Білім

Асхана емес, мейрамхана дерсіз

-Сондай әдемі, әсіресе төбесі! Айнадай жарқырап тұр! Асханада емес, мейрамханада отырған сияқтымыз, – дейді №37 мектептің оқушылары жаңғыртылған асханаға кірген бойда. Шынында да, түрлі-түсті жолақпен боялған қабырғалары, тірек бағаналарының ағаш шарбақпен көмкеріліп, ар жағында дала гүлдері өсіп тұрғандай безендірілуі, түрлі-түсті үстелдер мен орындықтары асханаға кірген баланың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, тәбетін де ашары даусыз.

 

Оған бірінші күні-ақ куә болдық. Сабақ баяғыда аяқталғанына қармастан, асханада балалардың қарасы көп. Бірі тәтті тоқаштар алып жатса, енді бірі буға піскен котлет жеп отыр.

-Ең бастысы – оқушыларды пайдалы тағаммен тамақтандыруымыз керек. Біздің Татьяна есімді технологымыз бар, ас мәзірінің дәмді әрі пайдалы болуына жауап береді, – дейді асхананы жалға алған жеке кәсіпкер Яна Родякина , – әрине, майға қуырылған бәліш пен котлетке үйренген балаларға буға, пешке пісірілген тамақтар басында дәмсіз болып көріне ме деп ойлаған едік. Жоқ, балалар бірден сүйсініп жеді. Ертеңнен бастап кешенді тағамдар әзірлейміз. Оған сорпа, қою тамақ, салат және сусын кіреді.

Кәсіпкердің айтысына қарағанда, асхана қызметкерлері 7 сыныпқа дейінгі балалар үшін кешенді ас мәзіріне кіретін тағамдардан дастархан жайып қояды. Негізінен майсыз, буға бөктірілген, пеште пісірілген тағамдар ұсынылады. Көкөніс пен жеміс мол болмақ. Сонымен қатар өте дәмді тоқаштарды, бәліштерді де аспаздар осы жерде пісіреді. Ал ересек оқушылар тағамды өз еріктерімен таңдап алып, қалаған жеріне отырады. Асхана залының әр бұрышын Яна Игорьевна өз талғамына сай, өз қолымен безендіріпті.

-Менің балаларым да осы білім ошағында оқиды, сондықтан мен үшін бұл өте маңызды. 9-сыныпта оқитын ұлымнан «асхана қалай екен?» деп сұрасам, «мама, бұл асхана емес, мейрамхана ғой» дегені. Әсіресе, жұмсақ диван қойылған бұрыштар олардың сүйікті орнына айналатын сияқты, – дейді кәсіпкер.

Мұхтар Әуезов атындағы №17 орта мектептің асханасы да көздің жауын алады. Жеке кәсіпкер Ирина Гуслякова облыс орталығындағы он мектептің асханасын жаңғыртуды өз міндетіне алған екен. Сөзіне қарағанда, бұдан басқа 30, 4, 34, 26, 27, 42, 11, 16, 36 мектептерінің де асханалары бір дизайнерлік үлгіде безендірілген. Назарбаев зияткерлік мектебіне ұқсатып, түрлі-түсті орындық, үстелмен жабдықтапты. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, осы жобаға 300 миллион теңгеден астам қаражат құйыпты. Асхананың кәріз желісі, электр желісі жаңартылып, құзырлы орындардың рұқсаты алынған. Өрт қауіпсіздігі  шараларының барлығы қарастырылыпты. Ас бөлмесіндегі құрал-жабдықтар, ыдыс жуатын кешен түгел ауыстырылған, ыдыс-аяқтар да су жаңа.

Ал ата-аналар болса асханада бұрынғы аспаздар бригадасының қалғанына қуанышты екендерін айтады.

-Біз үшін балаларымыздың пайдалы әрі дәмі тіл үйірер тағаммен тамақтануы маңызды. Оның үстіне бұл жерде әр баланың қалауын орындауға тырысады. Мысалы, менің қызым үнемі өзінің сүйіп жейтін тамағын сұрайды  екен және аспаздар ешқашан қарсылық білдірмепті, – дейді 3-сынып оқушысы Таиса Иванованың анасы.

-Әрине, біз олардың қалаған асын әзірлеуге тырысамыз. Әсіресе бастауыш сыныптың балалары міндетті түрде ботқа сұрайды. Қалалық білім бөлімі бекіткен ас мәзірінде ботқа жоқ, бірақ біз бұл туралы әлі де ақылдасамыз, – деп сөзге араласты асхананың менеджері Тина Омаровна.

Аспаздар болса тартылған ет салынған бәліш, тәтті тоқаштың түр-түрін сөрелерге қойып жатыр. Ыстық пештен шыққан өнімдердің мүңкіген иісі мұрын жарады. Дәмін де татып көрдік. Анамның пісіретін тоқаштарының тіл үйірер дәмінен аумайды екен!

Тина Омаровна асхананың кешкі сегізге дейін ашық болатынын, осы маңайда тұратын балалар сабақтан кейін де ойын арасында кіріп, жүрек жалғап алуына жағдай жасалғанын бізге ескертіп жатыр.

 Эстетикалық талғамға сай асхана 

№46 орта мектептің оқушылары жаңа оқу жылында жағымды өзгерістердің куәсі болды. Ең алдымен балаларды ұлттық нақышта безендірілген мектеп асханасы қуантқаны сөзсіз.

Мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаеваның айтуынша, жеке кәсіпкер Сайран Шегеева  осы мектеппен ашылғалы бері жұмыс істеп келеді.

-Келісімшарттағы талаптардың бәрі толық орындалды. Бұған қоса асхананың дизайнына, безендірілуіне ерекше мән берді. Оюлы шымылдықтарды Алматы қаласынан тапсырыспен алғызды,- деп бастырмалатып жатыр Гүлфарида Базарқызы.

Шынында да, 360 орындық залдың бір жақ қабырғасына тұтастай Катонқарағайдың әсем табиғаты бейнеленіпті. Айтысына қарағанда, Берел жақтың көрінісі, буырқанып аққан Бұқтырма.  Басқа қабырғаларға да ұлттық реңктегі суреттер салынған. Бөлменің ішіндегі тірек бағаналарының төменгі жағын суреттегі тастарға ұқсайтын плиткалармен көмкеріпті.  Жоғарғы жағы қыштан жасалған, шығыс өрнегі салынған тарелкалармен безендірілген. Бұл өзгерістердің барлығы балалардың эстетикалық талғамын арттырып, әсемдікті байқап, бағалай білуге тәрбиелейтіні сөзсіз. Асхананың жанынан су ішетін субұрқақ ойластырылыпты. Бұл үзіліс кезінде балалардың жүгіріп келіп, шөлін басуға ыңғайлы.

Жалпы бұл  мектеп жаңа,  пайдалануға берілгеніне төрт жыл ғана болған. Соған қарамастан кәсіпкер жаңадан камыр илейтін қондырғы, көкөніс үккіш пен пеш алған. Ет цехы мен көкөніс цехы, жаңа тоңазытқыштар да дайын тұр.

Балалардың ас мәзіріне келсек, ол үшін технолог пен аспаз жауапты. Тағамның түрлері көрнекі жерде ілінгенімен қоса, жоғарғы жақта жүгірме жолда көрсетіліп тұрады. Ал балалар асханада бұрыннан алты кісіге арналған шағын үстелдерде тамақтанып келеді. Ол жиһаздардың да әлі сыны кетпеген, ыдыс-аяқтары да жаңа.Үлкен залдың бос қалған бір бұрышына жұмсақ жиһаз қойып, демалыс орнына айналдырыпты. Туған күн иелері немесе басқа да қуанышта осы жерде шағын топпен жиналып, атап өтуге болады.

Мердігер уәдесінде тұрды

Біз бұған дейін асханасында  жөндеу жұмыстары бітпей жатқан  үш мектеп туралы жазған едік. Үшеуін де павлодарлық кәсіпкер Валерий Барщук жалға алған болатын. Абырой болғанда, мердігер уәдесінде тұрып, жөндеу жұмыстарын әупірімдеп бітіріпті. Әрине, жоғарыда мысалға келтірген асханалардағыдай әсемдікті байқамасақ та, ең бастысы – балаларға дер кезінде тамақ беріліп жатыр екен.

Осы мектепте мұғалім болып істейтін Айгүл Оралханқызының Әмина және Әлмира есімді егіз немересі биыл бірінші сыныптың есігін ашыпты. 5-сыныпта оқитын немересі Айданамен төртеуі бір үстел басында түстеніп отыр.

-Тағам өте дәмді, әрі бағасы да қолжетімді, 350 теңге. Меніңше, бұл бағаны кез келген отбасының қалтасы көтереді , – дейді әжелері.

Кәсіпкердің айтуынша, осылардың ішінде №3 мектептің асханасын жартылай безендіріп те үлгеріпті. Әлі де дизайн жағынан көркемдеу болады. Кіре беріс есіктерін, қол жуғыштарды ауыстыру ойластырылыпты. Кәсіпкер ас бөлмесін жаңа құрал-жабдықтармен, ыдыс-аяқпен толық жабдықтапты. Келешекте тамақты балалардың өздері барып алатындай кешенді құралмен қамтамасыз ету қарастырылған. Шындығында, барлық жабдықтардың ішінде ең қымбаты – осы кешен. Ресейден сатып алыпты, жолда келе жатқан көрінеді.

-№9 мектептің асханасына пластик терезелер салуды күзгі каникул кезіне қалдырдық. Ол жердегі асханалық құрал-жабдықтарды, ыдыс-аяқтарды  түгелдей жаңаладық. Бүгін бастауыш сынып оқушылары мен шағын орталықтың балаларына қызмет көрсетілді. Нан-тоқаш өнімдерін өзіміздің аспаздар пісірді. Қазір №3 мектептің технологы Айгүл Заирқызы ас мәзірін әзірлеп, тиісті орындармен келіссөз жүргізіп жатыр, – деп түсіндірді Виталий Барщук.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Айтпаева мектеп асханаларындағы кешенді ас мәзірінің бағасы 350 теңге болып бекітілгені туралы әлеуметтік желіде жазған еді.

-Бұл бағаға сорпа, қою тамақ, салат және тоқаш кіреді. Ас мәзірін жасауға диетологтар мен тамақтану технологтары атсалысты, стандарттар грамм бойынша есептелді. Біздің асханалар санитарлық нормалардың сақталуына үнемі тексеріліп тұрады, қорғаншылық кеңестері мен басқа да әртүрлі комиссиялар тексереді, – дейді бөлім басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, биыл «Nur Otan» партиясының қолдауымен республика көлемінде мектеп асханаларын жаңғырту жобасы қолға алынған болатын. Облыс орталығындағы 44 білім ошағының 35-і  осы жобаға енді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button