Жаңалықтар

Асфальттың алты сантиметрі қайда?

Өскеменге кіреберістегі айналмалы жолдың қалыңдығы жоспардағыдан екі есе жұқа төселіп жатыр. Жоспарға сәйкес жол төсемінің қалыңдығы 12 сантиметрді құрауы тиіс болса, факт бойынша 6 сантиметрді ғана құраған.

Бұл қылмыс «Сапалы жол» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен Ұлттық жол активтері сапасы орталығының өкілдерінің бірлесіп өткізген рейді кезінде анықталды.

– Жолдарды жөндеу және салу кезіндегі мұндай кемшіліктер жол сапасына кері әсер етеді. Бірінші кезекте, мердігер ұйымдар жол төсемінің пайдалану мерзімі құрылыс сапасына байланысты екенін түсінуі тиіс, – деп атап өтті облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Ренат Нәбиев.

Зертханалық зерттеулердің қорытындысы шыққаннан кейін мердігер барлық кемшіліктерді жоюға тиіс.

Департамент мамандарының ақпараты бойынша, жыл басынан талдау үшін сынама алу арқылы 61 іс-шара өткізілген. Нәтижесінде 31 жағдайда бұзушылықтар анықталды. Яғни, әрбір екінші жөндеу немесе жол құрылысы жұмыстарында әртүрлі бұзушылықтар орын алған.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button