Мәдениет

Астанаға «Терракота әскері» келді

Астанаға «Терракота әскері» келді


1974 жылы Шэньси провинциясы, Сиань қаласының Линьтун ауданында орналасқан Сиян селосының шаруалары қуаңшылыққа қарсы артезиан ұңғымасын бұрғылау барысында «Терракота әскерінің» шұңқырына тап болады. «Терракота әскерінің» қазынасы император Цинь Шихуаньдидің моласынан шығысқа қарай бір жарым шақырым жерде орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары барысында «Терракота әскерінің» үш шұңқыры табылды. Осы үш шұңқыр бірігіп Пинь иероглифінің пішінін құрайды екен, жалпы аумағы 20 мыңнан астам шаршы метрді алып жатыр. Мамандар осы үш шұңқырға шамамен барлығы 8 мыңдай жауынгер мен аттардың Терракота мүсіндері жерленген деп болжам жасауда. Бүгінгі таңда олардың бір мыңнан астамы қазылып алынған.

Жауынгер және ат бейнелі Терракота мүсіндерінің, алып құрылыстың және шеберлікпен жасалған екі аяқты күйме арбалардың, қару-жарақтардың тарихи, ғылыми, көркемдік құндылықтары өте жоғары және олардың барлығы жеке-жеке алып қоймаларда сақталған.

Қытайдың ұлы императоры Цинь Шихуань топ-топқа бөлінген тайпалардың басын біріктіріп, қуатты әскер құрған. Қайтыс болардың алдында ұлы император «мен өлген соң әскерлерімнің, олардың аттары мен қару-жарақтарының, күймелердің бейнесін балшықтан жасап, терең көміп, құпия сақтаңдар» деп өсиет айтқан. Оның бұйрығы орындалады. Ондаған мың адам «Терракота әскерінің» жауынгерлері мен қару-құралдарын балшықтан жасап, көмген. Ал бұл байлықтың жеті қабат жердің астында екі жарым мың жыл бойы бұзылмай сақталғаны шынымен ғажап.

Сонымен 20 мың жауынгердің бір мыңының балшықтан жасалған мүсіні қазылып алынды. Археологиялық зерттеулерге ерекше мән беретін көршілеріміз Сиань қаласында мүсіндерді сынаппен бальзамдап, ашық аспан астында көрме ұйымдастырған. Қазіргі күні «Терракота әскерінің» көрмесін тамашалауға шетелдерден ағылып жатқан адам көп. Алайда, сынап – улы химиялық зат, сондықтан оны алыстан көрген жөн дейді, музей қызметкерлері. Астанадағы ұлттық музейге келіп, әлемнің сегізінші ғажабын тамашалағанға не жетсін.

Екі ел басшылары Терракота көрмесін ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Астанадағы мемлекеттік музейде өткізу үшін бір ай бойы келіссөз жүргізіпті. Ақыры атақты «Терракота әскерінің» бірнешеуі, оның ішінде офицер, қатардағы жауынгер, командирі бар ұлттық мұражайдан орын алды. «Терракота әскері» көрмесінің Астанада өтуі шынында да елеулі оқиға. Бұған дейін мұндай көрме бірер мемлекетте ғана ұйымдастырылған. Қазақстанның барлық өңірлерінен, шетелдерден келген қонақтарға музей қызметкерлері мәдениетті қызмет көрсетуде. Аудармашылар алыстан келген қонақтарға тілмаш болуда.

Сондай-ақ мұнда тек «Терракота әскері» ғана емес, Қазақстанның археологиялық қазба байлықтары – Берел, Шілікті, Есіктен табылған алтын адамдарды да тамашалуға болады. Бағасы қымбат емес. «Терракота» көрмесін тамашалау үшін бір мың теңге, ал қалғанын көремін деушілерге 600 теңге төлесе жетіп жатыр. Астанадағы ЭКСПО көрмесіне келушілер атбасын бізге бұрып, әлемнің сегізінші ғажабын тамашалап жатыр», – дейді музей қызметкерлері.

Оңдасын Елубай
Астана.

Осы айдарда

Back to top button