Астана туралы қанша ән бар?

Арқаның төріндегі, ерке Есілдің бойындағы сұлу қаланы өз шығармашылығына арқау етіп жүрген өнер адамдары жетерлік. Шынында да мұндай көркем қалада шалқар шабытты шақырмай қалай ғана жүресің. Қарап отырсақ, Астана бой көтерген он жеті жылдың ішінде ол туралы жүзден астам ән дүниеге келіп үлгеріпті.
Астананы қалай әнге қоссақ та жарасады. Өйткені, ол – қазақтың құтты қонысы. Тәуелсіздігіміздің –туындысы. Барша қазақстандықтар үшін аяулы мекен. Астана жайындағы жаңа әнді халық қашан да күтеді. Иә, Астана туралы әндер жоқ емес, бар. Олардың ішінде халыққа кеңінен танымал әндерді санамалайтын болсақ, ойымызға ең алдымен әнші әрі сазгер Марат Омаровтың «Арман қала -Астана» әні оралады екен. Бұл әнге бейнебаян да түсірілгені белгілі. Сондай ақ, өмірден ерте кеткен композитор Ержан Серікбаевтың «Астана кештері» әні де тыңдарман жүрегінен орын алды. Астана жайындағы әндердің қатарына «МұзАРТ» тобының орындап жүрген «Есіл ағады» әнін де қосуға болады. Бір ғана Алтынай Жорабаеваның қоржынында Астанаға арналған төрт бірдей ән бар екен. Астана тақырыбының әнші Алтынай Жорабаева шығармашылығынан берік орын алуы оның сахнадағы беделін нықтай түскендей көрінеді бізге. Сондай-ақ, ерлі-зайыпты әншілер Қанат пен Света Айтбаевтар да ақын Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған «Астана вальсін» орындап жүр. Астананы әнге қосқан шетелдік әншілер де баршылық. Мысалы, грузиялық ақын әрі сазгер Мераб Андроникашвилидің кезінде Астана туралы ән шығарғанын талай телеарналар шулап айтты да. Мераб Андроникашвили тек ән шығарып қана қойған жоқ, бейнеклип те түсірді.
– «Неге дәл осы қалаға арнап ән жаздың?» – деп менен бәрі сұрайды. Өйткені, өзім талай жерді шарлап, әр алуан елдердің астаналарын көрсем де, неге екенін білмеймін, Қазақстанның Астанасы менің назарымды ерекше тартты. Бұл қалаға бір көргеннен-ақ ғашық болдым, – депті Мераб Андроникашвили журналистерге берген сұхбатында.
Астана жайында өзбектердің «Ялла» тобының орындауындағы «О, Астана» әні де талай тыңдаушылардың көңілін жаулап алғаны белгілі. Сондай-ақ, ресейлік Дмитрий Маликовтың «Город любви и мечты» әні талғамы бар тыңдармандардың жоғары бағасын алған болатын. Әрине, Астананы көрген шетелдіктердің өзінің шабыты оянып, ән мен жырға арқау етіп жатса, ол – біз үшін тек қана мақтаныш.
Бір қуанарлығы, жыл сайын Астана жайындағы түрлі ән байқаулары мен жыр мүшәйлары өтіп жатады. Тек өткен жылы елорда күніне орай ұйымдастырылған жас орындаушылардың «Ән жүрегім — Астана!» атты республикалық байқауына еліміздің өңірлерінен Астана туралы 25 авторлық ән келіп түскен екен. Сол кезде ұйымдастырушылар байқау дүниеге келген небәрі төрт жылдың ішінде Астана жайында 100-ге жуық жаңа әннің жазылғанын сүйіншілеп айтқан-ды. Жүзге тарта ән дегеніміз, бұл үлкен олжа.
Десе де, көңілде ол қандай әндер, жақсы ән болса, неге осы уақытқа дейін халықтың жүрегіне жол таба алмай жүр, Астана туралы әдемі ән болса, неге әншілеріміз орындамайды деген сансыз сауалдардың да бас көтеретіні шындық. Шын жүректен шымырлап шыққан шынайы дүние Шәмшінің әндері секілді әр қазақтың құлағының құрышын қандырып, қанын тасытып, сезімін жаулап алуы керек қой. Соған қарағанда біздің композиторларымыз әндерді әлдебір байқау үшін, сый¬-сияпат алу үшін ғана жазатын секілді көрінетіні рас. Байқау өткеннен кейін қазылар алқасы жабылып мақтаған, жүлде алған шығармалар тартпаларда шаңға көміліп қала береді.
Осы орайда Астана жайында ән жазған композиторлардың арасында шығысқазақстандықтар бар ма екен деп, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына хабарласқан болатынбыз. Өкінішке қарай, ондағы мамандар ештеңе білмейміз дегеннен аспады. Сөйтіп, Қазақстандағы композиторлар одағының облыстағы филиалының төрайымы Светлана Апасоваға қоңырау шалдық.
Өзге композиторлар туралы айта алмаймын, ал өзімнің шығармашылығымда Астана туралы балаларға арналған бір ән бар. Ол «Астана көгіндегі кептерлер» деп аталады. Бүгінде сахнада орындалып жүр, – деді Светлана Борисовна.
Оның айтуынша, жалпы облыс бойынша сегіз ғана кәсіби композитор бар көрінеді. Ал қалғандары әуесқойлар.
Десе де әнсүйер қалың қауымның Астана жайындағы көңілдің нәзік пернесін дөп басатын, құлаққа сіңімді, сырлы әндерді күтетінін ұмытпаған жөн сияқты. Бұл орайда әннің сөзін жазарда ақындарымыздың да ойланғаны жөн деп ойлаймын.
Мейрамтай Иманғали