Аспан серісін асфальтта түлетіп отыр
Өткен күннің еншісіндегі қазақ танымында жүйрік ат, қыран бүркіт, сұлу жар, өткір кездік, берен мылтық, құмай тазы, қанды қақпаны болмаған азаматқа «ер» сөзін қоспапты. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан жаңа» демекші бүгінгі жігіт сұлтанына қойылар талап басқа…
Қыранды қолға қондыра алмай жүрміз
Ал кешегі күннің жеті қазынасының дені бүгінде алыс ауылдарда қалған. Қала жағалаған қазақ жігіттері сұлу жардан басқа алты қазынадан құралақан бүгінде. Ешкімді де кінәлай алмайсың! Қажеті болмағасын қайтсін енді. Бұл дәстүрімізден айырылып, ата жолынан адасып қалдық деген сөз емес. Аллаға шүкір, қала жағаласа да, қазақтың қасиетін қансыратпаған жігіттер жетерлік. Жүйрік ат десе жиғанын шашып, таза қанды тазы десе қолындағысын беретін қазақы танымдағы азаматтарымызды көріп те жүрміз. Бірақ қыран бүркіт жайында сөз қозғалса, кібіртіктеп қалатынымыз шындық.
Неге? «Алтайдың ақиығы», «Сауырдың сарысы», «Қобданың қарагері» «Нарынның сарысы» деп бабаларымыз әспеттеген текті құс бүгінгі қазақ ұрпағын менсінбей жүр ме, әлде жатырқап жүр ме?! Қалай десек те, мемлекеттік қолдаумен өткен бірнеше жердегі салбурындардан басқа, құс көтеріп, қансонарда жүрген қазақты көрмейсің. Қарта ойнап, ерігіп отырған шалдарға осыны айтсаң, «қарағым, зейнетақым наныма жетпей отырғанда, бүркіт не теңім», – деп әлдекімдерді жазғыра кететінін қайтесің?! Жоқ, олай емес, барлығы ниетте екен. Әлгі шалдардың уәжі бабаның дегдар өнеріне деген шөкімдей махаббатының жоқтығынан айтқан сылтауы ғана екен. Әйтпегенде құсбегілік деген киелі өнерді қаланың қақ ортасында да жалғастыруға болатынын білдік. Солай, аспан серісін асфальтта да баптауға болатынына көз жеткізіп қайттық.
Аңшылық – Архаттың ата кәсібі
«Өскемен қаласына қарасты Ахмер ауылында Арқат деген жігіт құс көтеріп жүр» деген әңгімені естіп елең еттік. Таныстардан байланыс телефонын сұрастыра бастадық. Таптық. Алып-ұшып айтылған мекенжайға да бардық.
Ауласындағы тұғырда жанарынан от шашып томағасыз қыран отыр. Архат Қамитжанов бұл құсты өзінің туған жері Тарбағатай тауынан ұстапты. Құстың аты «Алып» екен. Қолына қондырып басынан сипаған құсбегі бұл тірнек екенін айтып, жабық қораға қарай беттеді. Аңшының әңгімесіне құмартқан біз артынан ердік. «Бұл жерде «Ақбалақ» атты балапан отыр. Былтыр Қалбаның тауларынан ұстағанмын» дейді жайбарақат. Шыны керек, қит еткені тиынға тірелетін қаланың тірлігіне қарамай, оның үстіне, еттен басқаны тамақ деп білмейтін екі құсты қатар ұстайды деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Бізді екі құсты қалай асырап отырғаны қызықтырды.
– Екеуі күніне екі келі ет жейді. Базардағы еттің бағасын өздерің білесіңдер. Бұл жағы шынында қиындау. Бірақ осыған деген құмарлық бәріне шыдатады, – дейді бүркітші.
Ал қар түскесін, қос қыран ептеп өз нәпақаларын өздері табатын көрінеді. Бірақ соның өзінде әр ұстайтын аңға өзіндік ақысын төлейді. Айталық, аңшы бір қоян ұстау үшін жолдаманы аңшылар одағынан 1500 теңгеге сатып алатынын айтады. Тағы бір қиындығы алыс жолдарға алып жүру үшін бір бүркітке пойыздың бір купесін бірақ жалдауың керек. Мемлекеттен қолдау болмағасын, бұл, әрине ауыр тиетіні ақиқат. Оның үстіне, құсбегінің бұдан басқа істеп отырған жұмысы да жоқ.
Архат әр жолы қансонарға шыққанда, екі құсты кезек алып шығады екен. Бір қызығы, кейде аңға атпен шықса, кейде машинамен де шығады.
Қос қыранның тілін тауып отырған құсбегі Ақбалағын айрықша атады. «Бұл бап тілемейді, қазір тойғызып отырып аңға алып шықсаң, көзіне көрінгеніне түсе беретін, қанға тоймайтын қыранның нағыз қара тілі осы», деп балапанның басынан сипады. Жанарында жасын ойнап, иесінің қолында еркін отырған қыранға сүйсіне қарап біз тұрмыз. Әріптесім, ақын Дарын Нұрсапаровтың хайуанаттар бағындағы бүркітке арнап «Білмеймін, қызық табар одан қандай, бейне бір жер бетінен жоғалғандай. Торға әкеп тотыны емес, торғайды емес, қыранды қамап қою обал қандай?!» деп мұңаятын өлеңі есіме түсті. Бірақ тамағы тоқ ол бүркітке қарағанда, тілін түсінетін құсбегінің қолында отырған мына қырандар әлдеқайда бақытты көрінді көзімізге. Ақбалақты ұядан алу үшін Архат басын бәйге тігіп, құзар шыңның басына салған бүркіттің ұясына барған. «Жар басындағы жантақты жанынан безген түйе жейді» демекші, құз басындағы балапанды алу үшін де асқан шеберлік, қайтпайтын жүрек, жасымас жігер керек екені белгілі. Барлық қиындықтарға қарамай бабаның бағзы салтын тірілтіп, қос қыранды қала ортасында түлетіп отырған азаматты қалай мақтасақ та, қалай қолдау көрсетсек те артық емес сияқты.
Құсбегі қолдауға мұқтаж
Архат та жаңа ғасырдан бастап қалаға ағылған қазақтардың толқынымен ауылынан алыстаған. Кезінде туған жерінде жүріп талай қыранды түлеткен азамат қалаға келгесін тұрмыстың күйбеңімен жүріп, құстан біраз жыл қол үзіп қалыпты. Бірақ қанмен жалғасқан қасиетті өнер қалада тұрғанына қаратпай, соңғы екі жылдан бері құсты қайтадан қолына қондырған. Қанмен келген демекші, Архаттың өз жұрты да, нағашы жұрты да кезінде босағасынан қыран үзбеген қасиетті шаңырақтардан екен.
Қансонардан қанжығасы құр қайтпайтын Архаттың соңғы кезде әр жерде өтіп жатқан салбурындарға жолы түспей жүр. Тіпті, өз облысымызда жуырда ғана өткен Аягөздегі бауашарға әне-міне барам деп отырып, жолдан қалып қойыпты. Не болғанын ұқпай қалған құсбегіге жауапты мекемеден «ақша жоқ» деген жауап келген. Әйтпегенде, Архаттың қос бүркітінде олар талап ететін микрочип те, төлқұжат та, ветеринарлық анықтама да бар. Тек қыранын Аягөзге жеткізуге көмектері ғана қажет болатын. Амал қанша?!
Бір қарасаң, Архат құсты арабтың ханзадаларындай асып-тасып жатқан байлығынан, болмаса, керемет табыс табатын пайда көзі болғандықтан ұстап отырмағаны белгілі. Тек ұлттық құндылықты өлтірмеу үшін, қазақы қаны тамырында тулағандықтан ғана екі құсты ермек етіп отыр. Жергілікті билік орындарынан қолдау керек сияқты.
Бүгінде асыл тұқымды малға, болмаса бал тасыған араға мемлекеттен арнайы субсидия бөлінетіні баршаға аян. Ендеше, қыран да қазақтың қазынасы емес пе?! Алтын күнді қанатына арқалап, көк Туымызда көлбірей ұшқан қасиетті құсты да қастерлейтін күн жеткен сияқты. Тек биіктікті ұнататын, тілін тапсаң қас – дұшпанын жайратпай тынбайтын қыран мен қазақ қашаннан тағдырлас, егіз ұғым ғой!
Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ