Руханият

Ғашықтар күнінде күй тартты

Ғашықтар күнінде күй тартты

Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада қалалық жастар орталығының ұйымдастыруымен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күніне орай «Домбыра – PARTY» өткізілді.
Айта кетейік, «Домбыра – PARTY»-ға өз өнерлерін көрсетуге Өскемен қаласы әкімдігінің №16 және №45 орта мектептерінің оқушылары қатысты. Сонымен қатар, аталмыш шараға профессор А.Райымбергеновтің авторлық «Мұрагер» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастар да атсалысты.
Күй тартыста жастар «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» және «Ерке сылқым» күйлерін орындады.
«Домбыра – PARTY»-де Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр» атты күйін орындаған №45 орта мектебінің оқушысы Айзере Шынатова ерекше көзге түсті. Оның айтуынша, Дина Нұрпейісова бұл күйді 1937 жылы Алматыдағы көркемөнерпаздардың слетіне келген кезінде шығарыпты.
– Дина апамыз консерваториядағы білім алып жатқан жастарды көріп, олардың бақытты ұрпақ екенін көріп іштей сүйсініпті. Сол сәтте өзінің немересі Қоңырды еске алып, қазақтың бақытты балаларына арнап «Әсем қоңыр» күйін шығарған деседі, – дейді Айзере Шынатова.
Аталған шараны ұйымдастырушы қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Жадыра Серікованың айтуынша, негізгі мақсат – ұлттық өнерді дәріптеп, жасөспірімдерді жалпыұлттық патриотизм мен елжандылыққа тәрбиелеу екен.
– Біріншіден, осы шара арқылы балаларды ұлттық өнерімізді бағалауға, құрмет тұтуға шақырсақ дейміз. Екіншіден, мұндай домбыра патиге шығысқазақстандық кез келген азаматтың қатысып, өнерін ортаға салуға мүмкіндік бергіміз келді, – дейді Жадыра Серікова.
Кеш соңында осы күй тартысты өткізуге атсалысып, домбырашы жастарды дайындаған ұстаздар марапатталды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button