Білім

Астаналық оқушыларды Алтайдың табиғаты таңғалдырды

Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Шығыс өңіріне ат басын бұрды. «Туған жерге – тағзым» деген ұранмен еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары республиканың түкпір-түкпіріне саяхат жасап, сол жердің табиғаты мен тарихи жәдігерлерімен танысуда.

Астаналық оқушыларды Алтайдың табиғаты таңғалдырдыБіздің өңірге келген 20 адамнан жасақталған экспедиция мүшелері жұма күні баспасөз конференциясын ұйымдастырып, Шығыс өңірінде өтіп жатқан саяхат жөніндегі әсерлерімен бөлісті.

Экспедиция жетекшілерінің бірі Бекзат Несіповтің айтуынша, Шығыс өңіріне сапар «Қазақстанның інжуі – хан Алтай» деп аталады. Мұндағы басты мақсат – еліміздің әр өңірінің табиғат байлығы мен сол өлкенің тарихын, этнографиясын зерттеу, оны оқу процесі барысында пайдалану, сол сияқты оқушылардың туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыру. Осы орайда үш бағыттағы топ жасақталды, олар – биологиялық, биографиялық және тарихи-өлкетану.

Экскурсия Риддер қаласынан басталған. Экспедиция мүшелері өлкенің табиғатымен танысып қана қоймай, оның қазба байлықтары мен ландшафтын, өсімдіктер дүниесін зерттеп, өз күнделіктеріне түсірген. Батыс Алтай қорығы оларды өзінің қайталанбас тұмса табиғатымен таңғалдырған.

– Батыс Алтай қорығының ТМД-дағы ең ылғалды жер екендігін білмеппін. Мұнда жылына 300 мм. жауын-шашын түседі екен. Ал «Азия Автоны» аралап, ондағы технология мен заманауи құрылғыларды өз көзіммен көргендегі әсерім ерекше. Еліміздің ешбір елден кем емес сападағы автокөлік шығарып жатқандығы мақтаныш сезімін ұялатты, – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Зарина Нұртілеуова.

Экспедиция мүшелері сондай-ақ, Алтай Альпілері демалыс базасында, Ақ бауырда, облыс орталығындағы этноауыл мен бірқатар өндіріс орындарында, мұражайларда болып қайтты. Оларға, әсіресе, этноауыл ерекше әсер еткен, мұндай үлгідегі ауылдар еліміздің әр қаласында болса деген ойларын ортаға салды оқушылар.

Астаналық қонақтар Шығыс өңірінің жылы қабылдауына дән риза екендіктерін жеткізді. Шығыс Қазақстанның еліміздің экономикалық әлеуетті күре тамырларының бірі деген баға берді. Сондай-ақ сапар барысында жинақталған материалдардан бейнероликтер мен фотоальбом жасалатын болады.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button