Мәдениет

Ақбауырда аспан асты мұражайы салынады

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының баспасөз клубында «Киелі мұрамызға – тағзым» атты республикалық акцияның басталуына орай баспасөз мәслихаты болып, филиал төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков 18-сәуірден барлық жерде республикалық акцияның басталғанын жариялады.

Ақбауырда аспан асты мұражайы салынадыРеспубликалық акция ұйымдастырушылық-практикалық және ақпараттық бағыттарда іске асырылмақ. Шара шеңберінде тарихи ескерткіштер мен табиғаты көрікті аймақтардың аумағы тазаланып, абаттандырылатын болады.

Партияның аймақтық филиалдары акцияға зейнеткерлерді, студенттер мен оқушыларды, белсенді жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларының балаларын, балалар үйінің тәрбиеленушілерін тарта отырып, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізбек ниетте. Оның ішінде тарихи құндылығы мол материалдар орналастырылған фотокөрмелер, туған өлке туралы аңыз-әңгімелер мен өлеңдер байқауы, кітапхана көрмелері, мұражайларға экскурсиялар, көне қалалардың археологиялық қазбаларына саяхаттармен қатар ашық аспан астындағы мұражайлар ұйымдастырылады.

Бүгінде біздің облысымыздың аумағында 600-ден астам мемлекет қорғауына алынған ескерткіш бар. Осыншалық бай тарихи-мәдени мұрамызды көпшілікке танытып, жастарды мәдени ескерткіштерге құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсатында облыстық мәдениет басқармасы мен партия филиалы бірлесе отырып, жалпы жиыны 94 шара ұйымдастырмақ.

Сол шаралардың негізгілеріне тоқталған Т.Түсіпбеков әйгілі Ақбауырда да Берел жазығын-дағыдай аспан астындағы мұражай салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, жоңғарлар мен қазақтар бітімге келген Мамырсу-Қандыжап оқиғасы орын алған тұсқа да арнайы белгі қою жоспарда бар көрінеді. Берел қорғанына апаратын тас жол салу мәселесі де биыл шешімін табуы ықтимал.

Акция осы жылдың қыркүйек айына дейін жалғасатын болады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button