына алып келіп, дәм татырғанбыз. Сонда осы «Естеліктер мен жазбалар» атты кітабына «Балам Сарқыт – келінім Жанат! Үбірлі-шүбірлі болыңдар! Қазақстанның Халық қаһарманы аталарың Қайсенов.
31.7.02» деп жазып қолтаңбасын қалдырып еді. Сол жолы ол кісі бірер күн ауылда дамылдап, ары қарай Өскемен жаққа аттанған еді. Жарықтық үнемі бізге (жастарға) қамқорлық танытып, қолынан келгенін аямайтын. Кездесе қалған жерде үй-ішінің хал-жайын, бала-шаға амандығын сұрап, қалың қабағының астынан барлай қарайтын. Әрине, батыр атаның мазасын ала бергенді жөн көрмей, бәрі жақсы дейміз.
Тағы бір жолы Алматыдағы үйімде әдеттегідей телефоным шыр ете қалды. Батыр ата екен. Амандық-саулықтан соң:
-Әй, Сарқыт, сен бос болсаң, қазір көлігіңмен біздің үйге келші, – деп Абай – Фурманов көшелерінің қиылысындағы үйіне шақырып алды.
-Әй, сен бір жақсы жұмысқа орналассаңшы.
-Жоқ, ата, менің жұмысым жақсы,-десем:
-Жарайды онда. Қазір «Алтын орда» базарына барайық,-деді. Асыл әжеміздің күрең шайына қанған соң, Қасым аға асықпай әскери формасын киеді. Сосын көлікке отырады. Атаммен әңгімелесіп отырып, базар әкімшілігіне де келдік. Онда қасапхана ма, бір нысан ашылмақшы-ау деймін. Базардағылардың бәрі аты аңызға айналған партизан-жазушының келетінін біліп отыр екен: қақпадан кіргеннен басшысы Алтынбек ағадан бастап, жігіттер жік-жапар болып күтті. Атамның қолында Рахымжан Қошқарбаев сыйлаған әдемі таяқ. Сабын бұрап ашсаң, ішіне коньяк құятын ыдыс секілді етіп жасалған. Арнайы рюмкасы да осы таяқтың ішінен шығады. Сол таяғымен жайлап басып, шараға қатысты, құттықтау сөз сөйледі.

Кейін кабинетте Алтынбек ағаға:
-Мынау Сарқыт деген – өзі бір сенімді жігіт. Ауылдан шақыртып алып едім, айлығы көп бір жұмысқа орналастыр,-деді. Мен атамды сол үшін алып келгендей қызарып барам. Сол жерде отырып, оған өзінің «боевой листок» аталатын бір парақша қағазына «Құрметті Алтынбек! Мына Сарқытты жақсы жұмысқа орналастырар деп сенемін! Сенімді бала! Партизан ағаң. 15. 05. 05.» д еп қолын қойып берген қағазы әлі менде сақтаулы. Сол жерде Алтынбек ағай менің телефонымды алып қалды. «Жоқ, менің жұмысым бар, рақмет!» деп батыр атаның көзінше айта алмай пұшайман болып қалдым. Бірер күннен кейін «Алтын ордадан» кадрлар бөлімі телефон шалып, жұмысқа келуімді сұрады. Партизан атамның ұсынысын жерге тастамаған Алтынбек ағаға риза болдым. Мен телефоннан: «Атам айта береді. Менің жұмысым бар», деп күлдім. Міне, өзі ұнатқан адамына осындай қамқорлығын аямаушы еді марқұм.
Бірде екеуіміз Фурманов-Мәметова көшелерінің қиылысындағы үлкен дүкенге барып, таңдап тұрып, диван алдық. Үйіне жапсарлас террасаға әкеліп құрғаннан кейін, келген-кеткендерге «Мына диван – Сарқыт баламның маған алып бергені», деп айтып жүрді марқұм. Шындығында, өз ақшасына алған диван болатын. Айтпақшы, өзім дегенге өзегін жұлып беруге әзір ол кісі биліктегілерге барып, досым Манар екеуімізге Каменкадан 8 сотық жер де алып берген.
«Батыр аңғал келеді» деген рас сөз екен. Тағы бірде менің көлігіммен бір жаққа барып келісімен, машина ішінде сипалақтады да қалды. Бір нәрсесін жоғалтқан сыңайлы. Сөйтсем, атам Макаров тапаншасын бір жерге түсіріп алғанға ұқсайды. Жабылып жүріп іздеп, екі отырғыштың ортасынан тауып алдық. Сол сәт балаша қуанып еді жарықтық. Сонау екінші дүниежүзілік соғыстан келе жатқан жан қаруынан айырылу батырға оңай соқпайтынын білдім. Әйтеуір, абырой болғанда, оп-оңай табыла кетті.
Даңқты партизан, Халық қаһарманы Қасым ағаны менің Санжар мен Қасым атты екі ұлым, қызым Жібек «Менің атам» деп таласып қалады.
…Ал Қасым Қайсенов иісі қазақтың хас батыры болды.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.