Экономика

Астық өнімдерінің экспорты артады

Алдағы уақытта облыстан шетелге  ет өнімдеріне қарағанда астық дақылдары көптеп шығарылмақ. Оған түсті металлургиямен қатар, ауыл шаруашылығымен де кешенді түрде шұғылданатын біздің өңірде мүмкіндік мол. Әсіресе, соя, жүгері және бұршақты дақылдарды көрші елдерге көптеп шығаруға болады. Бұл жөнінде кеше өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте мәлім еткен облыс әкімі Даниал Ахметов аталмыш шаруаны іске асыруға қатысты нақты мысалдар да келтірді.

Жиында тақырыпқа қатысты баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазянның айтуынша, қазіргі уақытта өңірде 424 кәсіпорын шетелге өнім экспорттайды. Соның ішінде 18 кәсіпорын Қытаймен байланыс жасауда. Биыл өңірдің өнімін Ресей, Қытай, Қырғызстан, Иран, Өзбекстан, Австрия, Дания мемлекеттері және Еуроодақ елдері тұтынып отыр.

Мәселен, алғашқы жартыжылдықтағы ауыл шаруашылығы өнімдерінен түскен 156,3 миллион доллар қаржының 140,7 миллионы тікелей егін шаруашылығы өнімдеріне тиесілі.

Сондай-ақ 2016 жылдан бері бірінші рет 133 тонна сүт өнімдері  Ресейге саудаланса, 70 тонна қой еті Иранға өткізілген. Алғашқысының түсімі – 395 мың доллар болса, екіншісінен – 453 мың доллар пайда келген.

Басқарма өкілінің мәліметінше, құс етін шетелге шығару 23 пайызға, балық 9,2 пайызға, еттен жасалған өнімдер (шұжық пен консервілер) 3,8 %-ға артқан.

– Ресейге 133 тонна сүт өнімі шыққаны, бұл өте жақсы көрсеткіш. Енді біздегі ауыл шаруашылығы басқармасы мен кәсіпкерлер палатасы қасымыздағы үлкен нарық – Қытайға өнім экспорттауды ойластыруы қажет. Жалпы мал басын мыңдап көбейтуге бағытталған шығыны көп жобаларды қоя тұрып, керісінше дәнді дақылдарды көптеп өндіру қажет. Мәселен, көктем ерте шығып, қыс жай түсетін Үржар ауданында жүгері мен соя, рапс, бидай егуге барлық қолайлы мүмкіндік бар әрі шекара да іргеде тұр. Сондықтан алда ауыл шаруашылығынан түсетін негізгі табысты осылардан алуды жоспарлау керек. Мен таяуда Глубокое ауданындағы облыстық ауылшаруашылық тәжірибе станциясында болып, заманауи тәсілмен өсіріліп жатқан күнбағыс, бидай және соя алқаптарын аралап көрдім. Нәтиже керемет. Мұндағы сояның гектарынан 35-40 центнерге дейін өнім алуға болады. Бұл жөнінде алда Үкімет басшысы мен салалық министрге де баяндайтын боламын, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов қалалар мен аудандар әкімдеріне осыған қатысты бір айдың көлемінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырды.

Кеңейтілген аппараттық кеңесте сонымен бірге 2019-2020 жылдардағы маусымаралық кезеңге арналған тұрақтандыру қорын құру жайы да қаралып, ол жөнінде «Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Эльдар Тұмашинов баяндады. Ол келтірген мәліметтерге сүйенер болсақ, облыс әкімінің ағымдағы жылдың мамыр айында берген тапсырмасына сәйкес аймақтық тұрақтандыру қорына 2019 жылдың өнімінен барлығы 5700 тонна көкөніс өнімдеріне тауарлық биржа арқылы фьючерлік мәміле жасалған. Тапсырысты жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші «Агрофирма «Приречное» ЖШС-і бір келісін 47,99 теңгеден жүзеге асырады.

Эльдар Тұмашиновтың айтуынша, облыс орталығына 1400 тонна картоп, 450 тонна орамжапырақ, 400 тонна сәбіз, дәл осынша пияз керек болса, Семей қаласына 1500 тонна картоп, 500 тонна орамжапырақ, 400 тонна сәбіз және 600 тонна пияз қажет. Қорға қажетті өнім ағымдағы қазан айының 31-не дейін толық жеткізіліп, «Агрофирма «Приречное» ЖШС-нің көкөніс қоймасына  сақтауға  өткізілетін болады.

– Атқарылып жатқан жұмыстар дұрыс бағытта. Алайда тұрақтандыру қорының өнімдерін саудалайтын сауда нүктелері де заман талабына сай көрнекті әрі таза болуы тиіс. Бұл барлық қалалар мен аудандар әкімдеріне де қатысты. Сонда ғана біз қор өнімдерін сапалы жүзеге асыра аламыз, – деген аймақ әкімі Даниал Ахметов бұл бағыттағы шаруа ақсамас үшін Өскемен мен Семей қалаларының әкімдеріне сауда нүктелері орналасқан, жалдау мерзімдеріне өтіп кеткен жер учаскелерінің уақытын тағы үш жылға дейін ұзартуды тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button