Мәдениет

Аштеманың суреттері алаштың тағдыры тарихынан сыр шертеді

Аштеманың суреттері алаштың тағдыры тарихынан сыр шертеді

Николай Аштема. Белгілі есім. Әсіресе, сурет қадірін түсінетін жұрт арасында Николай Аштеманың алар орны ерекше. Жазған картиналарында қазақы сарын, қазақы қанық бояу, қазақы стиль бірден көзге түседі. Қысқасы, қазақ елінің нағыз патриоты ол.

«Көшпенділер» трилогиясын үш күнде оқып шыққан

Аштеманың суреттері алаштың тағдыры тарихынан сыр шертеді

Белгілі суретшінің шеберханасы Өскемендегі бұрынғы суретшілер үйінде орналасқан екен. Аядай ғана бөлмеде орта бойлы, шымыр денелі суретші үлкен полотнодағы суретті еппен ғана бояп отыр. Шабыт үстінде болса керек, есіктің сықырлап ашылғанына да мән берген жоқ. Отыра бер дегендей, қолындағы қылқаламымен төрде тұрған орындықты нұсқады. Шеберхана ішін көзбен бір шолып шықтым. Қабырғада майлы бояумен, акварельмен жазылған этюдтер ілініп тұр. Сөрелері ескі кітаптарға лық толы. Үстінгі жақты – гипстен жасалған шағын мүсіндер. Кенепке салған картиналарын ұқыппен жинастырғанның өзінде бөлменің жартысын алып тұр. Мөлшермен жүзден астам жұмыс бар ғой деймін. Көзім жерде жатқан гантельдерге, ілулі тұрған грушаға түсті. Демек, жасы жетпістен асқан Николай Аштема спорттан да құр алақан емес.
Николай Павлович картинасындағы жаңа боялған тұсқа көзін сығырайта бір қарады да, күміс түстес шашын саусақтарымен салалай тарап барып орындыққа жайғасты. Жазып жатқан картинасы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өтетін көрмеге арналыпты. Керемет композиция. Арыстан баба кесенесінің алдында ақ киізге көтеріп хан сайлап жатқан халық. Айналасында қолдарына найза ұстап, атқа мінген батырлар. Бір шетінде абыз ақсақалдар байыппен ақ киіздің үстіндегі ханға қарап тұр. Полотнода суретші қарапайым халықты да бейнелеген. Халық алдында қобыз тартып Қорқыт ата отыр. Суретші қазақтардың киген киімдеріндегі әр оюды зерттеп, зерделеп барып бейнелеген. Суретшінің ой ұшқырлығы, шеберлігі, қазақтың тарихына деген сүйіспеншілігі осы картинадан-ақ байқалды.

Аштеманың суреттері алаштың тағдыры тарихынан сыр шертеді

– Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өтетін көрмеге дайындалып жатырмын. Бұйырса көрмеге сериялық алты картина ұсынамын, – дейді суретші алдағы жоспарымен бөлісіп.
Мерейтойға орай салған басқа палатноларын жиналып тұрған жерінен алып шығып, әрбір картина туралы сипаттап айтты. Тың игеру қазақ жерінде болғандықтан картинасында әр ұлттың егістік басындағы еңбегі бейнеленген. Сонымен қатар, «Наурыз мейрамы», «Жеңіске жеткендермен кездесу», «Мәңгілік өмір» атты картиналарын көрмеге ұсынбақ. Николай Аштема ұлттық ою-өрнектерді қолдана отырып қиын композициялар жасағанды ұнатады. Көрмеге қойылатын сериялық алты картинаны бір жылдың ішінде жазып шыққан. Бұдан өзге сериялық «Қыз Жібек пен Төлеген» атты екі картинасы бар. Бірінде екеуінің қоштасуы бейнеленсе, екіншісінде Бекежанның қолынан қаза болған Төлегеннің құлап бара жатқанын көрсеткен. Былтыр Абайдың 170 жылдығына орай ақынның балалық шағынан кемеңгерлік шағына дейінгі жазылған бірнеше картинаны көрмеге қойса, оның алдындағы жылы жазушы Оралхан Бөкейдің 70 жылдығына арналған көрмеде бас жүлдені қанжығасына басқан болатын.
– Катонқарағайда жол бойында зират көп екен. Әр зираттың жанынан өткен сайын мұсылмандар қол жайып, бабалар рухына тағзым етіп өтеді екен. Сол сапардан келгеннен кейін «Бабалармен кездесу» атты мынау картинам дүниеге келді, – деп картинаны кері айналдырып мольбертке орналастырды.
Картинада суретші қас қарайып бара жатқан уақытты көрсеткен. Ағаштан жасалған зираттардың қасында тұрған адам. Жетегінде мініс аты бар. Әсерлі сурет. Мұндай сериялық суреттердің бірнешеуін алып шығып көрсетті.
– Өзім білетін қазақтың тарихын, салт-дәстүрін полотноға түсіру – мен үшін міндет. Ұлттық ою-өрнектер жазған картинаны аша түседі. Шабытқа шабыт қосады. Бір сөзбен айтқанда қазақ жерінде тұрып, суретші болмау мүмкін емес, – дейді суретші әңгімесінде.
Николай Аштема бірде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын сатып алып, бас алмай үш күн ішінде оқып шығады. Суретші бұл кітаптан қорытқан ойын қағаз бетіне түсіреді. Содан бастап қазақтың тарихына назары ауып, жан-жақты зерттеп, кенеп бетіне түсіре бастайды. Әрбір тарихи картинаны бастамас бұрын сол туралы оқып, біліп алу да суретшінің тарихи сауаттылығын айшықтайды. Бірақ суретші салған суреттерін сатып нәпақа таппайды. Егер тапсырыс түсіп жатса, қол қусырып қалмасы анық. Дегенмен, суретшінің айтуынша, картинаға тапсырыс берушілер де, картина сатып алушылар да некен-саяқ. Николай Аштема екі жыл бұрын Үрімшіде өткен жәрмеңкеде ғана еңбектерін сатып, қомақты қаржыға кенеліпті.

Еңбек жолын қаржыгер болып бастапты

Аштеманың суреттері алаштың тағдыры тарихынан сыр шертеді

Кәсіби суретшінің Қазақстанда тұрып жатқанына қырық жыл болды. Украинада туған ол әскер қатарынан кейін Өзбекстанда салық инспекторы болып қызмет етеді. Бір жылдан кейін жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен көзге түскен Николай Аштема басшы болып тағайындалады. Айлығы 80 сомнан 120 сомға көтеріледі. Оның үстіне басшылар баспанамен қамтуға уәде береді. Бірақ қаржыгер мамандығын оқуы керек болады. Оқыды да. Албырт жастың ендігі арманы көлікке қол жеткізу, жаңа тоңазтқыш алу еді. Жоқшылық қолбайлау. Сөйтіп жүргенде бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы болады. Айлығы – 300 сом. Тапқан-таянғанын жинап, бір жылдан кейін арманына қол жеткізеді.
Күндердің күнінде Юрий Лебедев есімді кәсіби суретшіні кездестіріп, өзінің салған суреттерін көрсетеді. Н. Аштеманың суретке деген ыңғайын байқап, өзіне жұмысқа шақырды. Қаржыгердің жұмысы жалықтырғандықтан ба, әлде бейнелеу өнеріне деген аңсары ауғандықтан ба, ұсынысын құп алады. 1989 жылдан бастап шығармашылық жолына түсіп, әртүрлі жанрда картиналар жаза бастайды. Көптеген көрмелерге қатысады.
Сол жылдары ата-енесі Украинадан Алматыға көшіп келіп, оларды да сол жаққа шақырып алады. Жас суретші қаржы саласынан алыстап кетсе де, ойдағыдай қаржы тауып жүреді. Бірде Алматыда өткен көрмеде студент қызбен танысып, сурет училищесіне оқуға түседі. Ол кезде Н. Аштема орда бұзар жасқа келіп қалған. Үш баласы бар. Бірақ оқуын ойдағыдай аяқтайды. Алайда, өнер ордасы – Алматыдан көшуге бел байлайды. Оның үстіне ауа райы да ұнамайды. Сөйтіп, достарының шақыруымен Өскеменге келіп тұрақтайды. Өмірін бейнелеу өнеріне арнаған Николай Павлович мүсін жасаумен де айналысқан. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Өскемендегі суретшілер үйі де тарайды. Ал Николай Аштема бір бөлмеге ие болып қалған.
– Мен жаныма жақын жұмыс таптым. Отыз бес жыл болды суретшілер студиясына жетекшілік етіп келемін. Көптеген шәкірттер тәрбиеледім. Өзім балаларды үйрете отырып, өзім де үйреніп жүрмін, – деді суретші қылқаламын қайта қолына алып.
Жетпістің үшіне келген Николай Аштема кейде қылқаламын ысырып қойып, спортпен де айналысады. Шеберханасында гантель көтеріп, груша ұрады. Бұрындары арнайы спорт залда жаттықса, қазір уақытты үнемдеу үшін шеберханасында жаттыға береді. Спортшы, әрі суретші ақсақалдың таңғажайып картиналарын қараша айында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өтетін көрмеде тамашалайтын боламыз.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button