Қоғам

«Асыл сөз» оқырманға жол тартты

«Асыл сөз» оқырманға жол тартты

Алматыдағы Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен«Атырау – Алтай арасы» атты жаңа жобаның аясында белгілі жазушы, ақын Нұржан Қуантайұлының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Асыл сөз» атты көркем шығармалар жинағының тұсаукесері болып өтті.
Мәртебелі оқырман да, ұлттың рухани тірегі болып жүрген атымтай азаматтар да осында жиналды бұл күні. Атап айтатын болсақ, белгілі қаламгерлер Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғали, Нұрдәулет Ақыш, Бауыржан Жақып, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, ақын Маралтай Райымбекұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Дархан Бейсенбек, Есей Жеңіс, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші Еркін Шүкіман, Мәдениет қайраткері Серік Қалиев, күйші Айдар Әбілқасымов.
Игі жақсылардың басын қосқан бұл шараның әлқисса шымылдығын Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлсім Сағатбайқызы ашып берді. Алғысөз барысында кітапхана басшысы жазушылар мен оқырман арасындағы байланыстың қаншалық маңызға ие екенін тілге тиек етті. Артынша «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы мен халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Маралтай Райымбекұлы сөз кезегін алып, аталмыш кітаптың тұсауын кесті.
Айта кетуіміз керек, бұл күні кітапхананың оқырмандар залында инешаншар орын болған жоқ. Кешке қонақ болып келген мәдениет өкілдері өз пікірлерін ортаға сала отырып, Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы қазақ әдебиетінде үлкен резонанс туғызғанын және ақынның жазушылық қырының да шебер дамығанын мәлім етті..
Еркін Шүкіман, Айдар Әбілқасымов, Серік Қалиев сынды өнерпаздар ән-күйден шашу шашса, жастар ақынның өлеңдерін оқыды.
P.S. Бұл күн мәдениеттің жарқын күні десек артық айтпағанымыз. Себебі, қалың оқырманның әлі де бар екеніне және оның қатарының ешқашан сарқылмасына көзіміз тағы бір мәрте жетті. Кеш аяқталған соң, жарым сағат бойы ақынмен сұхбаттасып, кітабына қолтаңба сұрағандар қатарының тарқамауы – сөзіміздің дәйегі.

Аян Азаматұлы

Осы айдарда

Back to top button